30.05.2018, 14:53
Оқылды: 46

«Мемлекеттік орган қарапайым азаматтарға ашық болуы тиіс»

мониторинг топ-1Оралда ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі мониторингтік топтың отырысы өтті.

Аталмыш топ жетекшісі Әлия Сәлиеваның биыл республикалық арнайы мониторингтік топтың өңірге келуімен облыстағы мониторингтік топтың жұмысы ширай түскенін айтты. Белсенді блогерлердің қатысымен мониторингтік топ мүшелері бірқатар мекеме-ұйымдарда, соның ішінде Оралдағы барлық емханада, диагностикалық орталықта, жедел жәрдем стансасында, бірқатар департамент басшыларымен бірге Ақжайық ауданындағы емханаларда, Жаңабұлақ ауылдық әкімдігінде болып, жұмыс барысымен танысқан. Бұл ауылдың тұрғындары үшін халыққа қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған.

- Емханалардағы мемқызмет көрсету сапасына қатысты ескертулер көп болды. Мұның бәрі тиісті әлеуметтік желілерде жария етілді. Біздің топты облыстық департаменттердің, басқармалардың басшылығы жақсы қабылдап, өздерінің мекемелері көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бейілді екендерін танытты. Қаладағы №4 емханада болғанымызда топ мүшелері атынан көптеген ескерту айтылды. Жалпы денсаулық саласында арнайы мамандар жетіспейді. Мысалға, диагностикалық орталыққа бір ай бұрын жазылып, травматологқа қаралуға келген адам уақытылы қарала алмайды. Өйткені дәрігер басқа жерде жұмыс істейді, шұғыл ота болса, соған кетеді. Тек емханаларда емес, сонымен қатар меморгандарда мекеме басшылары мен орынбасарларының байланыс және ұялы телефондары жазулы тұруы керек. Емханаға келушілер қандай қызметті тегін, қандай қызметті ақылы алатынын білуі керек. Сұрақтар туындап жатса, мекеме басшылығына жолығатын жағдай жасалуы тиіс. Осының барлығы жан-жақты ескерілсе дейміз. Мемлекеттік орган қарапайым азаматтарға ашық болуы тиіс. Ал №4 емханада, диагностика орталығында мұндай ақпарат болмай шықты. Барлық емханаларда пациенттердің түйткілді мәселелерін шешуге көмектесетін бөлмелер бар және жедел жәрдем қызметі жұмыс істейді. Заман талабына сай жақсы өзгерістер барын жоққа шығармаймыз, - деді Әлия Сәлиева. Оның айтуынша, мониторингтік топтың жұмыс қорытындылары бойынша тиісті ұсыныстар дайындалады.

Басқосуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жүзеге асырылуына жүргізілген мониторинг қорытындылары туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов баяндады. Оның баяндауынша, Елбасының биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күреске аударылып отырғаны көрсетілгенін, соған орай аталмыш басқармамен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бағытындағы әлеуметтік тапсырыстары бойынша 2017 жылы «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі арасында келісім жасалғанын жеткізді. Бұл жоба бойынша көптеген шара өткізілген. Соның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған 10 мың дана плакат шығарылып, тұрғындарға таратылды.  300 мың дана флаер дайындалып, оның 133 мыңы «БатысЭнергоРесурсы» компаниясының, 67 мыңы «Жайықжылуқуат» АҚ-ның абоненттік түбіртектерінің артқы беттеріне орналастырылып, тұрғындарға таратылды. Қалғаны облыс орталығы мен аудандарының тұрғындарына үлестірілді», - деді Н.Дауымов.

мониторинг топ-2Сондай-ақ қоғам дертінің алын алу бағытында екі тілде екі бейнеролик жасалып, телеарналардан көрсетіліп, әлеуметтік желілер арқылы көпшіліктің назарына ұсынылған. Өткен жылдың қазан айында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені орталығында шаһардағы үш ЖОО студенттері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру  бағытында  пікірсайыс, ойындар өткізілген. БҚМУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде  ЖОО-лардың оқытушылары, ҮЕҰ-лардың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы уәкілетті органдар өкілдерінің қатысуымен семинар-тренинг ұйымдастырылды. Өткен жылғы қараша-желтоқсанда «Сыбайлас жемқорлықсыз өмірге құқым бар!» атты әлеуметік бейнеролик дайындауға конкурс және өзге де шаралар өтті. «Биыл да бұл бағыттағы шаруалар жалғасады, қазір тиісті қаржат бөлу мәселесі шешілуде», - деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Аталмыш топтың отырысында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова орта білім беру ұйымдарында қамқоршылар кеңесі институтын енгізу мәселесі туралы баяндады. Бүгінде өңірдегі 350 білім беру ұйымында (311 орта және негізгі мектепте, 34 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, 2 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар мекемесінде, үш ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалармен жұмыс жасайтын арнайы білім беру ұйымдарында) қамқоршылық кеңестері жұмыс жасайды.  Қамқоршылық кеңестер білім беру ұйымына әлеуметтік-мәдени, сауықтыру және дамыту іс-шараларын өткізуге көмек көрсетеді, тәрбие мен оқыту саласында халықаралық ынтымақтастықты орнату мен дамытуға ықпал етеді, халықтың әлеуметтік осал жіктерінен шыққан білім алушылардың білім алуына, тұрмыс жағдайларын жақсартуына және еңбекпен қамтылуына ықпал етеді, білім беру ұйымының қызметіндегі кемшіліктерді жоюға бағытталған ұсыныстарды енгізеді.

-Білім беру ұйымдарында ата-аналардан ақша жинауына тыйым салынған. Мектепке үлес қосамын, демеушілік көрсетемін деген ата-ана қаржысын қамқоршылар кеңесінің есепшотына аударуына болады. Бұл қаржы қамқоршылар кеңесінің шешімімен білім беру ұйымдарының қаржылық-шаруашылық мәселелерін шешуге, сондай-ақ мектептің немесе сыныптың ішін безендіру, оқушыларды іссапарға жіберу секілді пайдалы істерге жұмсалады, - деді Зәуре Базарғалиқызы.

Жиында өзге де БҚАТУ, БҚМУ-лардағы академиялық адалдықтың сақталуы, мемлекеттік тұрғын үй қорына үй беру мәселелері қаралды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале