14.11.2024, 15:00
Оқылды: 35

Мәжілісте «Келешек» білім беру бағдарламасын енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт, нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады, - деп жазады Мәжілістің Баспасөз қызметі.

e1439a20-2c10-4a07-8085-9027b9aff2c5

Фото: t.me/mazhilis_kz

Кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобасы жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады. Ол түзетулер Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығына сәйкес әзірленгенін және үш үлкен бағытты қамтитынын айтты.

  – Заң жобасы министрліктің құзыретін заңнамалық тұрғыдан шамадан тыс реттеу мәселесін шешеді. Атап айтқанда, бұрын заңнамаға сілтенетін министрліктің мойнындағы төл міндеттерді, соның ішінде ішкі процедураларға және басқа мемлекеттік органдармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты нормалар енді министрліктің ережесімен реттелетін болады. Сонымен қатар заң жобасы креативті өндірісті қолдаудың нақты шараларын көздейтін мемлекеттік саясатты анықтайтын өзгерістерді ұсынады,  – деді министр.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Құдайберген Бексұлтанов заң жобасында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің қызметін құқықтық тұрғыда реттейтін нормалар көзделгенін атап өтті. Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатымен дайындалған жүйе ата-аналарға балаларының білім алуына капитал қалыптастыру үшін қаржылық қолдау көрсетуге арналған. «Келешек» жүйесі ата-аналарға мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктен шот ашуға мүмкіндік береді. 5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бюджеттен 60 АЕК, жетім балаларға 120 АЕК мөлшерінде біржолғы бастапқы білім беру капиталын төлейді.

Ата-аналар баланың шотына жыл сайынғы ең төменгі жарнаны салып отыруы қажет. Оның көлемі әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін – 12 АЕК және қалғандарына – 24 АЕК. Бұл ретте салымдарға мемлекеттік сыйлықақы қосылады, ол инфляцияны ескере отырып, жинақтың өсуіне ықпал етеді. Жинақ барлық бала үшін 5 пайыз, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз.

Қаражатты шетелде оқуға да пайдалануға, білім беру грантын иеленген жағдайда басқа білім деңгейін алуға, тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Егер жыл сайынғы жарна талаптары орындалмаса, салымшы келісімшартты бұзса, бала азаматтығын ауыстырса, мемлекеттен бөлінген бастапқы капитал бюджетке қайтарылады.

Бұдан соң Мәжіліс дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов заң жобасын қабылдаудың мақсаты – дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшін ең төменгі жасты белгілеу, аккредиттелген спорт федерацияларының мәртебесін республикалық және өңірлік федерациялардан ұлттық федерацияларға өзгерту, басым спорт түрлерін қаржыландыру және спорт түрлерін саралау жүйесін алып тастау екенін атап өтті. Сондай-ақ түзетулер аясында жоғары жетістіктер спорты деген түсінік еніп, оған кіретін спорт түрлері нақтыланды. Бұл – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпия, Азия және Параазия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері мен ұлттық спорт түрлері.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Нартай Сәрсенғалиев түзетулерде спорттық медицинаны дамытуға, спортшыларды даярлау стандарттарын әзірлеуге және бекітуге, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбауға бағытталған нормалар көзделгенін айтты.

– Легионерлерге мемлекеттің бюджетінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуді тоқтату туралы норма қабылданды. Оған қоса, бюджет қаржысының нақты қайда жұмсалуы керектігі айқын жазылды. Ерекше жандарға көрсетілетін ерекше көмек «спортшыны алып жүретін адам» түсінігімен заңға енгізіліп, оның шығындарын өтеу жолы да нақтыланды, – деді депутат қосымша баяндамасында.

Жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Михаил Михайлович Бортниктің өкілеттігін 2024 жылғы 7 қарашадан бастап мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданды.

Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Оның ішінде 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға енгізілетін өзгерістер, креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері туралы, архив ісі мәселелері туралы, Қазақстан мен Азия Даму Банкі және Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімдерді ратификациялау туралы түзетулер бар.

 Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 12 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-каналында жарияланды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале