Мемлекеттік қызметтердің тиімді және ашық болуы – әрбір азамат үшін маңызды. Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде көптеген түрлі құжаттарды ұсыну талап етіледі, бұл тек ыңғайсыз ғана емес, сонымен қатар қажетті қызметтерді алу процесін қиындатуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.
Сурет: pixabay.com
Департамент жүргізген мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша осы жылдың өткен кезеңінде артық құжат талап ету жағдайларының саны 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда азайғаны байқалады. Дегенмен, бұл мәселе әлі де өзекті болып қалады.
Бақылау іс-шаралары барысында артық құжат талап етудің 126 фактісі анықталды.
«Заң бұзушылықтардың ең көп болуы жер қатынастары және әлеуметтік салада байқалды.
Тіркелген заң бұзушылықтар, заңнамадағы кемшіліктер, қызметкерлердің кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігі, қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін түсіндірмеуі және олармен кері байланыс жүргізбеуі себебінен болған.
Азаматтар көп уақыт пен қаражат жұмсап, қызмет ала алмаған жағдайда, мемлекеттік қызметке деген сенімсіздік артады.
Мәселені шешу үшін заңнамаға қажетті құжаттар тізімін нақтылау және ашықтықты арттыру, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру, қызмет көрсету процестерін жеңілдету және мемлекеттік органдар қоғаммен ашық диалог жүргізуі қажет.
Осылайша, мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде артық құжаттарды талап етуді жою мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігін арттыру және азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам болады», - деп жазылған хабарламада.