Орал қаласында мектептердің белсенді оқушылары мен көшбасшыларының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілдерімен кәсіби бағдар беру кездесуі өтті.

Іс-шараның мақсаты мамандықты саналы түрде таңдауға жол көрсету, мемлекеттік қызметтің мәні мен мүмкіндіктері туралы түсіндіру, жас буынды ел игілігіне қызмет етуге шабыттандыру болып табылады.
Кездесу барысында Департамент қызметкерлері, жас мемлекеттік қызметшілер мен оқушылар еркін форматта пікір алмасып, мемлекеттік сектордағы тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесуде кәсіби бағдар және болашақ мамандықты дұрыс таңдау, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар – «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», жастар кадрлық резерві, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі адалдық, жауапкершілік пен азаматтық ұстаным мәселелері талқыланды.
Департамент басшысы Мұрат Байсалов қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде: «Мамандықты ерте таңдау – болашаққа нық қадам. Қоғамға пайдалы боламын деген жастарды мемлекет жан-жақты қолдайды. Бізге білімді, ұлтжанды, бастамашыл жастар қажет», – деп атап өтті.

Көшбасшы оқушылар мемлекеттік қызметтің табиғатымен маңыздылығы жайлы сұрақтар қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Пікір алмасу барысында ел болашағына бейжай қарамайтын, белсенді азамат қалыптастырудың маңызы ерекше аталды.
«Мамандық таңдау – өмірлік бағыт. Ал еліңе қызмет ету – соның ең асылы», – деді қатысушылар.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті