Ішкі істер министрлігі тарапынан Президентке Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және басқа да облыстарда террористік топтарды жою мен қылмыскерлерді ұстау бойынша арнайы операцияны жалғастыру туралы есеп берілді. Кісі өлтіру, билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасау фактілері бойынша барлығы 388 қылмыстық іс қозғалды. Дәлелдемелер базасын жинау және тіркеу, оқиғалар хронологиясын қалпына келтіру бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Қарулы Күштер терроризмге қарсы операцияны жүргізуде ҰҚК мен ІІМ-ге көмек көрсетіп жатыр. Өткен тәулікте 11 елді мекендегі блокбекеттерде әскери қызметшілер 38 адамды ұстады. Олардың 23-інен атыс және суық қарулар табылды. ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, әскери авиацияның қолдауымен таулы жерлерде барлау-іздестіру іс-қимылдары жүргізілуде. Әскери қызметшілердің жұмысы 25 елді мекендегі 105 блокбекетте жалғасып жатыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда еліміздегі жағдай тұрақталып келеді. Аса қауіпті деструктивті іс-қимыл тіркелген жоқ. «Киберщит» жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Жиын соңында Президент қоғамдық тәртіп пен елдегі қауіпсіздікті қалпына келтіруді қарқынды жалғастыруды тапсырды.
Ақорда