«Біз бірлесіп көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеріп жатыр. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиясыздандыру аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
«Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдықтарға ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.