Әр уақыттың өз өлшемі, қуаныш-қиындығы болатынын бүгінгі тірлік айқын көрсетіп берді. Аяқасты тап келген осынау індеттің кесапаты көпшілікке оңай соғып жатпағанын көріп отырмыз. Елдегі төтенше жағдайға байланысты әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында біраз шаралар қолға алынып та жатыр. Солардың бірі - 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем.
Несін жасырамыз, мемлекетіміздің аз қамтылған топқа арнайы мұндай көмек ұйымдастыруы көп жанұяға ерекше демеу болды.
Ертеңгі күнді кім болжап білген. Аты жаман дерт дендеп күш ала бастаған кезде біздің жұмыс орнымыз да жабылып, еңбекақысыз демалысқа кететінімізді естігенде абдырап қалып едік. Артынша бос жүрген күндерімізге әлеуметтік төлем төленетінін айтқанда, сенер-сенбесімізді білмедік. Десек те, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы сайт ашып, оған қажетті мәліметтерді электронды түрде тапсырған едік. Қазіргі күні белгіленген мөлшердегі қаражат қолымызға тиіп, көңіліміз бір жайланып қалды. Өзім жұмыс істейтін «ALIM» оқу орталығында» (ЖШС) мұндай көмекке қолы жеткен жалғыз мен ғана емес. Осындай сәтте атам қазақтың "Көппен көрген ұлы той " деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Тек осы бір қиын күндер тезірек артта қалып, ел-жұртымыз өзінің мамыражай тіршілігіне көшсе екен. Адал еңбектің наны қалай дегенмен тәтті болады ғой.
Мәдениет Мұратов
жұмысшы
Орал қаласы