Суретші Сәкен Ғұмаров атындағы музей-үйінде «Мектеп және музей» жобасы аясында Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат кешені жанындағы өнер мектебі оқушыларының шығармашылық жұмыстарынан жабдықталған көрме ашылды.
Шараға аталмыш мектептің ұстаздары, жоғары сынып оқушылары және музей қызметкерлері қатысты. Сәкен Ғұмаров музей-үйінің қызметкерлері қала мектептерімен және сурет пәнінің ұстаздарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, балалар көрмесін жасақтап, олардың өнер жолында шыңдалуына септігін тигізіп келеді. Аталмыш мектептің ұстазы, ҚР суретшілер одағының мүшесі Қанат Оразов өз шәкірттерінің 50-ге жуық туындыларын көпшілік назарына ұсынғанын айтты.
–Аталмыш музей біздің мектебімізбен бірнеше жылдан бері тұрақты байланысын үзбей келеді. Осында келіп, Әсия Қиматова есімді әріптесім екеуміз аранайы сабақтар өткізіп, мектеп оқушыларына қолөнер мен сурет салудың қыр сырын үйретудеміз. Бүгінгі көрмеде өнер мектебіне қатысатын 3-9 сынып оқушыларының еңбектері қойылды. Оқушыларымыз түрлі қолөнер сайыстарына қатысып, сенімімізді ақтап жүр. Мәселен жыл басында шәкіртіміз Нұрлыбек Саят «Дала дарындары» сайысынан бас жүлдені жеңіп, Алматы қаласында өтетін байқауға жолдама алды. Ақтөбе қаласында өткен жарыста Милана Губашева есімді қызымыз да бас жүлдені қанжығалады. Біздің мақсатымыз жас буынға эстетикалық тәрбие беріп, оларды өнерге баулу,- дейді сурет пәнінің мұғалімі.
Шекме, былғары, қолөнер, гуашь, акварель және заманауи материалдардан жасалған оқушылардың еңбегін барлық қала тұрғындары наурыз айының 12-не дейін тамашалай алады.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz