Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов келді.
Мәжіліс депутаты алдымен университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтановпен және «Amanat» партиясының БҚАТУ-дағы бастауыш партия ұйымының төрағасы Берік Хұсайыновпен бірге жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Депутат «Ихтиология және аквакультура зертханасында», «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми өндірістік орталығында және «Жәңгір хан» спорт кешенінде болды. Бұдан соң мәжілісмен институт директорларымен кездесті.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов оқу орнындағы «Жәрдем-вет» оқу-ғылыми өндірістік орталығында маңызды жұмыстар жасалып жатқанын, алайда оның материалдық-техникалық базасын жақсарту қажеттігіне назар аударды.
– Иттерді чиптеу, зарарсыздандыру – бұл өзекті мәселе. Оралда осындай жұмыстардың жасалып жатқанын құптаймын. Әрине, мұндай іс-шараларға қаржылай қолдау қажет. Бұған көмектесуге дайынмын, – деді Аманжан Мәкәрімұлы.
Сонымен қатар спорттық кешен мен стадиондарды аралаған депутат түрлі халықаралық деңгейдегі спорттық додаларда топ жарып жүрген білім алушылардың жетістігінен хабардар болды.
Кездесу барысында институт басшылары ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, сауалдарын жолдады. «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру» институтының директоры Жанар Ержанова: – Бізде 3-курс студенттерін кәсіпкерлікке бағыттау мақсатында арнайы оқытылып, нәтижесінде олар түрлі бизнес жоспарлар жазады. Әрине, бірен-саран жобалар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының байқауларына қатысып, гранттық қаржыландыруға ие болды. Дейтұрғанмен, мұндай байқаулардың талаптарына білім алушылардың жағдайы сәйкес келе бермейді. Сондықтан осындай кәсіпкерлікке бейім жастардың жобаларын қолдау бағытында студенттерге арналған пилоттық жобалар жүзеге асырылса деген ұсынымыз бар, – деді. Депутат мұндай бизнес-жобаларды бір жинаққа топтастыру жөнінде кеңес берді.
Ал «Агротехнология институтының» директоры Марат Оңаев: – Ауыл шаруашылығы мамандарының жағдайына көңіл бөлінсе, арнайы бағдарлама жасақталса, бұл салаға жастар да қызығушылық танытар еді, – деген ойымен бөлісті.
БҚАТУ медиа орталығы