Қазақстанда мемлекеттік сатып алу саласында «электронды дүкен» қолдану кеңейтіледі. Бұл жайында ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз де білесіздер, Президенттің мемлекеттік сатып алуға және «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларын реформалауға қатысты тапсырмасы болды. 2019 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстанның сатып алуларына зерттеу жүргізді және олар айқындап берген ұсынымдар қабылданды. Бұл сатып алу саласындағы алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибе», - деді Дәурен Кеңбейіл Қаржы министрлігі мен Дүниежүзілік банктың бірлескен семинарында.
Іс-шара аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген вице-министр елімізде тауарлар сатып алуды жеңілдету үшін сатып алудың «электронды дүкен» тәсілі енгізілгендігін айтады.
«Ол тапсырыс беруші үшін сатып алуды жеңілдетеді. Тапсырыс беруші іс жүзінде бір күннің ішінде кез келген тауарды техникалық ерекшеліктері сай келетін, бағасы ең төмен кез келген сатушыдан сатып ала алады. Бұл тәсіл жақсы қырынан көрінді. Енді оны мұнан ары дамыта түсеміз. Сатып алудың дәл осы тәсілін «Самұрық-Қазына» бізден алып отыр. Оларда «электронды дүкен» 1 сәуірден бастап жұмыс істейді», - деді ол.
Оның айтуынша, электронды дүкен порталында нақты бір тауар түрін жеткізумен айналысатын жеткізуші тіркеліп, құны 12 млн теңгеге дейінгі тауарларды сатып алуға қатыса алады.