21.10.2020, 22:01
Оқылды: 41

Мемлекет басшысы реформалаудың маңызды бағыттарында 6 жұмыс тобын құруды ұсынды

Бүгін Ақордада өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев реформалаудың әрбір маңызды бағытында 6 жұмыс тобын құруды ұсынды.

201021204023191e
Мемлекет басшысы кеңес аясында реформалаудың әрбір маңызды бағыты бойынша 6 жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмыс топтарының құрамына кеңес мүшелерінен бөлек, лауазымды тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылардың кіру мүмкіндігі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші топ ретінде Сума Чакрабартидің басшылығымен тиімді макроэкономикалық саясат тобын құруды ұсынды. Бұл топ ақша-несие және бюджет саясатының тиімділігі, салық жүйесі, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты міндеттерді іске асыруды көздеуі керек.

Екінші топ, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен сот және құқық қорғау жүйесін реформалаумен айналысуы қажет. Президент аталған бағытта ауқымды жұмыс атқару керек деп санайды. Сондықтан көзбояушылыққа жол берілмеуі тиіс.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуға арнайы топ жұмылдырылатынын айтты. Ол өзінің тікелей тапсырмасымен Қазақстан үшін мүлде жаңа құжат, атап айтқанда, Әлеуметтік кодекстің әзірленіп жатқанына тоқталды.

«Шын мәнінде, бұл құжат жекелеген адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жүйелеуге, олардың өзара міндеттемелерін айқындауға, сондай-ақ, қазақстандықтарға берілетін төменгі әлеуметтік кепілдіктерді нақтылауға арналған. Яғни, құжатта азаматтардың балабақшаға барғаннан зейнетке шыққанға дейінгі өмірі толық қамтылған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру бойынша да топ құрылады. Мемлекет басшысы еліміз үшін бұдан басқа жол жоқ екеніне сенімді. Дегенмен, оның пікірінше, нақты жұмыс істейтін тетіктер әлі де жеткіліксіз.

«Әзірге шикізат өндіру, алып-сатумен айналысу және мемлекеттік тапсырысқа «иек артып отыру» әлдеқайда тиімді«, – деді Мемлекет басшысы.

Жоғарыда аталған екі топтың жұмысы Премьер-Министрдің басшылығымен ұйымдастырылады.

Бесінші топтағы Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнесті реттеу мәселелерімен айналысады.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов басқаратын алтыншы топ заманауи мемлекеттік басқару және тиімді мемлекеттік қызмет мәселелерін бақылауға алатын болады.

«Біздің алдымызда мемлекеттік аппаратты жаңа сапалы деңгейге көтеру мәселесі тұр. Ол нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін өзіне жауапкершілік алатын, қандай да бір шешім қабылдағанда мейлінше икемді әрі құзыретті болуы керек. Бұл жерде көп нәрсе заманауи цифрлық технологияларды енгізуге байланысты. Аталған мәселеде ешқандай кедергі болмауы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале