10.05.2024, 9:45
Оқылды: 78

Мектеп директорының жазбаларынан

Бір түйір толғам

Алматы. Ақ шаңқан Алатауға еркелей қалған әсем қаланың баяғы кербез кездердің белгісіндей маңғаз көшелері керіле қарайды. Менің де көзім Алматы мен Алатауда. Оның да көзі менде. «Ел құсап дүкен кезбейтін, базар араламайтын, тып-тыныш келіп, тып-тыныш кетіп бара жататын бұ не қылған қонақ?» дейтіндей.

муштанова

«Ән мен жырға бөгіп, небір өлеңнің кейіпкері болған Алматы едің-ау, қазір қайда сол бұлалық?  Қартайып қалдың ба, Алматы? Қала да қартая ма екен, а?» деген қызық ойлармен мен де қарап қалмаймын. Көрмей тұрып ғашық болып едік-ау осы қалаға. Өзіміз «Алып тұлға, байсалды, манаураған Алатау...»  деп анау тұрған аңыз бейнелі көркем тауға, «Алматының алмасы, Күннің қызыл түсіндей», «Алматының бағы қандай, Алмасының дәмі балдай...» деп біріміз көріп, біріміз көріп үлгермей де қалған апорт бақтарына, «Алматы түні, Алматы түні, мен болып таңға жырлаған...» деп, тамсанғаннан «жұлдыздары жерге жақындап» түсіп кете жаздайтын көркін көргенше асық болған Алматы еді ғой бұл...

Заулап келеміз. Заулатып алып келе жатқан – шәкіртім Өмірзақ. Көктемгі су тасқыны кезінде төртінші тоқсан болып тұр-ау соған қарағанда, гимназиядан бір орын босап, резервте тұрған оқушы ретінде рациямен байланысқа шығып, әзер таптыртып алдырған балам ғой. Айнала су, аралда қалатын ауылда телефон қайдан болсын, бөлімше түгілі, совхоз орталығымен байланыс қырылдап-шырылдап айтқаныңның жартысы желге ұшып кетеді. Басқа саланың адамдары мектептің өліп-талып жеткізген сәлемін қайтсін, адамнан малды артық көретін қой төлдету кезінде әлдебіреудің баласын туу Оралдың түбіндегі мектепке жеткізем деп кім жұлқынып шығады? Баланың өз туыстары, бәлкім, ұмтылар ма еді, айнала алап болып жатқан судан жол қатынасы үзіліп, тамақты вертолётпен айналып ұшып, төбелерінен тастап жатқанда облыс орталығы түгілі ауданға жету қайда?!. Осы баланың бағы шығар, ал мен бұл оқушының бір түкпірде жүріп химия пәнінен үздік жүлделер алып үлгерген қабілетін ұштағым келді. Сирек қой ондай балалар. Сонымен, ақыры қояр да қоймай жүріп, аудан, совхоз басшыларына, мектеп директорына хабарласып, «аралдан» резеңке қайықпен жүздіріп алып шығып жеткіздірдім-ау «Үмітке». О-о, мұндай оқиғалардың қаншасы жатыр бұл гимназияның жадында. Сол Өмірзақ. Алматыда. Үлкен бір өндірістік кәсіпорында химик, оған қоса арбитраждық сотта химик-сарапшы болып қызмет атқарады. Үш баланың әкесі! Мен үшін бала бірақ. Бұлармен әңгімелесу – жанның рахаты. Деңгейлерін көріп, қанаттанып қаламын. Мүмкіндігінше, осылай, бір-бірлеп оңаша сырласқанды ұнатам сосын да.

Кеше түлектер чатына «Кім мені «Кеңсай» қорымына апарып келеді?» деп сұрақ тастағам, осы балам атып шықты.

Әңгімені жіберіп келеміз. Алматы мен Алатауға қарауға да уақыт жоқ.

– Егер мен қайтадан 11-сыныпқа оралып, басынан мамандық таңдайтын кезден бастайтын болсам, мұғалімдікке, соның ішінде бастауыш сынып мұғалімінің оқуына түсер едім, – деді бір кезде білдей комбинаттың дырдай бас химигі. Таңырқап қалсам да, үндемей тыңдай түстім, біздің балалар сөзді бөлмей, көшелеп айтқанды тәуір көреді. Дебаттардан қалған дағды.

