Елімізде жыл басы Наурыз мерекесін атап өтуге ерекше көңіл бөлінеді. Мейрамның дәстүрлі ең басты тағамы – Наурыз көже. Сондықтан жаңа жылда молшылық болуына ниет еткен әр шаңырақта осы тағамды дайындауға тырысады. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар қосылады. Наурыз көженің құрамының көп түрлілігіне және оған сүт өнімдерінің қосылуынан көже тез бұзылады. Сондықтан дайын көжені 4 ± 2°С температурада бір тәулік арасында ғана сақтауға ұсыныс береміз. Сақтау мерзімінің қысқалығын ескеріп, Наурыз көжені отбасы мүшелерінің немесе шақырылған қонақтардың санына қарай әзірлеген жөн.
Мол дастарқан жаю – қазақи қонақжайлықтың белгісі. Осыған орай наурыз көжеден басқа ет тағамдары, салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер, сусындар және тағы басқа тағамдар дастарқанға қойылады. Осындай төл мерекені атап өтуде тамақтан уланудың, жіті ішек жұқпаларының, ас қорыту жүйесінің жедел асқыну ауруларының алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береміз. Тамақтан уланудың, жіті ішек жұқпаларының алдын алу үшін үй жағдайында гигиена ережелерін, ас үй тазалығын сақтау, тамақты тым ерте дайындамау, шикі және дайын тағамдарды бірге сақтауға немесе оларды дайындауда бір бөлшектеу құралдарын қолдануға жол бермеу қажет. Сапасы күдік тудыратын немесе айқын бұзылу (иісі, түсі, дәмі) белгілері бар шикізаттарды, тағамдарды қолданбаңыз. Кешегі күнгі дастарқаннан кейін қалған және тоңазытқышта сақталмаған өнімдерді пайдаланбаған жөн.
Әдетте мереке күндері азық-түлік және сауда нысандары аспаздық және кремді кондитерлік өнімдерді көп мөлшерде дайындайды. Бұл күндері түрлі салаттар, ет және балық тағамдары, басқа да тағамдар көп сатылады. Алайда олардың сақтау және сату мерзімі қысқа екенін ұмытпалық. Сондықтан тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзіміне, сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болуына, оларды өткізу және сақтау шарттарына назар аудару қажет. Сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру нысандары басшыларының назарын Наурыз мерекесі күндері тамақтан уланудың алдын алу мәселелеріне аударамыз және санитарлық ережелердің кейбір талаптарын сақтауды сұраймыз. Соның ішінде:
– өнімді сақтау шарттарын сақтай отырып, тез бұзылатын өнімдер мен дайын тағамдарды сату кезінде тоңазытқыштың жеткілікті болуын қамтамасыз ету;
– сатушылар мен қызмет көрсетуші қызметкердің жеке медициналық кітапшаларының болуын қамтамасыз ету;
– өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы;
– сатушылар мен қызмет көрсетушілердің жеке гигиенасын сақтауға жағдай жасау;
– қызметкерлердің арнайы киімінің болуын қамтамасыз ету (жеткілікті мөлшерде).
Бұдан басқа қоғамдық тамақтандыру нысандарының қызметкерлері жеке гигиена ережелерін және тазалықты сақтауға, азық-түлікті термиялық өңдеуден өткізуге, көкөніс пен жемісті мұқият жууға тиіс. Шикі және дайын өнімдерді кесуге арналған құралдарды мақсатына сай пайдалану, тағамдарды дайындау кезінде сапалы өнімдерді қолдану, дайын өнімдерден бөлек шикі өнімдерді сақтау керек. Іс-шаралар басталғанға дейін тағам өнімдерін ерте дайындау, ерте дастарқан жаюдан аулақ болу және қажетті температуралық режімді сақтай отырып, олардың сақталуын қамтамасыз ету ұсынылады.
Белгіленбеген сауда орындарынан, белгісіз сатушылардан үйде дайындалған өнімдерді (наурыз көже, айран) сатып алмау керек екендігін қаперіңізге саламыз. Дайын тағамдарды сақтау мерзімін бұзбау керек! Есіңізде болсын, тамақтан уланудың алдын алу шарасы – бұл белгілі ережелерді сақтау. Осыған байланысты Наурыз мерекесі кезінде және демалыс күндері тамақтан уланудың алдын алу үшін қажетті гигиена ережелері мен ұсыныстарды сақтау туралы тағы да еске саламыз.
Гүлжанат Ғатауова,
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті бөлімінің бас маманы