Көру қабілеті баланың дамуында маңызды рөл атқарады: қоршаған орта туралы ақпараттың шамамен 90%-ын балалар көз арқылы қабылдайды. Көптеген балалар жақсы көру қабілетімен дүниеге келгенімен, мектеп жасында көру бұзылыстарының саны айтарлықтай артады. Көбінесе миопия 7–12 жас аралығындағы балаларда анықталады.

Сурет: istockphoto.com
Көру қабілетінің нашарлауының негізгі себептері: жақын қашықтықта жұмыс істеу кезіндегі көзге түсетін шамадан тыс жүктеме; көру бұзылыстарын дұрыс түзетпеу (дұрыс таңдалмаған көзілдірік немесе контакт линзалары); дұрыс тамақтанбау, яғни магний мен мырыш сияқты көру үшін маңызды дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігі. Сондай-ақ тұқымқуалаушылықтың да маңызы зор: ата-анасының бірінде немесе екеуінде миопия болса, баланың қауіпі артады.
Сколиоз — омыртқаның бүйірлік қисаюы, ол көбінесе баланың белсенді өсу кезеңінде дамиды. Ауру біртіндеп өршиді және бастапқы кезеңдерінде байқалмауы мүмкін. Сондықтан баланың дене қалпына назар аудару маңызды: иықтың тең орналасуы, партада дұрыс отыруы, аяқтың еденге толық тірелуі. Алдын алу шараларына тұрақты дене белсенділігі (жүзу, гимнастика, қимыл-қозғалыс ойындары), қатты арқалығы және кең бауы бар рюкзак пайдалану, сондай-ақ жүйелі медициналық тексерулер жатады.
Батыс Қазақстан облысында мектеп оқушыларына жүргізілген медициналық тексерулер 2025 жылы сколиоз және көру қабілетінің бұзылыстары жағдайларының азайғанын көрсетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сколиоз жағдайлары 26,4%-ға төмендеді, ал көру мүшелері патологиясының көрсеткіші 2,6%-ға азайды.
2025 жылғы медициналық тексеру нәтижесінде 4 901 балада түрлі патология анықталды, бұл тексерілгендердің 4,2%-ын құрайды. Анықталған аурулардың құрылымында ең жоғары үлесті көру мүшелері патологиясы алады — 70,6%, сколиоз — 4,2%, өзге аурулар — 5%.
Бала денсаулығы күн сайын қалыптасады. Сондықтан ата-аналардың қарапайым профилактикалық шараларды сақтауы көздің көруін және омыртқасының саулығын қорғауға көмектеседі. Тұрақты дене белсенділігі бұлшықеттерді нығайтып, дұрыс дене қалпының қалыптасуына ықпал етеді. Мектеп құралдарын дұрыс тасымалдау, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру (жақсы жарықтандыру, дұрыс отыру, мониторға дейінгі 40–60 см қашықтық) көру мен омыртқаға түсетін жүктемені азайтады. Компьютер алдында отыру уақытын күніне екі сағатпен шектеп, үнемі үзіліс жасап отыру қажет. Сонымен қатар дәрумендер мен микроэлементтерге бай дұрыс тамақтану, тұрақты медициналық тексерулер және мектеп жасында дене қалпын бақылау профилактиканың маңызды бөлігі болып табылады.
Алдын алу — баланың үйлесімді өсуі мен жан-жақты дамуының негізі.
Э. Галямова,
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің жетекші маманы