Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Рухани мәдениет, білім мен тәрбие адамның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде оның іс-әрекетіне ықпал етеді. Ардан аттамау – адамшылық бастауы. Данышпан ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ар-ұжданға жүгінген қоғамда заңдарға жүгінуге қажеттілік азаяды дегенге саятын тағылымды ой қалдырған. Ар-ұждан бақылауын күшейту – қазіргі қоғамдағы әр адамның тұлғалық болмысын жетілдіру бойынша саналы жаңғыруының басты шарты болуы керек.
Мемлекеттік қызметші азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қойып, жүктелген міндеттемелерді адал орындауды өз парызы деп санауы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуы керек. Басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде: меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуі тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі — қызметкердің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде жұмыстан тыс кездері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бермеу болып саналады.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық деген қағидаттарға негізделеді. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі олардың қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмауға міндетті. Олар парасаттылық және адалдық сияқты тәртіптік әдеп стандарттарын сақтай отырып, өзі қызмет ететін мекеменің беделін түсірмей, қылықтары мен жүріс-тұрысы арқылы мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмеуі маңызды. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын сақтап, оны мүлтіксіз орындау әрбір қызметкердің қоғамдағы жауапкершілігі мен міндеті болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарының бірі – қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, құмар ойынға барудан бас тартуы тиіс. Құмар ойындарға шамадан тыс әуестік мемлекеттік қызметшілерді басқа заңсыз табыс көздерін (сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беру және басқа да оңай ақша табуға бағытталған әрекеттерге бару) іздеуге итермелеуі мүмкін.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 2 қарашадағы №396 Жарлығымен Әдеп кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес мемлекетік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне баруға тыйым салынды.
Атақты Ақтамберді жырау: «Елден елді аралап, Тектіден текті саралап, Сынға толса сияғы, Әлбеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған, Қымбатты гауһар бағасы...» деп тектіліктің асыл қасиеттері туралытолғанса, Сыпыра жырау: «Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар, Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар» деп қазақы тектілік сипаттарын түйіндепті. Демек, қазақтың танымында тектіліктің өзегі жоғарыда жыраулар айтқандай, темірдей тәрбие. Яғни «Ұрпақ ұядан не көреді – ұшқанда соны іледінің» нақты көрінісі.
Ата-бабаларымыз абыройды баға жетпес құндылыққа балаған. «Пайда ойлама, ар ойла», «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық...» деп ұлы Абай атамыз айтып кеткендей, адам үшін ар-ұждан бәрінен қымбат, бәрінен биік. Хәкім Абайдың ақыл сөздерін әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдыруы тиіс.
Айман Хайруллина,
Батыс Қазақстан облысы
әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі