6.08.2025, 12:15
Оқылды: 166

Мектепке дайынсың ба, балақай?

Биылғы  жазда  елімізде  бастауыш  сыныпқа  қадам  басуға  дайындалып  жатқан  балалар  үшін ерекше  білім  беру  жобасы  – «Балақайлар  мектебі»  бағдарламасы  кең  ауқымда  жүзеге  асырылуда.  Бұл  бастама  Қазақстандағы  білім  беру  саласындағы  маңызды  стратегиялық  қадамдардың  бірі  ретінде  бағалануда.  Бағдарламаның  мақсаты  –  баланың  мектепке  бейімделуін жеңілдетіп,  білімге  алғашқы  қызығушылығын  ояту  арқылы  сапалы  әрі  тең  білім  беру  мүмкіндігін  қамтамасыз  ету.

e4b3ca94-d421-4969-974a-5d17175cce5c

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, «Балақайлар мектебі» – жазғы демалыс кезінде балалардың мектеп ортасына бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған қысқа мерзімді мектепалды даярлық бағдарламасы.

Бағдарлама мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына толық сәйкес келеді. Жобаның басты ерекшелігі – балабақша мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету арқылы білім берудің жүйелілігін арттыру. Осылайша, мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалар үшін бұл бағдарлама психологиялық және әлеуметтік бейімделудің маңызды кезеңіне  айналуда.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Аяжан Сырымованың айтуынша, «Балақайлар мектебі» даярлық курсына облыс бойынша 418 сынып ашылып, 6508 баланы  қамту  жоспарлануда.

– Мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш сыныптардың жұмысын сабақтастыру  мақсатында мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарының бастауыш сынып мұғалімдері мен  балабақша тәрбиешілері мектеп табалдырығын аттағалы отырған болашақ 1-сынып оқушыларын білім ортасына бейімдеу үшін  «Балақайлар мектебі» қысқа мерзімді даярлық курсы  ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында болашақ бірінші сынып оқушылары мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың типтік оқу жоспары бойынша кешенді дайындықтан өтеді. Курстарды ұйымдастыруда бастауыш сынып мұғалімдері мен арнайы даярлықтан өткен тәрбиешілердің тығыз үйлесімді жұмысы қамтамасыз етіледі. Негізінен балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыту, әлеуметтік және коммуникациялық дағдыларды қалыптастыру, қимыл-қозғалыс икемдерін жетілдіру бағытында жұмыстанады. Бағдарламаға қатысушыларды тәжірибелі мұғалімдер мен педагогикалық даярлықтан өткен мамандар оқытады, – дейді Аяжан  Бауыржанқызы.

Аталмыш бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – оның барлық балаларға, соның ішінде балабақшаға бармаған балаларға да қолжетімді болуы. Осы арқылы «Балақайлар мектебі» көптеген отбасылар үшін мектепке дейінгі білім алуға мүмкіндік береді. «Балақайлар мектебі» – балаларды үлкен өмірге сенімді қадаммен жетелейтін маңызды бастама. Бұл бағдарлама тек мектепке бейімделуді жеңілдетіп қана қоймай, балалардың бойындағы танымдық, әлеуметтік және шығармашылық әлеуетті ашуға жол ашары  сөзсіз.

«Келешек мектептері» жобасының  тиімділігі  қандай?

Білім саласын дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Осы орайда елімізде жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, оқушыларды сапалы біліммен қамтуға, сондай-ақ үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, өңірімізде 8100 орынға арналған 9 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Атап өтер болсақ, 300 орындық – екі, 600 орындық – екі, 900 орындық – бір, 1200 орындық – екі мектеп пен 1500 орындық – екі білім ұясын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда Деркөл кентіндегі ЖОББМ, Теректі ауданының Подстепный ауылындағы 1200 орындық мектеп, Балауса шағынауданындағы білім ошағы пайдалануға берілді. Аталған білім ошақтарының ашылуы өңірдегі үш ауысымды оқу мәселесін едәуір жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға септігін  тигізуде.

72225db1-b961-41ba-80c3-49d8de5d617b

Қазіргі таңда алты мектептің құрылысы белсенді жүргізілуде. Орал қаласының Жәңгір хан көшесінде (600 орындық), Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылында (600 орын), Бәйтерек ауданының Достық ауылында (1200 орын), Бөрлі ауданының Пугачев ауылында (300 орындық), Ақсай қаласындағы М. Ықсанов көшесінде (300 орынға арналған) және Ақсай қаласының 13-шағынауданында (900 орындық) мектептердің құрылысы жүргізілуде.

Жаңа мектептердің салынуы апатты мектептерді алмастырып, үш ауысыммен оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа мектептерді пәндік кабинеттерімен, зертханалармен және заманауи оқу құралдарымен жабдықтау да қарастырылған.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам. Өңірімізде жүзеге асып жатқан бұл жоба оқушылардың қауіпсіз, ыңғайлы және заман талабына сай мектептерде оқуына жағдай жасауда. Мемлекет тарапынан қолға алынған мұндай жобалар – келешек ұрпақтың лайықты білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына жасалған нақты әрі маңызды инвестиция екені даусыз.

Гүлжамал Жолдығалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале