Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғани Ташқараев шалғайдағы елді мекендерде тұратын мүгедек адамдарға қатысты құжаттарды рәсімдеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Толғандырып отырған мәселелердің бірі мүгедектікті белгілеу, оны қайта рәсімдеу және балалар үшін мүгедектікті қайта қарау мерзімін ұзартуға қатысты. Бұл мүгедектер үшін күрделі мәселелердің бірі, өйткені мүгедектікті белгілеу - белгілі бір уақытты ғана емес, сонымен қатар көптеген құжаттарды жинауды және тапсыруды талап ететіні өте күрделі. Қағазбастылықпен қатар, медициналық-әлеуметтік сараптаманы талап етеді. Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша республикада 696 825 мүгедек бар. Оның ішінде 85 пайызы ересектер және 14 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл адамдардың өз бетінше көп құжат жинауы өте қиын. Бұл әсіресе ауыл тұрғындарына қатысты», - деді Ғ. Ташқараев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның атуынша, мүгедектікті алу мерзімі орта есеппен 2 айдан бір жылға дейін созылады.
«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша 2021 жылы сотқа 102 талап-арыз беріліп, қаралды. Оның ішінде 77 (75,5%) іс бойынша талап-арыздар қанағаттандырудан бас тартылды және 25 іс бойынша арызданушылардың талаптары қанағаттандырылды. Мүгедектікті танудың қолданыстағы тетігімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Мүгедектердің пікірінше, қайта сараптамадан өту мәселелері мүлдем ақылға сыймайды және көп жағдайда осы мәселелермен айналысуға уәкілетті органдар мен мамандардың әрекетіне наразылық туғызады», - деді депутат.
Баяндалғанның негізінде, келесі сұрақтар бойынша ақпарат беру туралы сұрау жасалды:
1.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мүгедектікті белгілеу рәсімін оңайлату жөніндегі тапсырмасының уақытылы орындалмауының себептері қандай? Осы тапсырманы іске асыру бойынша қандай шаралар қабылданды?
2. Ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін медициналық растауды өту рәсімін оңайлату бойынша қандай жұмыстар жүргізілді? Тасымалдауға келмейтін адамдарды, сондай-ақ шалғайдағы елді мекендерде тұратын мүгедек адамдарды сырттай растау (қайта растау) бойынша қандай шаралар қабылданды?
Фотосурет: ult.kz