Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Айдарбек Сапаров:
• аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындысын баяндады:
– бүгінде егіннің 98 пайызы жиналып, 25,2 миллион тонна астық бастырылған;
– орташа өнімділік әр гектардан 15,5 центнерді құрайды;
– диқандар 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинамақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жем-шөп түрлерін де көптеп жинау жоспарланып отыр;
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған. Биыл осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлінген. Қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп;
– төмен пайызбен берілетін несиені тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілген;
– биылғы 9 айда 796 мың тоннадан астам ет өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Сүт өндіру көлемі 4,2 пайызға өсіп, 2,8 миллион тоннаны құраған;
– ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр;
– сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізу көзделген;
• ведомствоның келесі жылға арналған жоспарын таныстырды:
– егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Ол үшін суды көп шығындайтын және бір ғана дақыл түрі егілетін алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіруге басымдық беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.