29.02.2024, 9:15
Оқылды: 85

Мемлекеттік қызметтің сапасы қай деңгейде?

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау, цифрлық трансформация есебінен тиімді мемлекеттік басқаруды енгізу бағытындағы жұмыс және мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа түрлері туралы айтылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі­нің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Бауыржан Ибрашевтің баяндауынша, департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау. Бақылау іс-шаралары нәтижесінде 38 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, 53 нұсқама мен ұсыным берілді. Мемлекеттік қызметтер көрсету саласы бойынша ең көп заңбұзушылық денсаулық сақтау, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы салаларында анықталды. Мемлекеттік құрылымдарда, соның ішінде жергілікті атқарушы құрылымдарда – 23 344, орталық мемлекеттік құрылымның аумақтық бөлімшелерінде 15 483 заңбұзушылық белгілі болған. Ең көп заңбұзушылық деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Орал қаласының жер кадастр бөлімінде (15 391), Сырым аудандық әкімі аппаратында (238), Казталов (91), Шыңғырлау (51), Орал қаласы әкімі аппараттарында (46) болған. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйедегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына талдау жүргізілді. Талдау нәтижесі «Медициналық ұйымдарға тіркелу» қызметін көрсету кезінде 22 759 мерзім бұзу деректері мәлім болды. Департаменттің бастамасымен есептік кезең­де қызмет көрсетушілер 45 онлайн жәрмеңке өткізді. Бұл іс-шараға қатысқан 2512 адамға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы кеңес берілді.

Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетуші құрылымдардың бірінші басшыларының электронды-цифрлық қолтаңбаны пайдалануына қатысты қашықтан мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік құрылымдарға анықталған бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмау, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша тиісті шаралар жүргізу туралы ұсыныстар жолданды. Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы өтінімдерді орындау барысында қызмет көрсетуші құрылымдардың басшылары жұмыс орнында болмаса да, электронды цифрлық қолтаңбаны қолданып, электронды құжаттарға қол қоюды «дәстүрге» айналдырған. Сондай 66 дерек анықталды. Мұндай келеңсіздіктер Бәйтерек, Тасқала, Ақжайық, Бөрлі аудандары мен Орал қаласының әкімдіктеріне, Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасына тән.

JP Цон

– Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына сыртқы байқау (қашықтықтан бақылау) жүргізу нәтижесінде 23 056 бұзушылық анықталды. Оның ішінде қызмет көрсету тәртібін бұзудың – 23044, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартудың 11 дерегі бар. Департамент қызметінің арқасында 12 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Анықталған бұзушылықтарға жол бергені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 465-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 79 хаттама толтырылып, 55 лауазым иесі 3,7 млн теңге айыппұл түрінде әкім­шілік жауапкершілікке тартылды, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы 39 маман түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Бауыржан Ибрашев.

Қызмет көрсету мерзімі бұзылған

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрлан аталмыш басқарманың қоғам мен экономиканың даму үлесін арттыру, цифрлық трансформация есебінен тиімді мемлекеттік басқаруды енгізу бағытында жұмыс атқаратынын баян етті. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы құрылымдарға қатысты мемлекеттік қызметтер тізіліміне 176 қызмет және 296 қосалқы қызмет енгізілген. 2023 жылы жергілікті атқарушы құрылымдар 3 943 012 мемлекеттік қызмет, соның 3 839 465-і немесе 97%-ы электронды түрде көрсетілді. Былтыр электронды қызметтердің үлесі 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,8%-ға азайды.

Өткен жылы басқарма қызметкерлері жүргізген 7 бақылау іс-шарасының нәтижесінде жергілікті атқарушы құрылымдарда 897 бұзушылық анықталды. Оның ішінде: мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес үрдісін бұзудың – 11, көрсетілетін қызметтердің мерзімін сақтамаудың – 27, қызмет көрсетуден бас тарту мерзімін орындамаудың – 1, заңнамамен көзделмеген құжаттарды талап етудің – 850, өзге де мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 8 дерегі бар. Осы бақылау шарасының нәтижесі бойынша 21 ұсыным беріліп, орындалды. Соңғы үш жылда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін сақтауға қатысты талдау жүргізілді. Көрсету мерзімдерін бұзудың 210 дерегі анықталды. Оның ішінде 63-і – 2021 жылға, 91-і – 2022 жылға, 56-сы 2023 жылға тиесілі. Қызмет көрсету мерзімдерін бұзу бойынша Орал қаласы, Теректі, Бәйтерек, Казталов, Жәнібек, Жаңақала аудандары әкімдіктері көшбасшы болып отыр.

Жаңа сервистер қолайлы

Брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нәдір Құрымбаев (суретте) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы және мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдісіне енгізілген жаңа сервистер туралы әңгімеледі. «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «Мемлекеттік жер кадастрының аутоматтандырылған ақпараттық жүйесі базасы» мен «Жылжымайтын мүлікті тіркеу» мемлекеттік деректер базасын қосып, республикалық деңгейде «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» базасы құрылды. Бұл жұмыстың нәтижесінде жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік нысандарына бір ғана құжат дайындалады. Қазіргі таңда жер учаскелері бойынша ақпараттар, кадастр нөмірлері, жер учаскелерінің қалай орналасқаны туралы мәліметтерді интернет ресурсында жария кадастр картасының сайты арқылы алуға болады», – деді Нәдір Шамұратұлы.

Облыс бойынша мемлекет­тік қызметтерді онлайн түрде алушылар қатары артып келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы соңғы өзгерістердің бірі – «Мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы» қосымшасында «Бейне байланыс» арқылы 79 қызмет түрін алуға болады.

Қазіргі таңда сұранысқа ие қызмет түрлері – электронды цифрлық қолтаңба, жерлеуге арналған бір жолғы төлемақы, мүгедектік туралы анықтамалар беру, жүргізуші куәлігін рәсімдеу. Спикер «Мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы» қосымшасында пайда болған жаңа қыз­мет түрі туралы айтты.

– Енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар «Мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы» қосымшасы арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөліміне емтихан тапсыруға өтініш беріп, алдын ала кезекті брондай алады. Бұл жаңашылдық уақыт үнемдеуге әрі мамандандырылған бөлімдегі қызмет алушылардың ағынын азайтуға септігін тигізеді. Сервисті «eGov mobile» қосымшасында да қолдануға болады. Ол үшін басты беттегі «Бейне халыққа қызмет көрсету орталығы» батырмасын таңдау қажет. Одан басқа booking.gov4c.kz сайтынан тәжірибелік сынақ емтиханын тапсыру үшін кезекті брондауға болады. Тәжірибелік сынақ емтиханы жаңадан жүргізуші куәлігін алуға дайындалып жүрген, қызмет алушыларымызға үлкен көмегін тигізеді. Екінші деңгейлі банк қосымшаларында «Цифрлық құжаттар» бөлімінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді және анықтамаларды, екінші деңгейлі «Халық банкі» қосымшасындағы QR-код арқылы талон алуға болады. Енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында теориялық емтиханды мемлекеттік корпорация қызметкерлері қабылдайды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде теориялық емтихан тапсырудың жаңа ережелері енгізілді. Енді емтихан қабылдаудағы ұйымдастырушылық-технологиялық үрдістерін мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Бұрын мұны аутсорсингтік компаниялар атқаратын, – деді Н. Құрымбаев.

Спикер мұндай жаңашылдықтың енгізілуін «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында клиенттердің сапасыз қызмет көрсету туралы шағымдарының жиі түсуімен байланыстырды. Осындай келеңсіздіктерді жою үшін мемлекеттік корпорация тестілеу үдерісін дербес ұйымдастыруға шешім қабылдады. Бұрын теориялық тестілеу жол қозғалысы ережелері 2.0 жүйесі арқылы жүргізілгені белгілі. 2023 жыл­ғы 16 қазаннан бастап мемлекеттік корпорация жол қозғалысы ережесінің жаңа 3.0 жүйесіне көшті. Оның арқасында жүргізуші куәлігін алу үрдісі ашық әрі әділ өтуде. Теориялық емтиханды тапсыру кезінде тестілеу барысын аудио және бейнежазбаға түсіру мүмкіндігі бар. Биометриялық жеке сәйкестендіру жүргізуші куәлігін алуға емтихан қабылдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес те жүргізіледі. Мемлекеттік корпорация бұған дейін емтихан қабылдау бөлмелеріне бейнебақылау орнатты. Кез келген адам күту залдарында да, онлайн режімінде де өтіп жатқан емтиханды көре алады. Көмекші құрал-жабдықтарды пайдалану үстінде ұсталған клиенттер үш айға емтихан тапсыру құқығынан айырылған. Емтиханнан өтпеген жағдайда келесі жұмыс күні теорияны қайта тапсыруға болады. Егер сынақты екі рет теріс нәтижемен тапсырса, қайта тапсыру тек бір айдан кем емес мерзімде жүзеге асырылады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале