Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов және Аветик Амирханян облыстық “Nur Otan” партиясы жанынан құрылған өңірлік даму бойынша қоғамдық кеңесі мүшелерімен бірлесіп, “Батыс Су Арнасы” ЖШС ұжымымен кездесті.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен бірге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
«Батыс су арнасы» ЖШС – сумен жабдықтау және ағынды суларды бұру қызметін ұсынатын монополист кәсіпорындардың аймақтық тізіліміне енгізілген Орал қаласы үшін орталықтандырылған сумен жабдықтаудың жалғыз көзі болып табылады.
“Батыс Су Арнасы” ЖШС ұйымы “Водоканал” кәсіпорны құрылғаннан бастап, яғни 1962 жылы ашылған. Осы жылдары қайта құруға және кәсіпорын атауының өзгеруіне байланысты “Батыс Су Арнасы” болып өзгертілді.
Серіктестікте 800-ден астам қызметкерлер жұмыс істейді. Аталған мекеме басшысының айтуынша, “Батыс Су Арнасы” ЖШС ұйымының жұмысы жұмыс берушімен әлеуметтік әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес жұмыскерлерге бірқатар әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпорында еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасына баса назар аударылады. Өткен жылдың ақпаратына сүйенсек, 600-ден астам адам арнайы оқытылып, куәліктерге ие болған.
Кездесу барысында аталған ұжым қызметкерлерін мазалаған мәселелермен танысты. Мәлім болғандай, еңбек ұжымының көкейкесті мәселелері ретінде жалақының төмендігі, міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері айтылды.
«Батыс су арнасы» ЖШС құрылтайшысы өкілдерінің айтуынша, жалақы тарифке тәуелді. Кәсіпорын әкімшілігі жалақыны көтеруді жоспарлауда. Осы мақсатта тарифті көтеру бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетіне ұсыныс жіберілген. Алайда, еліміздегі соңғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты 180 күнге мораторий жарияланғаны баршамызға белгілі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов пен Аветик Амирханян ұжым қызметкерлерін атқарылған жұмыстармен таныстыра отырып, саладағы кейбір мәселелерді әріптестерімен бірлесіп шешуге дайын екендерін жеткізді.
Облысқа іссапармен келген халық қалаулылары «Батыс су арнасы» ЖШС ұжымының жұмысына жоғары баға берді.
«Су – тіршілік көзі екендігі баршамызға белгілі, сондықтан осы салада, коммуналдық шаруашылық саласында қызмет атқаратын жұмысшыларға қажетті жағдай жасалуы керек. Біздер, өз тарапымыздан, бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелердің оң шешілуіне септігімізді тигізуге әрдайым дайынбыз. Ұсыныс-пікірлеріңізді Мәжіліс отырыстарында көтеріп, әрі қарай жұмыстанатын боламыз», – деді Аветик Амирханян.
Кездесуде коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің мәртебесі туралы, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етіп отырған техникалық инспекторларды қаржылық тұрғыдан ынталандыру мәселесі және қызметкерлердің тұрғын үй кезегіне тұрып, баспана алу шараларын оңтайландырып немесе жеңілдіктерді қарастыру ұсыныстары да айтылды.
"Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту қазіргі таңда ең басты мәседе болып отыр. Бұған, әрине, қаңтарда өткен оқиғалар дәлел. Жалпы бүгінгі күні депутаттардың қызметі әлеуметтік-еңбек қатынастарын күшейтуге, кешегі өткен Мемлекет басшысының сұхбатында атап өткендей, "мемлекет халық үшін" қағидасын ілгерілетуге бағытталған. Осыған орай жаңа жобалар іске қосылуда. Сондықтан баршамыз да бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жиырма бірінші ғасырдың үшінші онжылдығының тарихын бірге құрайық», – деді Аманжан Жамалов.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары кездесуді қорытындылай келе, қызметкерлерге арналған жұмыс жағдайын тексеріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
"Nur Otan" партиясы БҚО филиалының баспасөз қызметі