10.04.2025, 14:45
Оқылды: 241

Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттау рәсіміне қатысты

Президент Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты хабарлады. 

WhatsApp Image 2025-04-10 at 10.57.00

– Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы, – деді Мемлекет басшысы.

Ғылым – стратегиялық маңызы бар сала болғандықтан соңғы жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы 3,5 есе артты, жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Мемлекет басшысының пікірінше, осындай қадамдар еліміздің ғылыми әлеуетін арттыра түседі. Қазір Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жартысы – 40 жасқа толмаған мамандар. Бұл елімізде ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

награждения

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке назар аударды.

– Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл салада Қазақстанның әлеуеті зор. Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық сияқты алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлап келеді. Атом энергиясын өндіру – тұрақты энергия көзі ғана емес, экономика мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытудың негізгі кілті. Бұл ретте ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту, синтетикалық отын өндіру, шағын модульді реакторлар және тағы басқалары туралы сөз болып отыр. Осы бағытта зор табысқа жету үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту, ғылыми жұмысты күшейту, инженерлік білім беруді жаңғырту қажет. Президент жанындағы Ғылым және техника жөніндегі ұлттық кеңестің алдағы отырысында атом энергетикасын дамыту күн тәртібіндегі басты мәселе болуға тиіс. Сондай-ақ мен Ұлттық құрылтайда ғылым қалашықтарын құру мәселесін көтердім. Ұлттық кеңес осы жұмысқа айрықша назар аударуы қажет, – деді Президент.

1744271580_DSC_1319_2

Мемлекет басшысы әлемде жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды және Қазақстанның аталған салада алдыңғы қатардан көрінуіне толық мүмкіндігі бар деп санайды.

– Адам капиталы – еліміздің бұл бағытта атқаратын жұмысының басты кепілі. Яғни талантты және білімді азаматтарға арқа сүйейміз. Сондықтан ІТ мамандарын даярлауды күшейтіп, оқушылар мен студенттерге жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз. Отандық ғылымда мұндай келешегі зор бағыттар көп. Жалпы, ғылымның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, университеттер тың зерттеулер мен жаңалықтардың бастауында тұруға тиіс. Ал еліміздегі білім мекемелері ғылымнан гөрі маман даярлау ісіне көбірек басымдық береді. Бұл оқу орындарының тікелей міндеті болғанымен, білім мен ғылымды қатар алып жүру керек.

– Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетістігіміз бар. Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңгеден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ғалымдарымыз экономиканы өркендетуге атсалысып жатыр. Оқу орындары кәсіпорындармен тығыз байланыс орната бастады. Мысал ретінде Satbayev University зерттеушілерінің жұмысын атап өтуге болады. Университет ғалымдары селен элементін жоғары дәрежеде тазартатын жаңа технология ойлап тапты. Соның нәтижесінде бір келі селеннің құны 15 есе артып, оны өндіретін компанияға 1,2 миллиард теңге қосымша пайда әкелді, – деді Мемлекет басшысы.

1744272274_KZ8_4497_2

Қасым-Жомарт Тоқаев жас академик Сұраған Дүрбітханның еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық физика саласындағы ғылыми зерттеулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйесінде сәтті қолданылып жатыр. Президент цифрландыру дәуірінде мұны өте маңызды жетістік ретінде бағалап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсеткенін айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздегі кәсіпорындар да ғылымды дамытуға үлес қосуға тиіс. Олар университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлесіп, жаңа өнімдер шығаруы керек. Қазақстандағы ірі өндіріс орындары өз табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып келеді. Президент мұны стратегиялық маңызға ие бағыт деп санайды.

1744272274_KZ8_3939_2

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдік ахуалға тоқталды.

– Көптеген сарапшылар дүние жүзі кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді. Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы «тариф майданын» ашқан соң өндіріс пен сауда тізбегінің бұзылғаны, нарықтардың құлдырап, шикізат бағамының тұрақсыздана бастағаны байқалады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз. Алайда дүрлігуге себеп жоқ екеніне сенімдімін. Біз сын-қатерлердің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз. Сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалына қарамастан дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалады. Кеше Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын шұғыл аяқтауды тапсырдым. Бұл қадам өсім қарқыны мен инвестиция көлемін төмендетпеуді көздейді. Бүгінде инвестиция үшін күрес үдеді. Сондықтан әбжіл қимылдауға тиіспіз. Біз барлық сын-қатерге дайын болғанымыз жөн. Жұмыстың бәрін байыппен әрі сенімді түрде атқару керек. Өздеріңізге белгілі, дағдарыстың да өз қайыры бар. Ол басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетінің бар-жоғын айқындап береді. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сыртқы ахуал түбегейлі өзгерген кезеңде ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін мұның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымы дамыған ел кез келген сын-қатерге төтеп бере алатынына баса мән берді. Сондай-ақ Қазақстанның болашағы отаншыл әрі білікті ғалымдардың қолында екенін, мемлекет оларға жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.

– Біздің ортамызда майталман мамандар отыр. Арамызда бүкіл саналы ғұмырын ғылым-білімге арнаған ардагерлер мен дарынды жас ғалымдар да бар. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

c8695e6b-44a0-408f-bbf7-9d9f19dfa379

Жиын соңында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады. Іс-шарада «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы тұңғыш рет тапсырылды. Сондай-ақ бір топ жас ғалымға баспана кілті берілді.

Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Жұмабай Бәкенов пен Сұраған Дүрбітхан, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының кіші ғылыми қызметкері Анастасия Капытина сөз сөйледі.

Суреттер: akorda.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале