Медиация күнін мерекелеу шеңберінде «Қазақстан Республикасындағы медиацияның дамуы» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Бүгінде елімізде медиация қарқынды дамып келеді. Қазақстандағы медиацияның даму жайы мен маңызын халыққа түсіндіру, бұл салаға қатысты мәселелерді шешу жолдарын ұсыну – конференция жұмысының негізгі мақсаты.
– 2023-2024 жылдарға арналған медиацияны дамыту жоспары құрылды. Қазіргі уақытта медиаторларды дайындау мақсатында арнайы сайт әзірленіп жатыр. 600-ге жуық адам тіркелді. Жобалардың барлығы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ тапсырысы бойынша, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен республикалық грант шеңберінде жүзеге асуда. Осы кезге дейін еліміздің солтүстік аймақтарын аралап, медиация жұмысын насихаттап қайттық, – деді «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ-ның сарапшысы Ислам Болатов.
Конференция барысында медиация жұмысының жаңа бағыттары мен құрылымдары таныстырылды. Ұсыныстармен бірге күрмеуі қиын мәселелер де талқыланды. Мәселен, «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы облыстық татуласу орталығының жетекшісі Алуа Рахишева: «Қаламызда түрлі деңгейде қызмет көрсететін 5-6 медиаторлық орталық бар. Мәселе осы жерде туындайды. Жыл соңында аталған орталықтардың есебін ала алмаймыз. Себебі бірі электронды үкімет порталы арқылы, бірі тағы басқалай жолдармен сертификатталады. Сол себепті олардың есеп беретін өз орындары бар. Тиісінше олардан жұмыстарының жылдық есебін талап ете алмаймыз да, өңірдің жалпы жылдық медиаторлық жұмысының нәтижесін анықтау қиын болады», – деп уәжін білдірді.
Аудан-ауылдардан келіп қатысып отырған медиаторлар да өздерінің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде айтты.
Іс-шарадан соң спикерлер конференция қатысушыларын жеке қабылдап, толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Әнуар Аманжол,
«Орал өңірі»