14.03.2023, 9:45
Оқылды: 101

«Мемқызметтегі кемшіліктерді жасырмай айту керек»

Достық үйінде «Тиімді мемлекеттік қызметті құрудағы үкіметтік емес ұйымдардың үлесі» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов жүргізді.

IMG_1742

ұрат Сейілбек-ұлының айтуынша, елдің әлеуметтік маңызды салаларының дамуына үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) зор үлес қосып келеді. Олар тиімді мемлекеттік қызмет институтын құруда, кадрлық саясатты жүзеге асыруда да септігін тигізуде. Департамент қызметкерлері ҮЕҰ-мен бірлесіп, бірқатар іс-шара атқаруда.

– Біріншіден, ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік қызметке және басқару құрылымдарында лауазымға орналасу конкурстарына байқаушы ретінде қатысады. Бұл мемқызметке орналасудың ашықтық және объективтілік қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді. Яғни ҮЕҰ-ның мүшелері кандидаттармен әңгімелесуге қатысып, конкурстық комиссиялардың жұмысымен танысуда. Мемлекеттік құрылымның басшылығына олардың қызметі жөнінде пікірлерін айта алады. Былтыр аталмыш комиссиялардың жұмысына 825 байқаушы мен сарапшы, оның ішінде мемлекеттік емес сектордың 607 өкілі (74%) қатысты. 2021 жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 59% болған еді. Бұл азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекеттік құрылымдар өткізген конкурстарға деген қызығушылығының көбейгенін көрсетеді. Екіншіден, департамент қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметшілерге қатысты жарық көрген жағымсыз материалдарға мониторинг жүргізеді. Есептік кезеңде 30 мемлекеттік қызметшіге қатысты 39 жағымсыз материал жарияланды. Олар бойынша он дерек расталып, 10 мемқызметші түрлі жауапкершілікке тартылды. Осы ретте бізге үкіметтік емес ұйымдардың қызметі өте маңызды. Үшіншіден, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бақыланады. Сол үшін қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, қоғамдық бақылау жасаймыз. ҮЕҰ өкілдері қызмет алушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізумен қатар, қызмет алуға ыңғайлы жағдайлар жасау жөнінде ұсыныстар береді. Былтыр қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 71 қоғамдық бақылау өтті. Нәтижесінде 56 заңбұзушылық анықталып, берілген ұсыныстардың 53-і орындалды, – деді департамент басшысы.
Мұрат Сейілбекұлы сөзінде Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мемқызметке қабылдау барысында негізсіз кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырма бергенін атап өтті. Агенттік қызметкерлері осы тапсырманы орындау үшін жаңа тәсілдер әзірлеген. Соған сәйкес «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға қажетті түзетулер енгізілген. Мәселен, биылдан бастап оқу орындарын мемлекеттік грантпен үздік бітірген түлектер аудан-ауыл әкімдерінің аппараттарындағы төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізеді. Әрі мемлекеттік қызметке орналасуды жеңілдетеді. Сондай-ақ агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландырған. «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталында мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмін әзірлеген. Конкурстық рәсімнің жаңа сипаты үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің әр нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Департамент басшысы биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтетінін айтып өтті. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Мысалы, 2019 және 2021 жылдары іріктеуден өткен 350 адамның 74,2%-ы жұмысқа орналастырылыпты. Биыл республиканың барлық аймағында өңірлік жастар кадр резервтерін құру жоспарлануда.
Семинар-кеңесте Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Әлия Сәлиева қоғамда мемқызметшілердің әдебі мен мінезқұлқына қатысты мәселелер әлі де бар екенін айтты. Олардың жүріп-тұру тәртібі үнемі тұрғындардың назарында. Сондықтан мемқызметшілерге қойылатын талап та ерекше. Себебі мамандардың мемлекеттік қызмет көрсетудегі кәсіби біліктілігі мен әдебі мемлекеттік құрылымның қандай екенінен түсінік береді. Мемқызметшілердің қызметтен тыс уақытта өздерін қалай ұстайтындары да маңызды. Іс-шарада «Арба» тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау қоғамы» ҚБ төрайымы Гүлмира Батпақұлова сөз алды. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының БҚО бойынша филиалының Орал қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде мүгедектігі бар адамдарға тиісті жағдайлар жасалу керек деді. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтар бөлімнің автодромында арнайы жасақталған көлікті айдап, жүргізуші куәлігін алу үшін тәжірибелік емтихан тапсырады. Алайда бұл көлік істен шығып қалған. Енді оны ауыстыру қажет болып отыр.
«Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» ЖҚ директоры Айболат Құрымбаевтың айтуынша, соңғы 4-5 жылда ҮЕҰ-ның рөлі әлдеқайда артқан. Ол ауыл тұрғындарынан жұмысшы мамандардың мереке-мейрамдарда назардан тыс қалатындары, марапат алмайтындары жөнінде жиі сын еститіндерін айтты. Яғни тракторист, дәнекерлеуші, малшы және басқа да қарапайым жұмысшылардың еңбегі елеусіз қалып қоюда. Сонымен қатар Айболат Шамұратұлы мемлекеттік мекемелердің кейбір функцияларын ҮЕҰ-ларға беру жөнінде ұсыныс айтты. «Мысалы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы көптеген іс-шара өткізеді. Концерт, фестиваль, экспедиция және басқа да іс-шараларды ұйымдастырады. Алайда неліктен сол қызметтерді ҮЕҰ-ларға бермеске? Себебі осы бағытта жұмыс істеп жүрген тәжірибелі үкіметтік емес ұйымдар бар. Мәселен, түрлі байқауларды өткізуді «Назиб Жигановтың халықаралық шоқжұлдызы» атты жеке қорға тапсыруға болмама? Әрине, бұл қызметтерді оларға тікелей бере салмайды. Ол үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді. Дей тұрғанмен, осы мәселені қарастыру қажет. Мен бұл туралы осымен үшінші басқосуда айтып отырмын. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ», – деді ол. Семинар-кеңесте ҮЕҰ-ның төрағалары қала және облыс әкімі орынбасарларымен кездесу, кейбір облыстық басқарма басшыларына жолығу қиын екенін алға тартты. Мұрат Сейілбекұлы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін мемқызметтегі кемшіліктерді жасырмай айтып, ақпарат беріп отыруға шақырды.

Айна Имашева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале