Батыс Қазақстан облысында жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқкиім және басқа керекті заттарды сатып алу үшін 434 млн теңге қарастырылды, - деп жазады Kazinform.

Сурет: Kazinform
БҚО білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақжарқын Темірханованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін 1 991 оқушыға 92 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Оның сөзіне қарағанда, әр баланың ата-анасының карт-шоттарына 46 228 теңгеден аударылды.
- Жергілікті бюджет есебінен Қазақстан Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысы негізінде жалпыға бірдей білім беру қорынан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ басқа да санатқа кіретін жеткіншектерге көмек көрсетіледі. Ата-ана білім беру ұйымдарына барып, мектеп директорына өтініш жазады. Санатқа сәйкес көмек алатын ата-ана банктерде арнайы шот ашады, ақша соған аударылады. Қаражатқа алынған киім, аяқкиім, оқу құралдарын сатып алғандығы туралы түбіртегін білім беру ұйымына тапсырады, - деді А.Темірханова.
Оның айтуынша, 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасатын «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әр азамат халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауға жәрдем беріп, үлес қоса алады.