9.07.2020, 13:46
Оқылды: 23

Медколледждер түлектері емдеу ісіне тартылмақ

Коронавирус індетінің таралуына байланысты науқастар саны артып, медициналық кадрлардың жетіспеуі өзекті мәселеге айналды. Ауруханаларға, ең алдымен, кіші және орта медицина мамандарын тарту қажет. Эпидемиологиялық ахуал бойынша күрмеулі түйіндердің шешімін табуы жөнінде облыс әкімі Ғали Есқалиев  БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте баяндады.

83C68123-150F-4240-A980-78676313DCAA

– Қазіргі кезде індетпен күреске медицина қызметкерлерінің елу пайызы ғана жұмылдырылған. Медициналық қызметкерлердің көбі ауруға шалдыққан немесе мәжбүрлі демалыстарға кеткен. Осы мәселені шешу үшін екі медициналық колледж түлектерін ауруханаларда жұмыс істеуге тарту үшін жеделдетіп оқыту жұмысы басталды. 15 күннен соң біздің дәрігерлерге 200-ге жуық жаңа медициналық қызметкер көмекке келеді. Сонымен қатар біз басқа қалалардағы жоғары медициналық оқу орындарының түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жеке медициналық клиникалардан тоғыз дәрігер әріптестеріне көмектесуге келісті, – деді Ғали Есқалиев.

Облыста коронавирус ауруына шалдыққан 591 адам жұқпалы аурулар аурханасында, 369 адам провизорлық стационарда емделуде. 92 науқастың жағдайы өте ауыр.

– Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақсыз болып тұр. Алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері күні-түні науқастарға күтім жасап, тынымсыз еңбек етуде. Індет жұқтырған адамдар облыс орталығында және барлық ауданда анықталды. Ең көбі Орал қаласында – 2100 адам немесе 61,6 пайыз. Бөрлі ауданында - 223, Бәйтеректе - 208 және Ақжайықта 141 науқас тіркелген, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Науқастар санының артуына байланысты сәуір айынан бері инфекциялық және провизорлық стационардағы төсек орындар саны 1125-ке жеткен, яғни 3 есе көбейген. Жуырда облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаларда қосымша 230 орын дайындалмақ. Қазіргі уақытта өкпеге жасанды жел жіберетін 130 құрылғы бар. Әзірше бұл аппаратқа мұқтаждық туындамаған. Бірақ қолданыста 46 оттегі концентраторы болғанымен, науқастардың ем-домын жалғастыруға тағы керек болып отыр. Облыс әкімі Ғали Есқалиев демеушілер қаржысы арқасында аталған жабдықтарды алдыртатынын хабарлады. Медицина қызметкерлері Бобров аппаратын да пайдаланады екен. Бұл құрылғы да ауруханаларға жеткізілмек.

– Медициналық кадрлардың жетіспеушілігіне және пневмонияның өсуіне байланысты біз науқастарды жоспарлы емдеуді уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Бұл жайт, әрине, басқа аурумен ауыратын адамдарға медициналық қызметтердің уақтылы көрсетілуіне кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты тұрғындар үйде кеңес алу және емделу үшін мобильдік клиникалар барлық амбулаторияда ұйымдастырылды. Барлық емханада телефон қоңырауларын қабылдайтын орталықтар жұмыс істеуде. Емханалардың нөмірлері www.stopcovid.kz сайтында орналастырылған. Облыс тұрғындары "109" нөміріне қоңырау шалып, емханалардың жұмысы туралы шағымдана алады. Медициналық кеңес алу үшін «109» нөміріне хабарласу керек. Операторлар жұқпалы аурулар дәрігерлерімен, пульмонологтармен тікелей байланысқа шығуға көмектеседі. Егер тұрғындар қандай да бір себептермен үйден шыға алмаса, еріктілер дәрі-дәрмектер мен азық-түліктерді жеткізеді.  Ол үшін «109» нөміріне қоңырау шалу керек, – деді Ғали Есқалиев.

Соңғы айда вирусқа қарсы және антипиретикалық препараттарды жеткізу бес есе өскен. Қазіргі уақытта құрамында парацетамолы бар дәрілер, ацетилсалицил қышқылы, цефтриаксон, вирусқа қарсы препараттар, азитромицин, аскорбин қышқылы сияқты белгілі дәрі-дәрмектер қорда бар. Парацетамол, левофлоксацин және антикоагулянттар жеткіліксіз. Барлық өңірде дәл осындай тапшылық байқалады. Бір жағынан, дәрі өндірушілерден жеткізілімнің кешеуілдеуіне байланысты мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен алыпсатарлықпен айналысып, дәрі-дәрмектер бағасын көтерушілер анықталып, дәріханалардағы баға өсімін қадағалау күшейтілді. Мониторинг топтары кейбір дәріхана иелері тарапынан заңбұзушылықты анықтап, БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті айыппұл салу үшін материалдарды жолдаған. Тұтынушылар www.dari.kz. мобильді қосымшасы арқылы дәрі-дәрмектің шекті бағасын біле алады.

– Барлық мемлекеттік медициналық мекеме дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Күніне «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласатындар саны 600-ден 1100-ге дейін өсіп отыр. Осыған байланысты жедел жәрдем бригадаларының саны көбейді. Қазіргі кезде 61 бригада жұмылуда. Былтырғы есеппен салыстырғанда 24 бригада артық қызмет атқаруда. Шақырулардың көптігіне байланысты «Жедел жәрдем» көлігі кейбір науқастарға жай жетуі мүмкін. Алайда адам өміріне қауіп төнген жағдайда «Жедел жәрдем» қызметі еш кідіріссіз жетуі тиіс. Алдағы екі ай ішінде «Жедел жәрдем» станциясына тағы 37 көлік сатып алынады, оның ішінде 20-сы реанимобиль болмақ, – деген Ғали Есқалиев өңірлік штаб жұмысы жөнінде қысқаша баяндады. Құқық қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құрылымдары бірлесуімен баға өсімі бақылауда ұсталынып, нысандардың санитарлық жағдайы тексерілуде. ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен облыстық экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, делдалдар контрабандалық жолмен шетел асырмақ болған 4 миллион маска тәркіленіп, олардың бірқатары денсаулық сақтау басқармасы мен тұрғындарға үлестірілуде.

Брифингте облыс әкімі Ғали Есқалиев бес зертхана тәулігіне 1200-1400 сынаманы тексерістен өткізіп жатқанын хабарлады. Кейде лаборатория қызметкерлері де вирус жұқтырып алып жатқаны анықталуда. Сондықтан зарарсыздандыру жұмысы жиі жүргізіледі. ПТР-тест қорытындысы кешеуілдеп шығуда. Қазіргі уақытта стационарларда емделіп жатқандар және олармен жақын байланыста болғандар тестілеуден өтеді. «Карантин алынып тасталғаннан кейін вирус жұқтыру оқиғаларының саны күрт артқанын бәріміз көреміз. Дәлірек айтсақ, науқастардың жалпы санының 82%-ы маусым-шілде айларында тіркелген. Сондай-ақ ПТР тестілеу арқылы ұдайы індет инфекциясы жұққанын анықтау мүмкін емес. Вирустың тасымалдаушысы болып табылатын адамдар бар, бірақ оларда аурудың сыртқы белгілері жоқ. Олар жеңіл-желпі сырқаттанады да, иммунитеті нашар адамдарға ауру жұқтырады. Шетелдік мамандардың пайымдауынша, коронавируспен күресте ең тиімді тәсіл – көпшілік жерлерге бармау, той-томалақ өткізбей изоляцияда болу. Өкінішке орай, біздің елдің азаматтары осындай позицияны ұстана алмай отыр.

Адам өміріндегі ешбір байлықтың құнына  тең келмейтін баға жетпес қазына – денсаулық.

Екінші бір қазынамыз – әрбір үйдің байлығы болып отырған қарияларымыз, ақ жаулықты апаларымыз.

Мына аса қауіпті дерт тек денсаулығымызды жойып қана қоймайды. Асыл қазынамыздан айырып, үрім-бұтағымызға қауіп төндіріп тұр.

Сақтық шараларына салғырт қарамайық. Коронавирус бейқамдықты кешірмейді. Мен барлық қиындықтарды бірге жеңе алатынымызға сенімдімін», – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұртай Текебаев,

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале