Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз бен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың төрағалығымен мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелерге арналған кеңес өтті.

Іс-шараға Орал қаласы және аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ қала және аудан әкімдері аппараттарының басшылары қатысты.
Жиында мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері, сонымен қатар мемлекеттік қызметке іріктеу және оны өткеру тәртібі жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз өз сөзінде мемлекеттік аппараттың қызмет мәдениеті мен азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті: «Мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті – халық сенімін ақтау. Әдеп нормаларын сақтау, ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстану – әр мемлекеттік қызметшінің кәсіби абыройының негізі. Осы бағыттағы талаптар мен тәртіптің сақталуы – мемлекеттік басқарудың тиімділігін айқындайтын басты фактор», – деді ол.
Ал Департамент басшысы Мұрат Байсалов мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі заңнамалық өзгерістерге тоқталып, кадрлық саясаттың әділ әрі ашық жүргізілуіне баса назар аудару қажеттігін айтты: «Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке іріктеу мен өткеру рәсімдері толықтай ашық форматта өтуде. Дегенмен, әрбір басшы кадрлық шешім қабылдауда заң талаптарын қатаң сақтап, кәсібилік пен меритократия қағидаттарын басты назарда ұстауы қажет. Бұл – адал әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастырудың кепілі», – деді Мұрат Байсалов.

Отырыс барысында қатысушылар мемлекеттік қызметшілер тарапынан этикалық нормаларды бұзу, мүдделер қақтығысын болдырмау, қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру мен азаматтардың сенімін күшейту жолдары да қарастырылды.
Жиын соңында мемлекеттік органдардың басшыларына тиісті тапсырмалар беріліп, заңнама талаптарын сақтау және Әдеп кодексінің қағидаттарын мүлтіксіз орындау қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Батыс Қазақстан
облысы бойынша департаменті