Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 ақпандағы № 522 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманың мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағдарланған» моделін құруды көздейтін мақсаттарына қол жеткізу үшін клиентке бағдарланған және ашық, сондай-ақ оңтайлы және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру міндеттерін іске асыру қажет.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бірқатар қағидаға негізделеді. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға басымдық беріледі.
Мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша бірқатар бастама іске асырылып, заңнамаға өзгерістер енгізілді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңмен «мансаптық» және «позициялық» моделдердің элементтерін көздейтін мемлекеттік қызметтің гибридтік моделі қалыптасты, ашық конкурстық іріктеу, құзыреттілік негізінде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді.
Мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Жұмыс нәтижелеріне байланысты еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі қолданыста.
Халықаралық деңгейде, бірқатар жарияланы мен зерттеулер көрсеткендей, этика жоғары қоғамдық маңызы бар тақырып.
Мемлекеттік қызметте этикалық кодекстер жүйесі қазіргі заманғы мемлекеттердің көпшілігінде бар және негізгі құндылықтар жүйесі әлеуметтік бағдарға ие және инновацияға бағытталған ұлттық әдет-ғұрыптармен және мәдениетпен үйлесімде тиімді жұмыс істейді.
Мысалы, Америка Құрама Штаттарының Атқарушы филиалының қызметкерлеріне арналған этикалық мінез-құлық стандарттары протестанттық құндылықтарға негізделген.
Құқықтық дәстүрлері ең бай мемлекет Ұлыбританияда этикалық нормалардың рөлі де зор. Жеті қасиетке негізделген. Яғни адалдық, жанқиярлық, есеп берушілік, бейтараптық, адалдық, ашықтық және көшбасшылық. Аталған қасиеттер сыбайлас жемқорлықпен үйлеспейді.
Осы ретте мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдепті сақтауды қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының этикалық стандарттарын реттейтін негізгі құжат Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен қабылданған Әдеп кодексі.
Әдеп кодексі қызметтік уақытта және ресми емес қарым-қатынаста және көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде мінез-құлық нормаларын белгілейді.
Аталған Жарлықпен әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізіліп, барлық деңгейдегі шенеуніктердің моральдық қасиеттерін нығайтуда айтарлықтай жетістіктерге қолжеткізуге мүмкіндік берді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-ші қадамы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелерін реттеу саласындағы жоғарыда аталған реформаларды жүзеге асырудың алғы шарты болды.
Әдеп жөніндегі уәкілдер 2017 жылдан бастап орталық мемлекеттік органдарда және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарында дербес мәртебеге ие.
Басқа жағдайларда, бұл мінсіз беделі бар және өз ұжымдарында лайықты құрметке ие жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін біріктірілген міндеттер.
Бұл тұтастай алғанда әдеп жөніндегі уәкілдер жұмысының тиімділігін арттырды. Оларға тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сонымен қатар азаматтар да этикалық мәселелер туындаған жағдайда кеңес сұрай алады.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында 38 әдеп жөніндегі уәкіл бар. Оның біреуі облыстық деңгейде дербес мәртебеге ие.
Бұл институттың сұранысқа ие болғанын әдеп жөніндегі уәкілдерге кеңес сұрайтын өтініштердің көбеюі дәлел.
Өңіріміздегі әдеп жөніндегі уәкілдер осы жылы дәрістер, семинарлар, бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу түрінде этикалық нормаларды бұзудың алдын алуға бағытталған 785 түрлі шара өткізді.
Мемлекеттік қызметшілер арасында жүргізілген анонимді сауалнама үш мыңнан астам мемлекеттік қызметті қамтыды. Нәтижесінде ұжымдағы жағдайды жақсарту шаралары қабылданды.
Сондай-ақ 2015 жылдан бастап уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жанынан арнайы алқалы органдар – облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада Әдеп жөніндегі кеңестер құрылды.
Әдеп жөніндегі кеңестердің функцияларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелерін, әдеп жөніндегі уәкілдердің, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары қызметінің нәтижелерін қарау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әдістері мен нысандарын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін қарау кіреді.
Мысалы, өңірдегі Әдеп жөніндегі кеңеспен тоғыз айда жалпы 30 мәселе қаралса, оның 80% (24) заңбұзушылықтарды алдын алу бағытындағы мәселелер.
Жалпы Әдеп кодексі мен әдеп жөніндегі уәкілдер институты қолданысқа енгізілгеннен бері мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін этикалық бұзушылықтар мен әрекеттер санының азайғаны байқалады.
Бұл үрдіс 2023 жылы да жалғасын тауып, нәтижесінде қаралған тәртіптік істер бойынша алты мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері азаматтарды қабылдауды белсенді жүргізіп, мемлекеттік қызмет және әдеп саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, брифингтер мен конференциялар өткізіп отыр (2023 жылдың 9-айында – 209).
Жалпы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік береді.
М.Байсалов,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің Батыс-Қазақстан облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы