– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық» деп баға берді. Еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет деді. Ең алдымен еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажеттігіне мән берді. «Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз.
Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет» деді. Екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың әл-ауқатын арттырумен нақты айналысуды тапсырды. «Әл-ауқат пен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді нақты істердің жазықтығына аудару керек. Халықтың барлық топтарының табысы экономиканың өсуіне қарай өсуі тиіс. Бұл біздің жағдайда жұмыс істемейтін, өзгермейтін аксиома. Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту», – деді Мемлекет басшысы.
Үшіншіден, Президент ерекше айтқан мәселе – экономиканы әртараптандыру. «Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда» деген Президент Үкіметке бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жүргізуге тапсырма берді. Төртіншіден, шетелдік нөмірлі көліктерге қатысты да әр өңірде митингтер өткені белгілі. Президенттің бүгінгі тапсырмаларынан соң утиль алымына қатысты мәселеге нүкте қойыларына ел сенім артты.
Бесіншіден, нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді. Сондықтан Президент ауыл шаруашылығына ерекше назар аударуды тапсырды. «Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын» деді. Алтыншыдан, экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кеткен. «Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ, бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын» деп нақты тапсырма берді. Жетіншіден, бағалар мен халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыратын кез келді. Осы орайда Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтергенмен, әр жолы бағаның бақылаусыз өсуіп жатқанын атап өтті. Көптеген жылдар бойы жоғары инфляция біздің экономикамыздың басты проблемасы болып қала беретінін айтты. «Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс қажет. Нысаналы дәліз – 2025 жылға қарай 3-4%. Үкімет Ұлттық банкпен және "Атамекен" палатасымен бірлесіп инфляцияны бақылау жөнінде шаралар кешенін әзірлеуі тиіс» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сегізіншіден, Президент соңғы оқиғалар батыс және оңтүстік аймақтарда жұмыспен қамтудың өткір проблемасын көрсетті деді. «Онда туу деңгейі жоғары, ал экономика жұмыс орындарын құрумен қатар жүрмейді. Сондықтан жүйелі индустрияландыру, ШОБ-қа жәрдемдесу, осы салалардағы көрсетілетін қызметтер секторын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық болып табылады. Біз дамудың мәдени, білім беру компоненті туралы ұмытпауымыз керек. Білімді азаматтар ел ауқымында бәсекеге қабілетті, табысқа жету және лайықты өмір сүру мүмкіндігі жоғары. Үкіметке осы өңірлер үшін "Ауыл – ел бесігі", "Бизнестің жол картасы" және басқа да бағдарламалар шеңберінде жекелеген бағыттар әзірлеуді тапсырамын» деді.
Тоғызыншы. Өңірлерді қолдау деңгейі тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне емес, нақты әкімнің "салмағына" байланысты екені жасырын емесін Президент басымдық бере көрсетті. «Бұл азаматтардың дамуындағы теңгерімсіздік пен наразылыққа әкеледі. Олардың көпшілігі, әсіресе шикізат аймақтарының тұрғындары, бюджеттік ресурстарды бөлу кезінде олардың салалары көбірек назар аударуға лайық деп санайды. Бұл салалар бюджеттің доноры бола отырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген өлшемдері бойынша артта қалып отыр. Сондықтан тәсілдерді біртіндеп өзгерту керек. Бюджетаралық қатынастарды түбегейлі реформалау пісіп-жетілді», – деген Президент Үкіметке заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеуді тапсырды. Оныншы. Мемлекет басшысы әлеуметтік әділеттілік маңызды мәселе болып қала беретінін айтты. «Конституция бойынша Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Республикалық бюджет шығыстарының 50%-дан астамы-әлеуметтік сипаттағы шығыстар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізде Ұлттық қор бар, ол – елдің қаржылық тірегі. Бүгін мен "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысатын болады. Мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек. Шынында да, көптеген отбасылар үшін емдеу шығындары өте ауыр. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт объектілерін салатын боламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз».
Президенттің Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі елге серпін берді. Қоғамдағы ең өзекті мәселелерге шешім айтты. «Енді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» деген сөздері көңілі алаң жұртқа сенім ұялатты. Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуына үлес қосайық, өңірлерде іске асуын қоғам болып бірге қадағалайық!
Мирболат Ерсаев,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры,
Орал қалалық мәслихат депутаты