Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірлік мұрат-мақсаты ел егемендігін нығайту екендігі – барша істерінде көрініс тауып отырады. Президент осы жолғы сұхбатында да Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мен рөлін күшейту үшін жүргізілетін стратегиялық қадамдар егжей-тегжейлі талданған.
Сурет: Аqorda
Геосаяси бағыттардың ішінде көпвекторлы сыртқы саясат ерекше орын алады. Бұл саясат Қазақстанның аймақтық және жаһандық мәселелерде маңызды ойыншы ретінде өз беделін сақтауына мүмкіндік береді. Әлемдегі өзгермелі геосаяси ахуал мен жаңа экономикалық сын-қатерлер жағдайында Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін қорғауды, халықаралық серіктестермен тиімді қарым-қатынасты сақтауды көздеп отыр.
Көпвекторлы саясаттың басты мақсаты – әртүрлі елдермен теңгерімді серіктестік орнату.
Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін дамыту мен энергетикалық ресурстарды әлемдік нарыққа шығарудағы рөлі Тоқаев атап өткен маңызды аспектілердің бірі. Әсіресе, Азия мен Еуропа арасындағы көпір ретіндегі стратегиялық артықшылықтары, елдің жаһандық сауда жүйесінде маңызды орын алатынын көрсетті. Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс елдің экономикалық өсіміне ғана емес, сонымен бірге оның халықаралық беделін нығайтуға да ықпал етеді.
Сонымен қатар Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты мен ядролық қаруға қарсы бастамалары оның әлемдік деңгейде тұрақты даму жолын ұстанатынын көрсетеді. Қазақстан халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде белсенді рөл атқара отырып, бейбітсүйгіш ел ретінде танылып отыр.
Әсіресе, елдің ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамалары әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып отыр.
Бұл саясаттың арқасында Қазақстан тек аймақтағы емес, бүкіл әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілікке үлес қосып, халықаралық серіктестермен өзара тиімді қарым-қатынасты нығайтып жатыр.
Тұрар Шайхиев