«Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Бүгінде біз «толық отбасы» деп жүрген тіркесті қазақ осылай суреттеген. Десе де, тағдырдың жазуымен жапанда жалғыз немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қай заманда да кездеседі. Облыстағы сондай қамкөңіл бүлдіршіндер отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тәрбиеленуде.
Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының қолдауымен 2003 жылы Орал қаласындағы 152-ші атқыштар дивизиясы көшесінде ашылған. Мекеме қызметінің негізгі бағыты – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды барынша отбасы жағдайында тәрбиелеу. 2003-2016 жылдар аралығында балалар ауылының тәрбиеленушілеріне 10 үй қызмет көрсетіп тұрған. Қазір мұндағы бала санының азаюына байланысты төрт үй бар. Әр үйде тәрбиеші-аналармен бірге жеті-сегіз бала тұрады. Жалпы, 29 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сондай-ақ 2015 жылы осы балалар ауылы базасынан екі «Жасөспірімдер үйі» ашылған. Онда Орал қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде оқып жүрген ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер тұрады. Яғни балалар ауылында 3-18 жас аралығындағы балалар, жасөспірімдер үйінде 18-23 жастағы ұл-қыздар өмірге аяқтанып, баспанасын алып, отау құрып кеткенге дейін сол жерде болады. Балалар ауылының барлық түлегі баспана кезегіне қойылған.
– Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеуде олардың ішкі әлеміне еніп, жанын түсіну, мүмкіндігінше қолұшын созу маңызды. Балалардың тәрбиесіне, сабақ үлгеріміне күнделікті көңіл бөліп отыру қажет. Олар көңілді жүрсе, біздің де жүзіміз жайдары. Олардың қабағы қарс айырылса, біздің де ұнжырғамыз түсіп кетеді. Мақсатымыз – мұндағы балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, оларға отбасындағыдай тәлім-тәрбие беру. Балаларды қатарымызға қабылдаған уақытта бір-бірімен бауыр болуды, ағалы-қарындас ретінде қарым-қатынас жасап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді насихаттаймыз. Әрқайсысы бір отбасының мүшесіндей етене араласып, бір-біріне қамқор болғанын көргенде, ішің жыли түседі. Балалар ауылының бір ерекшелігі – мұндағы тәрбиеші-аналар балалармен үнемі бірге. Тәрбиеші-аналардың арқасында бүлдіршіндердің кірі де жуылып, тамағы да пісіп, сабағы да оқылады. Мектептегі ұстаздарымен де байланыс жасалады. Баланың таңертеңгі ұйқыдан оянуынан бастап, оның таңғы көңіл күйін, күні бойғы сабаққа қатысуын, ынтасын қадағалау тәрбиеші-аналардың мойнында. Балалар ауылының тәрбиеленушілері қалаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарына түсуде. Оқу бітіріп, елдің ықыласына бөленіп, еңбек етіп жүргендері де аз емес, – дейді облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы директорының орынбасары З.Мұқанова.
Мұндағы балалар шетінен өнерлі. Олар жыл сайын спорт, би, ән, сурет салу бағыттары бойынша облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Екі тәрбиеленуші олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде велоспорт бағыты бойынша білім алуда. Сондай-ақ олар үйірмелерге де белсене қатысады. Айта кетсек, «Стеновик» спорт кешенінде (допты хоккей үйірмесіне) тоғыз бала жаттығып жүрсе, 13-і «Шабыт» шығармашылық орталығына (сурет салу, кеме жасау, тіл үйрену, қолөнер үйірмесіне) барып жүр. Бүл-діршіндер шорт трек, футбол, садақ ату үйірмесінен де қалыс қалмауда.
– Балалар ауылында біз үшін барлық жағдай жасалған. Қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін. Бірге ойнайтын достар да бар. Тәрбиешілер де қамқор. Ауырсақ, мейірбике қасымызда болады. Сондықтан осындай үлкен отбасында тәрбиеленіп жатқанымызға шүкір дейміз, – дейді тәрбиеленушілер.
Балалар ауылының ұстаздары, тәрбиеші-аналары бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие, білім, құқықтық сауаттылық төңірегінде іс-шараларды жиі ұйымдастырады екен. Мәселен, «Зорлық- зомбылықсыз балалық шақ», «Өз құқығыңды білесің бе?», «Құқықтар мен міндеттер», «Діни экстремизмге жол жоқ» тақырыбында өткен тәрбие сағаттарында тәрбиеленушілер өз құқықтары мен міндеттері туралы ақпаратқа қаныққан. Сондай-ақ мұнда мерекелік іс-шаралардан бөлек, «Спорт – денсаулық кепілі», «Мамандығым – болашағым», «Ұлттық спортты дәріптейік», «Табиғатты қорғайық» атауымен танымдық сағаттар да ұйымдастырылған. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай көркем әдеби 30 кітап оқуды насихаттау үшін «Кітап оқуға уақыт бөл» және табиғатты қорғауға арналған «Қалдықты жина да, ағаш отырғыз» жобалары қолға алынған. Балалар ауылында жүзеге асып жатырған тың жобалардың бірі – «Тәлімгерлік». Бұл жоба аясында өңірге танымал спортшылар, жаттықтырушылар балалар ауылының тәрбиеленушілеріне спорттың әр түрі бойынша тәлімгерлік етуде. Соның нәтижесінде спортсүйер бүлдіршіндердің саны артқан.
«Жетім көрсең жебей жүр, қолтығынан демей жүр» деген халық мақалының астарында терең мағына бар. Бүгінде мемлекетімізде жетімдер санын азайту бойынша іс-шаралар қолға алынуда. Десе де, қоғамда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар аз емес. Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеші-аналары балаларға ата-ана бере алмаған махаббатты, аялы алақанның жылуын, мейірімді беруге тырысып бағуда. Олар тәрбиеленушілердің жоғары оқу орнына түсіп, мамандық меңгергенін және бір кәсіптің иесі атанып, қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасқанын тілейді.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz