31.01.2022, 16:30
Оқылды: 3

Мектеп құрылысын жандандыру керек

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.

11

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асқар Габидуллин тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау туралы баяндады.  Баяндамашының сөзінше, қазақстандықтар жалға алатын баспана құнының тең жартысын мемлекет өтейді. Мұндай төлемдер жергілікті атқарушы құрылымдарда  кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Әрі олардың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген көлемінен аспауы керек. Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй құнының 50%-ын мемлекет, қалған 50%-ын жалға алушы төлейді.

– Бұл жеңілдікті алатындар 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Сонымен бірге  кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да алады. Олардың қатарында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар да  бар. Облыста бұндай санаттарға жататын  2233 отбасы бар. Оператор болып  «Отбасы банкі» анықталды, – деді спикер.

12

Тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға өтініш беру үшін  негізгі талаптар бекітілген. Алдымен өтініш беруші Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы керек. Азамат «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес баспанаға мұқтаж екенін растауы қажет. Тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ құқықтық кадастрда тіркелген шарт болғаны жөн. Бұл бағдарламаға бюджеттен 1,3 млрд теңге қарастырылған. Алайда Асқар Маратұлының айтуынша, бұл бағдарламаның қашан іске қосылатыны белгісіз.

Облыста салынатын мектептер мен медицина мекемелері жөнінде құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев баяндады. Оның сөзінше, облыста 16 ауылға 108 орындық, 8 және 60 орындық 8 шағын жинақты мектеп салыну керек. Алты мектеп бойынша жұмыс жоспарға сай жүруде.  Бес мектептің құрылысын жобалаушы мекеме анықталған. Құрылысқа тапсырыс беруші КПО б.в. компаниясы жобалау-сметалық құжаттарына қатысты кемшіліктер бар екенін атап өтті. Құрылыс басқармасы КПО б.в. компаниясына үш дайын жобалық-сметалық құжаттама берген. Соның ішінде Казталов ауданына қарасты Қоныс ауылындағы мектеп құрылысының жобасы дұрыс болмаған. Енді бұл жобаның биыл іске асу-аспауы белгісіз.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев КПО компаниясы мен құрылыс басқармасына екі күн ішінде жұмыс тобын құруды тапсырды. Өйткені өңір басшысының сөзінше, биыл кем дегенде 15 мектеп салынуы керек. Әр мектептің құрылысы бойынша нақты кесте жасалуы және жұмыс жоспарға сай орындалуы қажет деді. Сондай-ақ апта сайын атқарылған жұмысты баяндап отыруды тапсырды. Қай ауылға модульдік медпункт, қандай медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілетіні де  нақтылануы шарт.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 521 мың гектар құрауы тиіс. Соның ішінде дәнді дақылдарды 214 мың га, майлы дақылдарды 126 мың гектарға егу жоспарланған. Картопты 4020 гектар және көкөніс-бақша дақылдарын  4885 га егу көзделген. Ал мал азықтық дақылдардың егісі 172 мың га құрауы тиіс. Бүгінде майлы және мал азықтық дақылдардың тұқымы жеткілікті. Дәнді дақылдар  Бәйтерек, Бөрлі, Казталовка, Қаратөбе, Тасқала аудандары мен Орал қаласында 100% дайындалған.  Теректіде - 99%, Сырымда - 88% және Шыңғырлауда  30,5% дайын. Жәнібек ауданы бойынша дайындалған тұқым туралы ақпарат жоқ дейді. Алайда қолда бар картоп тұқымы аз. Көктемгі далалық жұмыстарға 4670  трактор, 3050 дәнсепкіш, 838 қопсытқыш қатыспақ. Ал егістіктегі науқанға  Атырау мұнай өңдеу зауытынан 12 мың тонна арзандатылған дизель отыны әкелінеді. Мемлекеттік субсидиалау бағдарламалары бойынша 600 млн теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Бұдан бөлек көктемгі далалық жұмысты қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 800 млн теңге (5% көрсеткішпен) және «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 250 млн теңге (17% көрсеткішпен) бөлінген. Бұл қаржы  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы және оның аудандық несие серіктестіктері арқылы беріледі. Көктемгі дала жұмысына «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 144 млн теңге берілді.

14

– Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы бұрыннан бері шаруа қожалықтарының тапсырыстары бойынша тұқымдардың сорттарын шығарып келеді. Қазір де осы жұмысты жандандыруымыз керек. Ал көктемгі далалық жұмысқа қажет жанар-жағармай  наурыз айының соңына дейін жеткізілуі тиіс. Отынды әр ауданға оператор жеткізуі керек. Бұл жұмысты үйлестіру  аудан әкімдерінің құзырында. Ең бастысы  шаруалар қажет жанар-жағармаймен  уақытылы әрі  жеткілікті қамтылуы шарт, – деді облыс басшысы.

Аппараттық кеңесте «IT HUB БҚО» кіші индустриялық аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС  директоры  Р.Айтмағамбетов сөз алды. Ол  ikomek 109 байланыс орталығының жұмысы жөнінде баяндады. ikomek 109-ға хабарласатын тұрғындардың күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелері бойынша өтініштерін қабылдау және тіркеу барысын баяндады. Облыс басшысы бұл байланыс орталығының тұрғындарға сапалы қызмет етуін қатаң тапсырды.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале