Кейде қоғамдағы ақылға қонымсыз тәртіп-ережелердің заңды үстемдік құратынына налисың. Сондай «ыздиған» «қалыптардың» «ғұмырлы» болуына шынайы өмірмен байланысы жоқ, күнделікті күйбің тірліктен бейхабар жоғарыда отырған шенеуніктер бастамашы болатын сияқты. Әйтпесе, болашақ жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін алтын ұя – мектептің білдей директоры мектептегі құрылыс жұмыстарына неге жауапты болады? Түсінікті тілмен айтқанда, мектептердің (әлеуметтік мекемелердің) басшылары күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына неге тапсырыс беруші болады? Мектептердегі оқу бағдарламасының орындалуына, білім сапасына, ұжымның еңбек тәртібіне жауапты, одан басқа да қызметтік міндеттері толып жатқан басшының құрылысқа не қатысы барын түсінбей дал боласыз. Бірақ қазіргі кездегі шындық – осы. Қаншама жерден білім-білігі мықты педагог, әмбебап көшбасшы маман болғанымен, директор құрылыстың жобасын, құрылыс материалдарының жай-күйін біледі деу бекершілік. Әрі жобаны оқымақ түгілі, түсінбейді де емес пе? Кеңестік заманда мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына жылжымалы механикаландырылған колонна (ПМК) деген құрылыс мекемелері тапсырыс беруші еді.
Осыдан екі жыл бұрын Тасқала ауданына іссапармен барып, үш мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары барысымен таныстым. Сонда жол бастаушым аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымовамен нақ осы мәселеге байланысты пікірлескен едік.
– 2019 жылы Тасқала ауданындағы С. Жақсығұлов атындағы орта мектептің директоры болдым. Сол кезде мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектеп басшысы ретінде құрылысқа тапсырыс берушінің жауапкершілік жүгін арқаладым. Жұмыс жобасын, жобалық-сметалық құжаттаманы білмейтін едім, оқып үйренуіме тура келді. Әрине, ол менің функционалдық міндетіме кірмейді. Тапсырыс беруші қатарындағы техникалық қадағалаушы компанияның өкілінің білім-білігі сай, жауапкершілігі бар болса, әрине, онда көңілге үрей ұяламайды. Ал жауапкершілігі болмаса ше? Өмір болған соң, түрлі жағдай кездеседі емес пе... Жобаның жөн-жосығын түсінбейтін жұмыс учаскесінің басшылары да бар. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, техбақылаушыдан кейін қол қоямыз. Құрылыстан бейхабар білім саласының маманы болғандықтан, бойыңды әлдебір үрей билейді. Мысалға, жобалық-сметалық құжаттамаға еденнің тақтайы салынбауы мүмкін. Бөлінген қаржы дұрыс жұмсалды ма, игере алмай қаламыз ба деп те күйзеліске түсесің. Сондықтан тапсырыс беруші мектептердің мүддесін білдіретін мемлекеттік құрылымдар, құрылыс бөлімдері болғаны жөн. Әйтпесе, тапсырыс беруші ретінде мектеп басшылары бір қиын жағдайға тап болса, олар қалай қорғанады? Оларды кім қорғайды деген заңды сауал туындайды, – деді Айгүл Қасымова.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, көбінесе білім нысандарының, әлеуметтік мекемелердің құрылыс саласынан бейхабар басшылары күрделі және ағымдағы жөндеуге тапсырыс беруші болады. Олар құрылыстың қыр-сырын білмесе де, жұмыс ауқымын қабылдауға мәжбүр. Қазіргі кезде нарықтағы құрылыс материалдарының қымбаттап, жобаға бөлінген қаржы-қаражат аздық етіп, бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді. Одан басқа жобалау институттарының штатында қажетті қызметкерлер жетіспейтіндіктен, жұмыстың бір бөлігі қосалқы мердігерлерге бөлінеді. Олардың кейбірі қашықтан жұмыс істейді де, жобаны тұтас жинақтау кезінде түрлі сәйкессіздікдер пайда болады. Құрылыс барысында осыдан келіп олқылықтар орын алады. «Мысалға, Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласында №3, 4 мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарының жобасын «Технопроект KZ» ресейлік-қазақстандық бірлескен кәсіпорын жасады. Жобада электрмен жабдықтау желісін, еденді, есіктерді түгелдей жаңалау қарастырылған. Ал іс жүзінде жаңалау тек ішін-ара жүргізілуі керек. Оралдағы №21 мектеп директоры білместікпен 12,6 млн теңгені орындалмаған жұмыс көлеміне төлеген. Бүгінде қомақты мемлекет қазынасына қайтарылды. Теректі ауданындағы Долинный ауылындағы орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жобасын «Дауымшар» ЖШС жасады. Онда технологиялық жабдықтарды толықтай ауыстыру, музыкалық аспаптар сатып алу қарастырылған. Мұның құрылыс талаптарына қайшы, негізсіз шығын екені белгілі. Ақсуат ауылындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмысының жобасын «Эркер» ЖШС сапалы жасаған. Осы жерде ақау актісін түзген мектеп басшысының ұқыптылығын айта кеткен жөн. Жоба да, күрделі жөндеу де ойдағыдай болуы үшін актіні сауатты түзудің маңызы зор, – деді Әлібек Сайынұлы. Басқарма басшысы мектептердің, әлеуметтік нысандардың күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушісі мектеп директорлары емес, жоғарыда тұрған құрылымның, облыстық басқарманың өзі болғаны дұрыс деп санайды. Мұндай мемлекеттік құрылымдарда тапсырыс беруші ретінде құрылыстың майын ішіп, жілігін шаққан кәсіби білім-білігі бар құрылыс мамандары болуы керек.
Облыстық білім басқармасы жанындағы білім беру орталығының бөлім басшысы Самиғолла Сүлейменов мәселенің негізгі түйіні еліміздегі заңдар мен тиісті құжаттық актілерде жатқанын айтады. Мысалға, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434 заңының 7-бабында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны айқындау тәртібі көрсетілген. Онда құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші ғимаратты, жөнделетін нысанды теңгерімінде ұстаушы болады делінген. Күрделі жөндеу жұмыстарына мемлекеттен қаржы бөлінеді. Одан әрі тендер ұтқан мердігердің құрылысты жобаға сәйкес жүргізуін техникалық бақылаушы, жоба авторы үнемі қадағалап тексереді. Қазақстан Республикасының «Техникалық, авторлық қадағалау және тапсырыс берушінің құқығы, міндеттері туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 заңындағы 73-бабы бойынша тек директор ғана құрылыстың сапасына жауапкершілікті мойнына алып, қол қоймайды. Бұдан басқа жоба авторы, техникалық қадағалаушы, сонымен қоса жұмысты атқарған мердігер де жауапты болады. Олар мемлекеттен бөлінген қаржының дұрыс игерілуін қадағалайды. Құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берер алдында құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес деп жоба авторы, техбақылаушы, мектеп директоры қорытынды береді. Ал құрылысты жүргізген мердігер компания құрылыс жұмыстары жобадан ауытқымады, жұмыс аяқталды деп декларация береді. Осындай құжаттардың негізінде осы төрт өкілден тұратын жұмыс комиссиясы құрылып, құрылыс нысаны пайдалануға қабылданады. Бұрын комиссия құрамында 15 адам, оның ішінде санэпидемстанса, өрт, төтенше жағдай қызметтері және басқа да қызметтер өкілдері болатын. Қазіргі таңда жоғарыдағы аталған заңға өзгерістер енгізілген. Осы заңда көрсетілген талаптарға сәйкес қабылдау тәртібі реттелді.
– Иә, мектеп басшысы тек білім ұясының жұмыстарына жауап беруі керек. Құрылыс жұмыстарына қатысты жауапкершілікті мектеп басшысына артпай, онымен құзырлы орындар айналысуы керек деп ойлаймын. ҚР Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі «Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері туралы» №403 бұйрығына сәйкес бюджеттен бөлінген қаржы нақты мақсатына, спецификасына сәйкес жұмсалуы тиіс. Құрылысқа тапсырыс беруші неге білім басқармасы болмайды? Өйткені білім басқармасы құрылыс жұмыстарымен айналыспайды, қалалық білім бөлімі де солай. Бірақ кей мектептер өз теңгерімінде бухгалтерлер (есепшілер) ұстап отыр. Сондықтан бухгалтериясы (есепшілері) бар мектептердің басшылары тапсырыс беруші қатарында болады. Мысалға, Казталов ауданындағы кей мектепте орталықтандырылған бухгалтерия болмағандықтан, мектептердің директорлары өздері құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші болып жүр, – деді Самиғолла Сүлейменов.
Енді тек жағдайды мектеп директорлары ғана өзгерте алады. Олар білім басқармасына құрылысқа жауапты болудың қиындығын, құрылыстан, жобадан бейхабар екендіктерін айтып, мұндай жауапкершіліктен босату жөнінде ұсыныс білдірулері керек. Ал басқарма өз кезегінде ондай ұсынысты тиісті министрліктерге жолдайды. Мектептің барлық аспектілері үшін есеп беретін, қоғамның болашағын тәрбиелеп отырған мектептің барлық мәселесіне жауап беретін басшыны құрылыс жұмыстарына араластырмаған жөн. Сондықтан мектеп ғимараттарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші мемлекеттік құрылымдар, яғни облыстық басқарма немесе қалалық білім бөлімі болса құба-құп. Ондай құрылымдарда құрылыс саласына жетік, еңбек өтілі бар маманға штаттық бірлік қарастырылғаны дұрыс болмақ.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz