25.08.2022, 10:30
Оқылды: 179

Мектеп неге мұңайды?

Ұзын жолдың бойында ауылдың еңсесін көтеріп, «Мен мұндалап!» тұратын Подстепный жалпы орта білім беретін қазақ мектебі (кешірерсіз, осы күнгі мектептердің атауы осылай – ащы ішекше шұбатылып жатады) жаңа оқу жылының лебін сездіргендей тап-тұйнақтай болып жұтына қалыпты. Тал-теректер шаштараздан жаңа шыққандай қырқылған, айналаның бәрі мұнтаздай.

4
Директордың кабинетін сұраймын ғой баяғы, кіре сала.
Кезекші келіншек қысыла жымиып, ілесе жүріп жол бастады да, бірінші қабат, сол жақ қанаттағы есігі ашық тұрған бөлмені көрсете бере қалып қойды.
Қабылдау бөлмесі шығар десем, ашық есіктің ар жағындағы қуықтай бөлме «Директорскийдің» өзі екен! Үлкен үстел кесесінен сыймайтын, жалпақтау екі адам қатар кірсе, кептеліп қалатындай жағдайы бар жұпыны кабинетті көргенде шошып кеткенімнің несін жасырайын. Бұрын талай келіп-кетіп, араласып-құраласып жүрген мектеп қой. Мектеп директоры Марат Төлеуұлы, қасында әлде нені талқылап отырған үш-төрт мұғаліммен жамырай амандасқанның соңында бірінші сұрағым «Кабинетің қайда?» болыпты көзім бақырайып.
«Класс жасап жібердік, сыймаймыз» деді Марат «түсінесіз ғой» дегендей шарасыз күлімсіреп. Сол бойы екінші қабаттағы бұрынғы кабинетке бардық. Сегіз парта қойып, он алты бала оқитын бөлме жасап қойыпты. Алдындағы қабылдау бөлмесінде жетімсіреп жалғыз үстел орындығымен тұр. Бұл мұғалімдер бөлмесінің «филиалы» екен. «Филиалдары» деуімнің мәнісі бар, 90 мұғалім жұмыс істейтін іргелі мектептің «Оқытушылар бөлмесінің» де манағы «директорскийден» үлкендігі шамалы. Сосын, не істесін, тіпті дәретханалардың да артығы (негізі, артық емес қой...) мұғалімдердің жұмыс орнына айналып, лекерлеп жіберген.
Неге екенін білмеймін алқымыма өксік тіреліп, көзіме жас келіп қалды.
«Қабырғалы қара нар, Қабырғасын сөксе бақ етпес» дегендей, шыдамы шексіз ұстаз атты қасиеттілер жұмыс істейтін мектеп, Мектепана мұңая күрсініп тұрғандай болды.
2008 жылы пайдалануға берілген бұл мектептің ғимараты да Подстепный халқының армандап жүріп, не айқайласып, күресіп жүріп әрең қол жеткізген игіліктерінің бірі еді-ау... Оған дейін де қаншама тарихты өткеріп еді басынан осы бір тартыста туып, талай қиындықты басынан кешіре жүріп, құрыштай қайнап жетілген қазақ мектебі!
Оқырманға түсінікті болуы үшін, сәл шегініс жасайын: Подстепный – іргесі Орал қаласына тиіп тұрған (7 шақырым), Жайық, Барбастау өзендерінің сағасында («Ақ жол» демалыс бекеті жақтағы «Ядовитый» (қазақша аты жоқ...) деген өзеншені қоспағанда) орналасқан сулы, нулы жер. Ауыл деуге тұрғын саны көптеу (10 мыңнан едәуір астам), қала деуге жетіңкіремейтін, бірақ қалыбы соған жақын, жайлы да сайлы мекен. Іштеріңіз біліп отырғандай, мұндай жерлерде қазақ аз да, қазақ еместер көп болып келді ғой бұрында. Подстепный да аты мен заты түгел орыстанып кетпегенмен, соған жақын қалған, қақ ортада іргесін бекітіп, оқшау отырған бір ауылтын... Бірді айтып, бірге кетті деп сөкпессіз, манағы мектепке кіргеннен әңгімеміз жараса кеткен (көбі еңбек демалысынан шықпаған екен) әріптестердің естеліктері Подстепныйдың тірі тарихындай сайрап қоя берді.
– Мен қазір 56 жастамын, осы жерге 10 жасымда көшіп келдік. Келсек, мұнда тек қана орыс мектебі, қазақ мектебі деген өңі түгілі түстеріне кірмеген жер екен. Мені бір класс кейін шегеріп, «Орыс мектебіне аламыз» депті директоры. Бала да болсам мен көнбедім, ата-анам да ыңғайыма бағып, қазақша мектебі бар ауылда тұратын ағайынымның үйіне жатқызып оқытты. Кейін Оралдағы пансион (ол кезде солай аталатын) қазіргі №11 мектепке қабылданып, бітіріп шықтым, – деп бастады естеліктер легін Подстепный қазақ мектебінің белді мұғалімі, аудан, облыс өңіріне шеберлігімен, жаңашылдығымен, ұлтжандылығымен танымал болып жүрген тұлға Аққожин Манас Исмағұлұлы.
Бір сәт жүрегіміз езіле отырып атамекенде жүріп-ақ шетқақпайлық көрген күндерді, күндерді емес-ау, жылдарды есімізге алдық.
Қалай шетқақпайлық көрдік демессің енді: мынадай әдемі, қолайлы жерге қазақтарды келтірмес үшін, келсе де орыстандырып алу үшін әдейі қазақ мектебінің ашылуына тосқауыл қойып отырса!
Сөйтіп жүргенде, ауылдың мұқтажын көріп, біліп, намысына күйіп жүрген ауылдың естияр азаматтары Қисымов Қабделхан Қисымұлы, балалар дәрігері болған Ғаббасов Қанат Зейноллаұлы бас болып, Подстепный орыс мектебінің жанынан қазақ класын ашуға батыл бастама көтереді. Оған Дуана ауылында мұғалім болып қызмет істеп жүрген Гүлзада Тыныштыбайқызын шақырттырып алады. Бұған, әрине, жергілікті шовинистер шоршып түсіп, бірден қарсылық көрсетеді. Көрсеткені сол, «Қазақ класын ашады деген не сұмдық! Бұл барып тұрған «национализм»! Оларда сапа болмайды, қазақша оқыған балалар Ресей оқу орындарына түсе алмайды. Болашағы жоқ» деп, көлдей мақала жазады (иә, сондай да кезеңдер болған!)
Бұл әрекетке жауап сол – ауылдағы қазақтың тағы бір батыр қызы (батырлық үшін соғыс, яки үлкен оқиға болуы да шарт емес), тарих пәнінің мұғалімі Аймұқашева Қалила Кәримоллақызы «Ендеше, бұл жерге қазақ класын ашудың өзі аз, бөлек қазақ мектебі керек!» деп жарып шыққан. Осылай басталған күрес бірте-бірте күш алып, 1990-1991 оқу жылында орыс мектебінің қабырғасынан 18 оқушымен қазақша бірінші класс ашылады. Ал 1997 жылы Подстепныйда алғаш рет қазақ орта мектебі өз алдына шаңырақ болып, бөлек шығады. Осы жерде тағы бір шегініс жасамасқа болмай тұр: Подстепныйдан солтүстік батыс жаққа қарай екі-үш шақырым жерде Төркінжол (архивтерде Төңкеріс, Төңкеріс жолы, одан сөз ауызекі ассимиляцияға ұшырап, Төркінжол болып кеткен сияқты авт.) деген ауылдың жұрты бар. Көне қорым, қопа болған тұрақ ізі, сілемдері әлі байқалады. Негізі, ауылдың орталығы сол жерде болған.
Төркінжолда қазақша орта мектеп, мешіт те болған дейді!) Онда еңбек еткен мықты-мықты мұғалімдерді көре қалған бір-екі адамның әңгімесін де құлағым шалған. Кейін, тың игеру жылдарында Төркінжол қаңырап бос қалып, күйреп тынады да, халық орысша болса да мектебі бар, күнелтіс үшін жұмыс та табылатын осы Подстепныйға қоныс аударады. Сонымен, Тәуелсіздік 6 жасқа толған жылы, Подстепныйдың 6-ға толған балалары қазақ мектебінің есігін ашады.
– Дым жоқ. Аяқтай жүріп, аудан-ауылдардан парта, кітап жинап, қолдан құрастырдық. Қазіргі «Үміт» гимназиясының қыздар жатақханасы тұрған аядай ғимараттың қолымызға тигеніне мәз болып, өзіміз жөндеп, сырлап, «котельный» салып, зыр жүгіріп жүріп еңбек еттік. Алғаш сабақ басталғандағы көрініс әлі күнге көз алдымызда: әр мектептен ауысқан әр түрлі парталар... Біреуі көк, біреуі қоңыр, енді бірі қақпағы ашылып-жабылатын, кәдімгі әкелеріміздің кезіндегі тақтайы қалың қара парта... Оқулық тағы сол...
Спортзал қайдан болсын, оқушыларымызды сыйғызатын жер таба алмай отырғанда? Үш жерде оқыдық: әкімшіліктің бір ғимаратын, амбулаторияны босаттырып берді жергілікті басшылар, тәуелсіздіктің тынысы ғой ол да болса... Жартылай құлап, бос қалған Мәдениет сарайының залын шамалап жөндеп, спортзал қылып, дене тәрбиесі, жарыс дегендерді сонда өткізіп те амалдадық... деп еске алып отыр сол күндерде бірге жүріп, осы мектепті қолдарынан құрысқан әріптестер.
... 2001 жыл. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығына – 10 игілікті іс!» деп ұрандатып жатқан шақта Подстепный сияқты қала десе – қала, ауыл десе – ауыл, баланы жан-жақты дамытып, тәрбиелеуге өте қолайлы жерден дарынды балаларға арналған, үш тілді тереңдетіп оқытатын, 100 орындық гимназия ашуға ұйғарым жасайды облыс басшылығы. Ал бір өзі ғимараттың тарлығынан төрт жерге бөлініп, қиналып отырған қазақ мектебін жартылай бос тұрған орыс мектебіне көшіретін болады. Тағы да талас-тартыс, Құдайдың құтты күні жиналыс... Аралас мектеп дегеннің не екенін, әрі жаңағы орыс мектебі ғимаратының бұларға берілгелі отырған төбесі шұрқ тесік, едендерінің көретін жері жоқ үшінші қабатының жағдайын көздерімен көріп, қолдарымен ұстап, әбден ығыр болып шыққан мұғалімдер қалай қарсылық білдірмесін, «Кемедегінің жаны бір» – ата-аналар қайтіп қолдамасын мұндайда ұстаздарды! Мұң-зарларын айтып «емен есіктерді жағалау, журналистер көмегіне жүгіну, тіпті митингке шығуға дейін барып, қоғамның назарын өздеріне аудартады «тойып емес, тоңып секірген» халық. Бір күні «Ақ түйенің қарны жарылып», жоғарыдан «Бұл мектепке тимейміз, орындарыңда қаласыңдар» деген хабар келеді. Содан, бәрі қуанып, бірін-бірі құттықтап, жүректері орындарына түсе бергенде, алдында журналиске аяқтай барып айтып кеткен арыздары бойынша жазылған удай ащы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарқ ете қалады ғой (ынталы топ соңғы жаңалықты айтып, ескертіп үлгермеген екен журналиске...)
Бәрі быт-шыт... Сонымен, орындарын «Үміт» лингвистикалық гимназиясына босатып беріп, орыс мектебінің үстіне амалсыз көшіп барады бұлар (осыны естігенде, түк жазығым болмаса да сол гимназияны құрғаннан бастап, біраз жыл басшылық еткен адам ретінде өзімді жазықтыдай сезініп, қысылып, әрі аяп тағы да әрі-сәрі күй кешкенім...)
... Қақаған кабинеттер, қатқан қаламдарын еріндерінің ұшымен үргілеп жылытып, қолдарын бір-біріне уқалап отырып сабақ жазған балалар, жаңбыр жауса, қатар-қатар қойылған шелектерге шылп-шылп тамған тамшылардың дыбысының астында жұмыс жасаған мұғалімдер... Осылайша, атышулы орыс мектебінің үшінші қабатында тағы 7-8 жыл өтті.