– Бізде қалай, мектеп бітірген бойда «Алтын белгі», «Үздік куәлік», олимпиада, конкурс жеңімпаздары, қысқасы, жақсы оқығандардың барлығы жапа-тармағай мықты-мықты оқу орындарын таңдайды. Бәрінің ойлайтыны – жақсы жерде, мол жалақымен жұмыс істеп, таршылықсыз өмір сүру. Сөйтіп, әлі білімі жеткені алысқа, неше түрлі биік мамандықтарға кетеді, ал қолы қысқа, білім жағынан әлсіздеулері «осы жарайды» деп, мұғалімдікке (амалсыздан) бара салады. Оған да өз күштерімен, грантқа түссе, бір сәрі, кредиттік оқу, ақылы оқу шыққан сонау 2003 жылдардан бастап, мұғалім дипломын кімдер сатып алмады, кімдер сабақ бермеді балаларға? Қоғамды солар тәрбиеледі, сол жемісті жеп отырмыз көбіне.  Сол мамандар шағып жеп жатырған сияқты бүгінгі білім саласының миын. Мектеп басшылықтарында да, тіпті бөлім, басқарма, министрліктерде де сондай ортақол мамандар отырып алған болуы мүмкін ғой, оны кім біліп жатыр?.. Міне, біз мемлекеттің болашағын, балаларымызды кімнің қолына беріп қойып отырмыз. Балаларым мектепке барғалы мұғалімдердің, кей басшылардың деңгейін көргелі осы ой жиі мазалайтын болып жүр. Мемлекет нығайсын, қоғам түзелсін десек, ең «престижный» оқу – мұғалімдік болуы керек. Оған мықтының мықтысы түсе алатын, мектепте мықтының мықтысы ғана жұмыс істей алатын жолды таңдауымыз керек. Әйтпесе, бәрі бос, – деді балам рульді сығымдай қысып.

Рас қой. «Ақыл – жастан», тек сол ақылды өміршең бағдарламаларға қосып, түзелуге бет алсақ, қане?..

... Қазақтың игілері мен жақсылары, әдебиет алыптары жатқан «Кеңсай» биігіне өрлеп келе жатып осындай ой төгілді зердеге. Неге екен?.. Мұғалімнің қадірлі кезінде дәріс алып, алты алашқа сөз қалдырғанарыстар қозғады ма екен әлде...

Ертеңіне қолтелефоным шыр ете қалды. Ауылдан. Бір мектептің мұғалімі. Көмек сұрайды. Психологиялық көмек. Қиындық тудырып отырған – өз мектебінің түлегі. Қазір ана. Ол да мұғалім басқа оқу орнында. Баласы осыларда, өзі оқыған мектепте оқиды екен. Қабілет бар, оқуға құлқы жоқ. Сабақты көп қалдырады.  Бұл, әрине, оқу үлгерімінің төмендеуіне соқтырған. Аралық бақылауларда олай-бұлай бұлтаруға жоқ, қалған балалар да бәрін көріп отырады, ересек класс... Сонымен осы жерден шу шығады. Өз түлегі ұстаздарының үстінен арыз жазып, «баламның бағасын әдейі басып отыр» деп айнала шағымдануға көшеді. Әрі-бері ақылға шақырып, түсінісуге тырысқан көңілдің бәрі зая. Енді тексеруден тексеру, комиссиядан көз ашпай «мырғамға» батуда көрінеді.

«Келіп, екі жақпен әңгімелесіп, мәселенің түйінін шешуге көмектесесіз бе?» деп өтінеді «Педагог мәртебесі» дегеннен күдерін үзген мұғалім. Ол ел алдындағы, оқушылардың алдындағы абыройды ойлап, «Екі ортада шыбын өледінің» керін кигендеріне налиды. Алыста болып, бара алмадым. Келген соң да сапарға шыға қоюдың сәті түспеді. Жақында хабарласып ем, жоғарырақтан тағы бір комиссия келіп, мұғалімдерді айыпты қылып кетіпті. «Осымен тынсыншы» дейді көнбіс болып болған ұстаз үнінен жабығу мен жәбір қатар естіліп. Бәлкім, сәті түссе, бір соғып та кетермін бұл мектепке, өздері қалап, басшылары рұқсат етсе.

Ал осы әңгіме ойыма оралған сайын Өмірзақтың жоғарыдағы пікірді айтқан үні құлағыма келеді. «Мұғалім мәртебесі» деген «барлы-жоқты» заңымызда:

Педагог өзінің кәсіби қызметінде:

– білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарын сақтау жағдайында педагогикалық қызметті ұйымдастырудың тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға;

– лауазымды және басқа да адамдардың оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соғатын кәсіби қызметіне араласуынан қорғауға;

– өзінің кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға құқылы делінген.

Бірақ құқығыңды қорғау үшін де ортаңның түсінігі жоғары болуы керек.

Өмірден түйіп айтқан екен ғой Өмірзақ балам. Қоғам санасын қолға алатын ұстаз емей, кім?..

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале