11.04.2023, 10:45
Оқылды: 199

Мектеп тарихы – өмір тарихы (Қараөзен мектеп-лицейі. Кеше және бүгін)

 

Жалпақтал ауылымен жалғаса, Қараөзеннің бойын сағалай орналасқан бұл ауылдың аты да – Қараөзен. Көнекөздер бұл ауылдың, яғни мектептің де тарихын былайша тарқатар еді:  «1966 жылы «Ақкөл» совхозынан бөлініп шыққан «Қараөзен» совхозында төрт жылдық бастауыш мектеп құрылды. Мектепте не бары – 18 бала. Онда  Дариға Жазбаева, Марзия Бекмурзина сынды ұстаздар  еңбек етіп, жол бастады.

20230410_010232

1967 жылы 30 қазанда сегіз жылдық мектеп болып құрылды. Оған 150-дей бала қабылданды. Сегіз жылдық мектептің директорлық қызметін Мүтиғолла Темірханұлы Темірханов қолға алды... «Осылайша сараң сөйлеген тарихтың тасасында қаншама өмір, қаншама еңбек жатыр десеңізші!  Көре қалдық... Сол басқарғаннан Мүтиғолла Темірханұлы Темірханов 1967-1994 жылдар аралығында, яғни 27 жыл осы мектептің ыстық-суығын бірдей көтеріп, мектептің қалыптасуына зор еңбек сіңірді.

Қазір мектеп басына бір музей,  ел мен мектептің қашан да кіндігі бір болған соң,  тарихы да бірге өріледі ғой: «1978 жылғы сәуір айының 10-ы күні  халық депутаттары аудандық Советі атқару комитетінің председателі А. Исмағұловтың ұйымдастыруымен өткен «Аудан мектептерін 1978-1979 оқу жылына әзірлеу және мектептер сетін бекіту» туралы жиынында төмендегідей шешім қабылданды: «Қараөзен» совхозы дирекциясына, ата-аналардың және өзге де қоғамдық ұйымдардың өтініштерін қатерлеп, халық  депутаттары аудандық Советі атқару комитетінің, халық шаруашылық жоспарына сәйкесті, Қараөзен сегіз жылдық мектебі негізінде орта мектеп ашуға шешім етеді. Қараөзен орта мектебіне арнап салынып жатқан мектеп үйі құрылысын осы жылдың тамыз айының 15-сі күніне дейін аяқтап пайдалануға беру совхоз директоры Ғайса Сүйеуғазиевке тапсырылсын. Орта мектепке айналдырылған Қараөзен мектебін маман кадрлармен жабдықтау аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ахат Темірғалиев жолдасқа міндеттелсін» деп сөйлейді мұндағы музейде сақталған  ескі құжаттар.

Сонымен  1978-1979 оқу жылының қыркүйек айында типтік жобадағы Қараөзен орта мектебі ғимараты қолданысқа беріліпті. Мектепке үш ауысымда 400-ден астам бала білім алуға кіріскен. Алыс- жақын ауылдардан қатынап оқитын малшы-шопандардың балаларына арналған  жатақхана ашылып, онда алғашқы жылдары 130-дай бала тәрбиеленіпті. Педагогикалық еңбектерінің нәтижесіне қарай 1997 жылдың 30 қазаны күні  «Мектеп-лицей» статусын алған.  Халық ағарту ісінде өзіндік орны бар, алыс-жақынға таныла білген білім ошағына 1994-2001 жылдар аралығында ҚР  Білім беру ісінің үздігі Адам Сағынұлы Имашев, 2001-2012 жылдар аралығында Зәйлім Исатайқызы Мажитова, 2012-2022 жылдар аралығында Маншук Ізбасарқызы Жексенова басшылық етті.  Бәрі де халықтың көз алдында, қалдырған қолтаңбалар  сайрап тұр 55 жылдық тарихы бар мектептің өмір жолында. Қазірдегі оқушы саны – 210. Соның ішінде 64 оқушы 5 лицей сыныптарында тереңдетілген бағдарламамен оқытылады.

«2014-15  оқу жылынан бастап, мекеменің коммуналдық болып өзгеруіне байланысты, лицензиясы мен Жарғысы өзгертілді. 2014-15 оқу жылында  2 миллион 665 мың теңгеге толық жабдықталған жаңа химия кабинеті  ашылған. Өткен оқу жылында 6 бейнебақылау камерасы және  11 жаңа компьютер алынса, 2003  жылы жабдықталған экология кабинетіне биылғы оқу жылында  300 мың теңгеге тірі жәндіктер алынып, толықтырылды. Мектебімізде жаңа үлгіде 6 кабинет жабдықталған.

4 интерактивті тақта, жаңа заман талабына сай психологиялық-жеңілдету кабинеті және мектеп өмірінен сыр шертетін тарихи зал, мектеп ауласында бау-бақша бар.

2013-2014 оқу жылынан бастап шағын жинақталған мектептердің проблемаларын шешу мақсатында Ресурстық орталық ашылды. Ресурстық орталық болуға мектебіміздің сапалық құрамы мен материалдық базасы толық келіп тұр.Оған Н. Дүйсенғалиев мектебі мен Жас ННБ мектебінен 23 оқушы тартылды. Оқушылардың барлығы да интернатта жатып, білім алады.

Оқшау жатқан ауыл балаларын ортаға бейімдеу, заман талабына сай көлемді ақпараттармен және ақпараттық желілермен жұмыс жасауға баулу мақсаты осылайша жүзеге асырылуда. Мектеп жанында «Айгөлек» шағын орталығы да жұмыс істеп келеді. 2014-2015  оқу жылының мамыр айына дейін шағын орталық жарты күндік жұмыс атқарып келген, ата-аналардың  сұранысы бойынша 10,5 сағаттық жұмыс күніне ауысты.

Бүгінгі күні орталыққа 50 бала тартылып отыр.  Шағын орталық мектептен бөлек орналасқан. «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» жобасы аясында ҚазИИТУ ғылыми кешенінің 830 мың теңге көлеміндегі демеушілігімен бала қабылдауға арнайы орын салынған, – деп  әңгімелейді мектеп-лицей директоры Қайырлы Сағындықұлы Байжанов, – Оқушыларды ғылыми ізденіске тәрбиелеу мақсатында  Кіші ғылыми академия жұмыс жасайды. Балаларымыздың ғылыми негізде жасаған жұмыстары аудандық, облыстық ғылыми-практикалық конференцияларда жоғары бағаланып,  жүлделі орындарды иеленуде. Мектеп М. Өтемісов атындағы БҚУ мен келісімшарт негізінде бірлесіп жұмыс жасайды. Әсіресе, 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындауда ЖОО аға оқытушыларының келіп дәріс беру үрдісі неше жылдан жалғасын  табуда.

Мектеп оқушылары 2013-2014 оқу жылынан бастап ата-аналар есебінен бірыңғай көк түсті мектеп үлгісіндегі формамен қамтылса, 2014-2015 оқу жылынан бастап мұғалімдердің де бірыңғай стильде  форма киетінін  басқа мектептерге  үлгі  етеміз».

Иә, дәстүрге берік білім мен тәрбие ордасының бүгіні – бұрынғының заңды жалғасы. Білім жағынан да, спорт пен қоғамдық-тәрбиелік шаралар жағынан да аудандық спартакиадаларда, олимпиадаларда үнемі қол жеткізіп келе жатқан нәтижелі жеңістердің куәсі мектеп сөрелерінде сайрап тұр. Қияға қанат қағып, еліміздің маңдайалды оқу орындарына оқуға түскен, сан салада абыройлы еңбек етіп жүрген түлектері  қаншама!

Тағы бір тарихи сәт – 2011 жылы  сол кездегі мектеп басшысы Зәйлім Исатайқызының бастамасымен  мектеп тарихынан сыр шертетін Тарихи зал мен Қуыршақ театры ашылса, сол жылы мамыр айында аудан көлемінде тұңғыш болып, оқушы бойындағы стрестік күйді арылту, қоңырау уақытында демалдыру мақсатында психологиялық тыныс кабинеті ашылды. Ал Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай мектепте ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлеріне арналған даңқ бұрышы жасақталып, кейін ауыл, өлке тарихынан үн беретін және ҰОС ардагерлеріне арналған мұражай болып қайта жасақталып, толықтырылды, бүгінде 1500  жәдігер бар. Сыртынан қарағанда өңі ескі болғанмен, іші – кірсе шыққысыз ұядай мектеп 2022  жылы облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына қатысып,  Бас жүлдеге  34 миллион грант ұтып алыпты! Сол грант қаражатына мектептің 55 жылдығына, лицей статусын алғанына 25 жыл толуына орай құны 17 миллион тұратын «STEM» лабораториялық сыныбын ашқан. Бұл – аудан көлеміндегі бірінші заманауи физика кабинеті. Мұнда осы мектептің өз түлегі Нұржан Жұмабаев еңбек етеді. Ол  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Физика» факультетін бітіріп, өз ауылына оралыпты!

«Әр адам өзі туған жерінің, өскен ортасының дамығанын, жағдайының жасалғанын қалайды, – деп  толғанады мектеп директоры. Толғандыратын мәселелер де баршылық. Мектеп сонау 2005 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бұл жөндеу кезінде мектепке бекітілген қосымша ғимараттар жөнделмеген.

1989 жылы салынған интернат содан бері бір де бір күрделі жөндеуден өтпей, әбден тозығы жеткеннен «тұтынуға жарамсыз» деп танылып, 2021 жылы амалсыздан  мектеп ішіне көшірілген. 1987 жылы салынған шағын орталықтың ғимараты да күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Материалдық жағынан толықтыруға да зәру. Балалар бір бөлмеде оқып, сол жерде тамақтанып, сол жерде ойнайды...

Инновациялық мектеп ретінде гуманитарлық бағытта «БИЛ-club» жобасы, жаратылыстану бағытында «STEM-SCHOOL» жобасын қолға алып, шығармашылықпен жұмыс жасап жатқан ұжымға қойылар талаптар мен артылар үміттің зор екені даусыз. Жаңашылдығымен, жан-жақты шәкірттерімен, білімі мен білігі жоғары ұлағатты ұстаздарымен дараланатын Қараөзен мектеп-лицейі сол үміттің ақталуына атсалысулы. «Күрделі жөндеу жоспарында бармыз, енді бәрі де түзелер»  деп,  өздері де үмітпен отыр... «Үміттерің ақталсын!» деп тіледім мен де, «союз кезіндегі» мектептің сыртқы қабырғаларында айғайлап тұрған «КПСС ХХVІ съезінің шешімдерін жүзеге асырайық!», «Оқы, оқы және оқы!»

В. И. Ленин» деген жазуларды көз қиығыммен шала тұрып...

P.S. Осы бұрынғы жазуды бүгінгілер кетірмек болып қанша бастырып сырласа да өшпей, қайта-қайта  жаңғырып шыға беретін көрінеді (сапа деп соны айт!). Қаптама  силикат  тас  тозса  да,   жазу  тозбаған...

Түгел ауыстырмаса, болмайды-ау!..

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале