Медициналық авиация желісі бойынша Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының көмегіне жүгінетін пациенттер – бұл республиканың медициналық ұйымдарында ауыр немесе аса ауыр жағдайда жүрген, облыстық немесе республикалық клиникаларда мамандандырылған немесе жоғары технологиялық емдеуді қажет ететін адамдар.
Өткен жылы санитариялық авиацияның көмегімен 4 420 пациентке, оның ішінде: 1 468 (33%) патологиясы бар балаға, 730 (17%) жарақаттанған, жазатайым оқиғалармен және уланумен ауыратын пациентке, 859 (19%) акушерлік практикадағы шұғыл жағдайлар бойынша пациентке, 560 (13%) қанайналым жүйесі аурулары бар пациентке, 517 (12%) жаңа туған пациенттерге, 286 (6%) басқа аурулары бар пациентке медициналық көмек көрсетілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 5 230 медициналық қызмет орындалды, оның ішінде: медициналық ұйымдарға 2 381 пациент (45%) тасымалданды, 153 күндізгі консультация (3%) өткізілді, 205 операция (4%) орындалды, 2 491 (48%) қашықтықтан медициналық қызмет ұйымдастырылды.
Халыққа консультациялық және жедел медициналық көмек көрсету үшін Астана, Алматы қалаларының республикалық клиникалары мен медициналық ұйымдарынан 251 маман тартылды.
Медициналық авиация жұмысы пациенттерді тасымалдау, бетпе-бет консультациялар, операциялар жүргізу, қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету, донорлық ағзалар мен биоматериалдарды тасымалдау сияқты бағыттарда жүргізіледі. Бүгінгі таңда республика бойынша орташа медициналық авиация тәулігіне 15 ұшуға дейін жүзеге асырылады.
2022 жылы медициналық авиация нысанында медициналық қызметтер көрсету үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының диспетчерлік қызметіне 2 985 өтінім келіп түсті, оның 628-інен бас тартылды (метеожағдайлар, техникалық себептер, пациенттің жай-күйінің нашарлауы және т.б.).
2022 жылдың қорытындысы бойынша медициналық авиация 2 357, оның ішінде тікұшақтармен – 470, ұшақтармен – 1 887 (оның ішінде 41 ұшуды Азаматтық авиацияның тұрақты рейстерінің әуе кемелері орындады) ұшуды орындады.
Республика шегіндегі медициналық авиация рейстерінен басқа, шет елдердегі медициналық ұйымдарда аса ауыр жағдайда жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарды халықаралық тасымалдау жүзеге асырылады. 2022 жылы шетелдік клиникалардан медициналық авиация отандық медициналық ұйымдарда емдеуді жалғастыру үшін Қазақстан Республикасының 16 азаматын тасымалдады.
Донорлық ағзаларды алу жөніндегі мамандарды тасымалдау үшін 5 ұшу және биоматериалды 1 тасымалдау орындалды.
Медициналық авиацияның мүддесі үшін 2022 жылы 33 әуе кемесі - 20 ұшақ және 13 тікұшақ пайдаланылды. Барлық пайдаланылатын әуе кемелері ҚР Азаматтық авиация комитетінде сертификатталған.
Ахуалдық орталықтың қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген режимде ауыр пациенттер үшін 33 143 телефон консультациясын ұйымдастырды. Ахуалдық орталық тұрақты негізде елімізде болған төтенше жағдайларға күнделікті мониторинг жүргізеді.
ҚР азаматтарына медициналық авиация нысанында шұғыл медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.
zhaikpress.kz