Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл, Аманжан Жамалов және Сапархан Омаров бүгін Деркөл кенті аумағында орналасқан «Жайық ет» ЖШС жұмысымен танысты.
«Жайық ет» кәсіпорнының негізі 2003 жылы бұрынғы Орал ет комбинаты базасында қаланған. 2009 жылы мұнда өндірістің көлемді жаңғырту жұмыстары басталған, ол 2013 жылы аяқталған. Қазіргі таңда кәсіпорын ет пен шұжықтың жүзден астам түрін және қалбырдағы өнімдерді шығарады.
Кәсіпорын басшысы Темірғали Ескендіровтің айтуынша, 2017 жылдың 6 желтоқсанында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында жаңа өндірістік кешен іске қосылып, жылына 7 мың тонна құс етін өндіруде. Қазіргі таңда жоба толық қуатында жұмыс істеп тұр. Құны 3,5 млрд теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыру аясында 185 тұрақты жұмыс орны ашылған. Кәсіпорынның бордақылау алаңдары Зеленов ауданына қарасты Щапов ауылында орналасқан.
Айта кету керек, Еуропадағы Hantmann, LasKalo, Pek Mont сынды белгілі зауыттардан жеткізілген жабдықтардың арқасында өндіріс кешені толықтай автоматтандырылған.
- Қазір елімізде орташа есеппен бір адам жылына 17 келі құс етін тұтынады. Егер салыстыралы түрде алып қарасақ, Ресейде бір адамның құс етіне деген қажеттілігі - 25 келі. Құс етіне сұраныс жыл санап артып келеді. Біз өнімдерімізді ең алдымен, жергілікті тұтынушыларға ұсынамыз. Өнімдеріміз базарлар мен ірі сауда орындарында сатылады. Көршілес Атырау және Ақтөбе облыстарына да жөнелтеміз. Жақында құс етін Маңғыстау облысына шығара бастадық. Жергілікті нарықты мұздатылған, сапалы, қолжетімді құс етімен қамтамасыз еткіміз келеді,-дейді Темірғали Қаратайұлы.
«Жайық ет» кәсіпорнының құс етін терең өңдейтін жаңа өндірістік кешенінің жұмысымен танысқан Мәжіліс депутаттарының айтуынша, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуді басымдыққа алып отырған аталмыш жобаның болашағы зор.
- Ауыл шаруашылығы мемлекет пен барлық қаржы институттары тарапынан жан-жақты қолдауды қажет ететін сала. Мемлекет пен Үкімет ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді шараларды атқарып жатыр. Былтыр ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Сол көмектің арқасында елімізде өндіріс орындары көптеп ашылуда. Елбасы шикізат өндірумен шектеліп қалмай, терең өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Осы орайда «Жайық ет» кәсіпорны сияқты заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орындарын дамытып, айналасына шағын және орта шаруа қожалықтарын біріктіре алсақ, ұтылмасымыз анық,-дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сапархан Омаров.
Халық қалаулыларының жұмыс сапарының мақсаты – жергілікті жерлерде Елбасының Жолдауларын, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» халыққа түсіндіріп, олардың жүзеге асу барысын бақылау.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»
Сурет: Темірболат Тоқмамбет