16.05.2024, 15:30
Оқылды: 61

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығы, мемлекеттік қызметке қолжетімділіктің тең құқығы бекітілген. Ол өз кезегінде ұйымдастырушылық пен құқықтық сипаттағы іс-шаралардың тұтастай жүйесімен қамтамасыз етіледі.

ЖП, әкімдік

Мемлекеттік қызметке кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелері «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңымен реттеледі.

Мемлекеттік қызметке алғаш кіретін немесе жаңадан қабылданатын азаматтар іріктеудің бірнеше кезеңдерінен өтеді:
1. Мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеу;
2. Жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу;
3. Әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурс.
Бірінші тармақта көрсетілген мемлекеттік тілді, заңнаманы білу және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеуді алдын-ала тапсыруға болады. Соның нәтижесімен конкурсқа қатысуға ниет білдірген азамат конкурс өткізілетін мемлекеттік органға құжаттарды қабылдау мерзімінде тапсырады.

Одан әрі персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды үміткерлердің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР заңының 17-бабының 4-тармағына сәйкес бекітілген талаптарына, сонымен қатар Заңның 16-бабында көзделген мемлекеттік қызметке орналасу шарттарына сәйкестігін тексереді және конкурсқа қатысушылардың әңгімелеуге жіберілуі туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің берген сұқбатында мемлекеттік қызметшілердің жұмыстарының негізгі принциптері адалдық, кәсібилік, құзыреттілік, ашықтық болуы керегін және мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты азаматтардың әл-ауқатын жақсарту болып табылатынын атап көрсетті. Сондықтан мемлекеттік қызметке келетін әр бір азамат алдыңғы кезекте өз бойында жоғарыда көрсетілген принциптерге бой ұсынуы қажет.

ҚР сот әкімшілігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде қазіргі таңда 264 мемлекеттік қызметші еңбек етіп жатыр. 35 жасқа дейінгі 45 мемлекеттік қызметші бар. Мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы - 38 жас.
Адал қызмет етіп жүрген әйел адамдардың үлесі 69%, оның ішінде 0.9% басшы лауазымында жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызметкердің ең басты міндеті - халыққа адал қызмет ету.

Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болулары қажет. Бүгінде әрбір арнайы орта және жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін жағдай жасалған. Бұл қызмет түрі үміткерлерден небәрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тәртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді.

Ақтолқын Оразғалиева,
ҚР СӘ БҚО бойынша департаментінің персоналды басқару бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале