Бүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттер мен партияның сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысы талқыланды.
Шараға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов және аумақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясының мүшелері қатысты.
– Ел Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстаның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы ауқымында партияның облыстық филиалына жүктеген тапсырмалар толықтай орындалды. Биыл Жолдау аясында жаңғыру бірнеше бағытта жүргізілді. Конституциялық реформалар негізінде саяси жүйеге өзгерістер енгізілді. Яғни, билік тармақтарының құзыреттілігі ауысты. Президент бірқатар өкілеттілікті заң шығарушы және атқарушы құрылымдарға табыстады. Экономикалық салада «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары табысты жүзеге асты. Қос бағдарлама ауқымында біздің облысқа 30 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 1700 жаңа жұмыс орны ашылды. Автожолдар жөнделіп, үйлер салынды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 95 нысан пайдалануға берілді. Нысандардың сапалы салынуын партияның аумақтық филиалдары бақылады. Рухани жаңғыру ауқымында алты бағыт бойынша жобалар іске қосылды. Жергілікті меценаттар жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдіруде, – деді кеңес отырысын ашқан «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Жиында баяндама жасаған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, Елбасының Жолдауын бұқараға кеңінен түсіндіру мақсатында 2700-ден астам шара өтті. Биылғы маусым айынан бастап жеті партиялық тыңдау ұйымдастырылды. Яғни, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуы талқыланды. Биыл білім саласына 57 млрд. теңге қаражат бөлінген. Елбасы Жолдауында «Баршаға арналған тегін кәсіби білім» жобасын іске қосу қажеттігін көрсеткені мәлім. Облыста барлығы 38 колледж жұмыс істейді. Олардың 27-сі – мемлекеттік, 11-і – жекеменшік. Колледждерде білім алушылардың саны – 19,8 мың. 22 колледжде дуалдық білім жүйесі арқылы 1346 адам оқуда. Тегін оқытумен жұмыссыз жүрген жастар мен кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуда.
Партияның саяси доктринасына сәйкес «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында 932 ҰОС және жалғызбасты тыл ардагеріне, ек мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанға партияның аумақтық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары қолдау көрсетті. Облыстық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестерде жемқорлыққа қарсы күрес жайы талқыланды. Биыл қылмыстық жауапкершілікке тартылған 12 «нұротандық» партия қатарынан шығарылды, біреуі сөгіс алды. Партия жарғысының талаптарын бұзған 13 адам жазаға тартылды.
Басқосуда партияның қалалық және аудандық филиалдары төрағаларының есебі тыңдалды. Партияның Орал қалалық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаевтың мәліметінше, шаһардағы 65 бастауыш партия ұйымы қатарында 9 мыңнан астам адам бар. Жыл басында «Ардагерім – ардағым» акциясы барысында филиал қызметкерлері мен еріктілер ардагерлердің үйлерін аралады. Тексеру қорытындысында 9 соғыс ардагері мен 183 тыл еңбеккері әлеуметтік-медициналық көмекке мұқтаж екенін анықтады. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жұмыспен қамту орталығына жолыққан 186 мүмкіндігі шектеулі жанның 44-і тұрақты жұмысқа орналасты.
Саяси кеңес отырысында облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері, партияның сайлауалды бағдарламасының «Мемлекеттік қызмет көрсету» және «Аграрлық сектор» бағыттары бойынша партия тәлімгерлері Дина Галиметденова мен Нұрлан Серғалиевтің, партияның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесінің төрағасы Асхат Иманғалиевтің және партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мәлік Құлшардың есебі тыңдалды. Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесінің қаулылары қабылданды. Кейін «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық бағыттарын жүзеге асыруға үлес қосқаны үшін бір топ азамат партия атынан төсбелгі және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ
zhaikpress.kz