Азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдар алдында құмар ойынға әуестігінің бар-жоғын тексеру енгізілуі мүмкін бе? Бұл сауалдың жауабын Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтан сұраған едік.
Фото: freepik
— Туризм және спорт министрлігі бұл мәселені қарастырған емес. Бұл біздің құзыретке жатпайды, бірақ процеске қатысуға дайынбыз. Мемлекеттік қызметкерлерді қабылдау, тестілеу мәселесі басқа ведомствоға қарайды, — деп қысқа қайырды Ержан Еркінбаев Сенат қабырғасында өткен іс-шара барысында.
Осы орайда спикер құмар ойынға әуестенудің арты жақсылыққа әкелмейтінін тағы айтты.
— Тәжірибе көрсеткендей, лудомания және жалпы құмар ойындарға жүйелі түрде әуестену, адамның манипуляцияға бейім болуына әкелуі мүмкін. Егер сен мемлекеттік қызметші болып, белгілі бір сала немесе аймақ бойынша шешім қабылдайтын болсаң, байсалды және объективті болуың қажет. Мемлекеттік қызметшілер санасының айқындығын сақтап, түрлі ықпал мен манипуляциядан аулақ болу үшін құмар ойыннан алыс болуы керек, — дейді ол.
Айта кетсек, елімізде 350 мың адам құмар ойынды жүйелі түрде ойнайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде құмар ойынға әуес мемлекеттік қызметкерлерді автоматты түрде анықтайтын арнайы жүйе әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары ойын бизнесі және елімізде лотереяға қатысты қабылданған заңнамаға енгізілген өзгерістерді іске асыру барысын талқылады.
Дереккөз: ҚазАқпарат