Облыс әкімдігінде бір топ жерлесіміз мемлекеттік наградалар мен Президент Алғыс хатына ие болды. Оларға мәртебелі марапатты аймақ басшысы Нариман Төреғалиев салтанатты түрде табыс етті.

Өңір дамуына қосқан айрықша үлесі, мемлекеттік және қоғамдық саладағы белсенді қызметі үшін марапатталғандардың қатарында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев «Парасат» орденін, ал облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Сондай-ақ, республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізуге белсене араласқан бір топ азамат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын алды.
Аймақ басшысы биылғы 15 наурызда еліміздің жаңа даму кезеңін айқындайтын маңызды құжатқа қатысты жалпыұлттық таңдау жасалғанын тілге тиек етті.

- Бұл марапаттар – Мемлекет басшысының Ақ Жайық жұртшылығына деген шынайы ризашылығы, жерлестеріміздің еңбекқорлығы мен ұйымшылдығына берген бағасы деп білеміз. Бұл қолдау баршамызды жаңа биіктерге бастап қана қоймай, ортақ Отанымыздың, өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолындағы зор жауапкершілік те жүктейді. Келешекте де елдігіміз бен бірлігімізді таныта берейік!, - деді Нариман Төреғалиев.