2008 жылы осы жап-жаңа, жып-жылы, айнадай жарқыраған 345 орындық ғимаратқа тағы да қоғам белсенділерінің білек сыбана араласуымен (ол енді, өз алдына бөлек әңгіме...) қолдары жетіп, 600 баламен көшіп келді. Биыл, міне, 2022 жыл. Сол кезде республикалық трансферден арнайы, тікелей бөлінген қаражатқа жыр мен жұмбақ болып жүріп салынған (әйтпесе, әлі отырар ма еді бір мектептің ортасын бөліп, екі жағынан кіріп-шығып) сол орында 1000 бала (оның 90-ы мектепке дейінгі әзірлік бөліміне келетін бүлдіршіндер...) қыстырылысып-қымтырылысып үш кезекте оқып жатыр. Таңертең 8-ден кешкі 8-ге дейін құмырсқаның илеуіндей қайнайтын да жататын бейнетқор мектептің еңбекқор халқы (ұстазы бар, шәкірті бар, жұмысшы-қызметкерлері бар) мынадай жұмыс ырғағына қалай ілесіп, қалай шатаспай атқарып жүргендеріне таң қаласың.
«Негізі үш «сменде» бастауыштың балалары оқытылады, сабақ саны аздау ғой өйткені, – деп түсіндіреді мектеп директоры Марат Төлеуұлы, – жоғары сыныптың жүктемесі олай бөлмелеуге қалай етсе де келмейді. Амал жоқ, қуыс-мүйістің бәрін сынып жасап, «көңіл жетсе, бәрі жетеді» деп қойып жүріп жатамыз. Мысалы, мектепке дейінгі даярлық сыныбына келетін 90 балаға бар болғаны бір бөлме бердік. Екі сағат-екі сағаттан үш бөлініп келіп оқиды. Не істейміз басқа?..»
«Салтанат залы, спортзал, шеберхана – бәрі де сабақ өтілетін сыныпқа айналып кетіп жатады керек кезінде. Салтанат залы сабақтан босамай, кітапханада конференция сияқты шараларды өткізетін, сөйтіп кітап керек болып келген балаларды кезек күттіріп, яки кері қайтаратын кездер де болып тұрады», – деп қосып жатыр осы бір кездесудің сәті түскеніне қуанысып, сырласуға да, мұңдасуға да әзір екендерін жарқыраған жанарларымен білдіріп-ақ отырған ұжым мүшелері. «Келгеніңіз жақсы болды, шер тарқатып, жеңілдеп қалдық жаңа оқу жылының алдында», – деп күлісіп қояды арасында. Фанаттар ғой. Мұндай жерде тек фанаттар ғана нәтижелі жұмыс істей алатын шығар. Ойлаңыз, тар бөлме (бәрі емес, әрине, типтік талапқа сай кабинеттер де бар) көп бала. Ыстық. Тер. Иіс-қоңыс. У-шу (бала қозғалыссыз, жүгіріссіз өсе ме?).
Кондиционер деген атымен болмайды мектеп деген мекемелерде. Армандамайды да ондай «комфортты». Әр кезектің алдында сынып бөлмесін жуып-сүртіп, тазалап, желдетіп алуға 40 минут қана мұрсат болады екен. Бәрі соған үйренген. «Ауа жаңғырып үлгірмейді» деп күрсінеді ішінде жүргендер. Ал киімілгіштегі жағдай тіпті қиын. Айтуға келмейді...
– Бұл – бұл ма! Көршілес Тоқпай ауылының балалары да түгел осында келіп оқиды ғой. Енді онда 240 пәтерлік үйлер салу жоспарланып, 120-сы пайдалануға да беріліп үлгірген. 74 жанұя кө­шіп келіп, орналасып та жатыр. Жас отбасылар... Ал олардың балалары қайда барып оқиды? Осы Подстепныйдан да тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр...
Биылдың өзінде 11-сыныптарды ҰБТ-ға дайындайтын орын жоқ... – деп әбден бас қатырып отыр жанкешті мектептің жауынгер мұғалімдері. «Шегінерге жол да жоқ», ине шаншарға орын да жоқ мұнда! Амалсыздан аралас мектеп болып отырған, сыйымдылығы – 1170 орындық Подстепный №1 ЖОББ мектебінің жайын айтар болсақ, бұлар 968 оқушымен (оның ішінде, орыс сыныбында – 380, қазақ сыныбында – 588!) жаңа оқу жылын бастағалы отыр екен. Биыл мектепке жаңадан 31 оқушы келіпті. Оның сыртында, даярлық тобында – 59 оқушы, яғни төрт сынып бар. 3 қазақ сыныбы – 47 оқушы, 1 орыс сыныбы – 11 оқушы. Аралас мектеп дегенге тіл мүддесін ойлаған елдің теріс қарап отырғаны тағы белгілі. Не істемек керек?! «Қалай етсе де, елімізде мешітке емес, мектепке зәрулік басым екені «Соқырға таяқ ұстатқандай» анық емес пе?» деген сауал күйіп тұр тілдің ұшында...
«Бір кезекте жұмыс жасауға (Құдай беріп) мүмкіндік туып жатса, түс қайта қолдарың босағанда не істер едім деп армандайсыздар? Жалпы, қандай арман-тілекпен кіргелі отырсыздар бұл оқу жылына?» – деп сұраймын ғой кетераяқта. Абдырап қалды мұғалімдер. Тосын болған сияқты олар үшін.
«Олимпиада, байқауларға баратын оқушыларымызды кешкі 8-де жұмыстан шыққан соң үйге алып кетіп, түн жарымына дейін қосымша сабақ беруден құтылып, ашықжарықта осында отырып дайындар едік, адам құсап», – деді бірі жай ғана (толқып кеттім, көзім қыпылықтап).
«Биыл сол олимпиада, байқауларға балаларды дайындау, оны-мұны керек-жарақтарды сатып алу, алып бару, алып келу жолақысы сияқты жұмыстардың шығынын мұғалімдер мен оқушылардың иығынан алып, сала басшылығы қаржыландырса екен», – деді келесі ұстаз.
Дұрыс қой. «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол қажет» дегендей, білім саласында толассыз өткізілетін де жататын жарыстар мен жарысшалардың да ойдай шығыны бар. Қалтаға соғады. Оның үстіне, бүгінгідей қымбатшылық күйіп тұрған заманда мұны айтпасқа болмағасын да айтып отырған шығар бала бағбандары. Мәдениет саласы, тіл басқармасы т. б. өткізетін ісшараларға арнайы қазынадан қаржы қаралады ғой. Мектептерде, білім бөлімдерінде қалай екен өзі? Есебін кім біледі? (сұрағымның жауапсыз қалатынын біліп, адрестік сауал жолдаған да жоқпын).
Қысқасы, білім-тәжірибесімен де, мінезімен де өзіндік жолын салып, уақыт талабына орай ұлт мектебі болып жаралған және сол жолда жанқиярлықпен еңбек етіп келе жатқан Подстепный жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің жағдайын түзеу – кезек күттірмейтін іс. Әйтпесе, сылдыр уәдемен уақыт өтіп, уақытпен бірге балалар тиістісін ел қатарлы ала алмаған күйі өсіп жатыр, кетіп жатыр. Балалық кездің бір күні – болашақтың бар күніне татитынын кім білмейді дейсіз. Мұңды мектеп маған осылайша сыр шертті. Тезірек арылса екен бұл мұңнан мүмкіндігінен артық жүк артылған ауыр «составты эшелондай» орнынан салмақпен қозғалса да, болашаққа барар керуеннің ішінде кетіп бара жатқан ауыл мектебі...
«Жаңбыр-жаңбырдың арасынан жол тауып» дегендей, осыншама қиындықтарға қарамастан осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырған мектепті «Жанкешті» демей, не дерсің!
Әттең, шіркін, осындай өршіл мектептің уақыт талабына сай, кең орында құлашты еркін жазып жұмыс істеуіне жағдай жасалса, қане!.. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» деп, бір мектептерді хан баласындай баптап, бір мектепті жетім баладай қылып «шөміштен қағу» елдігімізге жарасар ма?..
«Бүгінгі таңда біздің аудан үшін ең өзекті, ең үлкен проблема осы Подстепныйдың мектебі болып тұрғаны рас», – деді Теректі ауданының әкімі ТілекқабылАлександрұлы осы жайлы хабарласқанымызда, оны шешуге әзірге мұрша болмай жатқаны өздерінің де арқаларына аяздай бататынын білдіріп, – Тоқпайда тұрғын үйлердің көптеп салынып, ол үйлерге жұрттың көптеп қоныстанып, тиісінше, тұрғындар санының күрт артып жатқаны да, ол ауылда мектептің жоқ екені де рас. «Ой жеткенге – бой жетпей», уақытша қиындықтарға тап болудамыз. Шешімін табуға облыс басшылығымен бірлесіп, тиімді әрі тез жолдары барынша қарастырылуда.
Қазіргі таңда 600 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, жуықта сараптамадан өтіп шықты. Жоба құны – 2,2 млрд теңге. Сонымен бірге Тоқпай ауылында да қазіргі уақытта жер телімі аукцион арқылы белгіленіп, жеке 200 орындық мектеп салатын мердігер анықталды. «Жаңа толқын Орал» атты ЖШС 200 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауда». Жағдай осы. Біздікі – көрген-білгенімізді оқырмандарымызға һәм билік басындағыларға «жеріне жеткізіп» баяндау ғана.
Бәлкім, министрліктің, Үкіметтің назарына ілігіп, болмаса, бүгінгінің прогресшіл бизнесмендері біріге қимылдап мәселе тезірек шешіліп қалар.
Кім білген?..

5
Көрсеткіштері:
Аудандық «Үздік мектеп – 2021» байқауы – Бас жүлде (мұғалімдер бөлмесіне жиһаз);
2021-2022 оқу жылында мектептер арасындағы аудандық рейтингте – І орын (грантқа ие болу көрсеткіші – 63 %);
Аудандық «Үздік жазғы мектеп – 2022» байқауы – Бас жүлде (ақшалай сыйлық);
Пәндік олимпиадалардан: Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиада – ІІІ орын (химия) Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиада – ІІ орын (математика)
Облыстық пәндік олимпиада (География) І орын;
2021-2022 оқу жылында республикалық түрлі байқаулардан 124 оқушы, облыстық байқаулардан – 46, аудандық байқаудан 104 оқушы жүлделі орындарды мектебінің қанжығасына байлаған.
Ерекше оқытуды қажет ететін оқушыларға арналған республикалық пәндік олимпиада, облыстық «My robot», «NatRoboCom» роботтық техника байқаулары мен жарыстары,
•«Smart City Uralsk» облыстық компьютерлік сурет байқауы,
•«Шексіз шығармашылық» республикалық байқауы,
«Әбіш оқулары» облыстық байқауы, «Қазақстан балалары шексіз әлемде» балалар кино фестивалі, облыстық ғылыми жобалар байқауы, облыстық «Мамандықтар әлемін ашамыз» форумының «Мамандықты таңдайтын уақыт» видео-блогтар байқауы
т. б. толып жатқан жеңістер – толассыз еңбектің толымды куәсі. Осы мектептің техникалық-шеберлік үйірмесі де өз алдына бөлек мектеп болып жұмыс істеп отырған аудандардан қалыспай, керемет нәтижелерге қол жеткізуде:
• О.Таңсықбаев атындағы Өнер колледжіне грантқа түсіп, бітіріп, қазіргі кезде Алматы қаласында кәсіби зергер болып отырған;
• Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына мүсінші мамандығы бойынша грантқа түсіп, қызыл дипломға аяқтаған, биыл магистратураны бітіріп, магистр атағын алып шыққан кәсіби мүсінші;
• Облыстық техникалық балалар шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі.
Қазіргі таңда «Батыс Қазақстан облысы кеме үлгілерін жасау спорты федерациясы» қоғамдық ұйымының басшысы болып отырған түлектері бар.
Облыстық, республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, кеме үлгілерін жасау спорты бойынша Қазақстан Республикасының спорт шебері болып отырған Есқара Ерасыл да осы мектептің 10-сынып оқушысы. Спринт және орта қашықтық, эстафета, шаңғы жарысы, кросс, футбол жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпаздары да толып жүр бұл мектепте!

Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале