Еліміздің орта білім беру мекемелерінде оқу жылы 25 мамырда аяқталып, 17 маусымға дейін жазғы мектеп ұйымдастырылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздің мектептерінде оқу жылын аяқтау және емтихандарды өткізу туралы бұйрыққа қол қойдым.
Барлық қазақстандық орта білім беру мекемесі оқу жылын 25 мамырда аяқтайды. Жазғы мектеп 26 мамыр мен 17 маусым аралығында ұйымдастырылады.
9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандары бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі.
Мектеп оқушыларының каникулы 1 қыркүйекке дейін жалғасады», - деп жазды министр телеграм каналында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, мектеп бітіру кешін мейрамханада өткізуге, автокөлікпен қыдыруға тыйым салынды.