Мәжіліс депутаттар Файзолла Қаменов, Сергей Решетников және ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаевтың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатуға дауыс берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов депутаттар өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш бергенін түсіндірді.
"Орталық сайлау комиссиясы Конституцияның 52-бабына, "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 24-бабының 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Мәжіліс депутаттарының өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш беруіне байланысты ұсыныс енгізеді", - деді Өтемісов.
Депутаттар өкілеттікті тоқтатуға дауыс берді.
"Мәжіліске ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаевтың өз еркімен өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініші келіп түсті. Дауылбаев Ерлан Сламханұлы 2020 жылғы 15 қаңтарда тағайындалды. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 6-бабының 1-тармақшасына, 19-бабының 6-тармағына сәйкес ОСК мүшесі өз қалауы бойынша міндеттерден босату туралы өтініш берген жағдайда міндетінен босатылады", - деді Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов.
Депутаттар өкілеттікті тоқтатуға дауыс берді.