– Ерлан Ерсайынұлы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында қандай тың жобалар бар?
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Ерлан Ғалиев
– Президент Қ.К. Тоқаев өз сөзінде «Мемлекеттік тіл біреу, ол – ҚАЗАҚ ТІЛІ. Және тіл біздер, қазақ ұлты үшін керек» деп айқындап айтқан болатын. Тіл мәселесіне байланысты саясатты жаңа сипатта жүргізетін кез келді, ол баршамызға да айқын. Мемлекеттік тіл мәселесіне келген сәтте алдымен ұлттық рух, ұлттық сананы қалыптастыра отырып, азаматтарымыздың намысы оянса керек...
Атап айтатын мәселелердің бірі, өткен жылы Түркістан қаласында өткен құрылтайдан кейін өңірлерде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестіктерінің филиалдары қайта құрылды. Батыс Қазақстан облыстық филиалымен бірге бірқатар бастаманың жоспары жасақталып, жұмыс атқарудамыз. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының алдында тұрған негізгі мақсат – тіл саясатын жүргізудегі жұмысты үйлестіру. Осылайша, барлық тың жобаларда мемлекеттік мекемелер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйым мүшелері және бұқара халықтың араласуымен жұмысты үйлестіру – басты шарт.
Басқармамыз биыл да бірқатар тың әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бір кезекті іс-шаралардың санын азайтып, жұмысты жүйелі жүргізуге деген талпыныс жетістікке жетелейді. Атқарылар әр іс-шараның арасында бір-біріне деген байланыс пен сабақтастық болуы тиіс.
– Өзіңізге белгілі, көшелерде қызыл-жасыл жарнама қаптап тұр. Сол жарнамалардың сауатты рәсімделуі бағытында нендей шаруалар атқарылуда?
– Бұл орайда алға бір қадам жасалып, ҚР «Тілдер туралы» заңының 21-бабына өзгеріс енгізілді. Осыған орай қаламыздағы жарнама агенттіктері өкілдерімен кездесу оздырылып, жыл басында «Жарнамаңды түзеп ал, ағайын!» акциясы өтті. Бұл «Сауатты жарнама – қала көркі» жобасының жалғасы болды. Тіл саласының мамандары жарнама агенттіктері үшін сапалы аудармалар жасауда тегін қызмет көрсетті.
Заңға енгізілген өзгерістердің орындалуын бақылау және қадағалау мақсатында халықтың жиі шоғырланатын орындарында тиісті тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, емханалар, мәдениет және спорт нысандары, коммуналдық мекемелердің (су, жарық, жылу, газ) төлем қабылдау орталықтары қамтылды.
Банктер мен сауда үйлері де көзден таса қалған жоқ. Әсіресе сауда үйлері мен шағын дүкендердің иелеріне қатысты ескертулер көп болды.
Осы мекемелердің мемлекеттік қызмет көрсету мәселесіне сәйкес, әсіресе интернет желілерінде тұрғындарымыздың тарапынан әр түрлі сын-пікірлерді естіп жатамыз. Әрине, мемлекеттік мекеме ретінде біз әрқашан халықтың пікіріне құлақ асып, тиісті жедел шараларды қабылдап отыруға міндеттіміз.
Қаламызда орналасқан «Анвар», «Бәйтерек», «Алтындар», «Суровский» және басқа да сауда үйлерді жұмысшы топтармен аралап, тауар атаулары мен баға көрсетілімдерінің міндетті түрде мемлекеттік тілде болу керектігін ескерттік. Тауарлардың атаулары мен баға көрсетілімдерін тек мемлекеттік тілде жазу да ұсынылды. Мұндай қадам күнделікті сауда жасайтын тұтынушылардың мемлекеттік тілді меңгеруіне де өз септігін тигізер еді.
Енді бір мемлекеттік тілде қызмет көрсетуде бүгінге дейін сапалы қызмет жасай алмай отырған саланың бірі – тасымалдаушы мекемелер. Қоғамдық көліктерде жолсеріктердің мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтіндігі үнемі тұрғындардың сынына түсіп жатады.
Жыл сайын қазақ тілін оқытуға мемлекеттен қаржы бөлініп отырады, міне, осы қаржының тиімді жұмсалуы мақсатында биыл қоғамдық көліктердегі жолсеріктерді, сауда үйлері мен қарапайым жанар-жағармай құю бекеттерінің кассаларында қызмет ететін азаматтарды тіл меңгеру курстарына жолдау туралы мекеме басшыларына ұсыныс жасап отырмыз. Бұл жай ғана сертификат үшін оқу емес, нақты нәтижеге қол жеткізетін шаралар болмақ.
– Бүгінде технология қарқынды дамып, ғаламтор адамзатқа керемет мүмкіндіктер сыйлауда. Заман талабы тіл саясатына қалай әсер етіп жатыр?
– Қазақ тілін үйренемін деушілерге барлық мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі уақытта ғаламтордың көмегімен тіл үйренуге болады. IT жобалармен айналысатын жастар жасаған бірнеше интернет-портал бар. Сабақ барысында IT технологияларын жиі қолдану оқыту сапасының артуына ықпал етуде. Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен жасалған tilmedia.kz, bala.soyle.kz, tilqural.kz және басқа да сайттар бар. Қазақ тіліндегі мәтіндерді тексеру үшін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен emle.kz, termin.com, sozdikqor.kz және басқа да Android немесе iOS (АЙОС) арқылы телефонға жүктеп, қолдануға болатын веб-сервистер іске қосылды. Осы нұсқаулықтар арқылы пайдаланушылар құжаттарды қазақ тілінде қатесіз толтыра алады. Бұлар – өз бетімен тіл үйренемін немесе қазақша сауатты сөйлеймін, жазамын деген кісіге өте пайдалы құралдар. Krisha.kz және kolesa.kz сайттары қазақшалануда. Әлемге әйгілі iPhone жүйесіне де қазақ тілі енгізілуде. Біз бұдан экономикасы алпауыт елдердің қазақ тілінің ертеңіне деген сенімі мен көзқарасын байқаймыз. Қазақстандықтарға қазақ тіліндегі қызметті ұсыну олардың басты назарында.
– «Алтын көпір» халықаралық фестивалі биыл қандай сипатта өтеді?
– Көршілес Ресей мемлекетінің шекаралас аумақтарынан қандас жастарымызды шақыру дәстүрге айналды. Олар өңірімізге табан тіреп, қазақтың салт-дәстүрімен, көрнекті жерлермен танысады. Биылғы ерекшелігіміз – келген жастардың әр түрлі саладан болуына талап қоюдамыз. Мәселен, бесеуі өлкетануға бейім болса, бесеуі спортқа, енді бесеуі өнерге жақын болуы керек. Мақсат – олардың уақытын тиімді өткізіп, қызығушылықтарына сәйкес демалыстарын әртүрлі бағытта ұйымдастыру.
Сонда ғана осында үйренген,ұғынған дүниелерін олар өздерінің тұрғылықты жерлеріне барып, өзге қандастарымызға қазақтың ұлттық құндылықтарын толыққанды жеткізуге мүмкіндік алады. Жаз мезгілінде атажұртына келген 30 жас өрен елден алған әсерімен бөлісіп, өзге елде жүрген қандастарымыздың атажұртына деген сүйіспеншілігін арттыратынына сенеміз.
– Ономастика саласында не өзгерді? Топонимикалық зерттеулер жүргізіліп жатыр ма? Алдағы уақытта Орал қаласында неше көше атауын қазақшалау көзделіп отыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатындағы шаралар жоспарлы түрде атқарылуда. Қоғам белсенділерінің ұсыныс-пікірлері ономастикалық комиссияда жан-жақты, терең талқыланып отырады. Қаламыздың іргесіндегі жаңартылған әуежайға батыр апамыз Мәншүк Мәметованың есімінің берілуі кеудемізде ұлттық рухтың мақтанышын оятады.
Алдағы уақытта әлемнің кез келген жерінен ғаламтор арқылы Оралдың 3D картасына кіріп, википедия сілтемелері арқылы түрлі ақпаратқа қанығу мүмкіндігін тудыру ойда. Бұл тек саяхатшылар үшін пайдалы емес, өз тұрғындарымыз үшін де керек дүние. Себебі азаматтарымыз көше атауы өзгерген кезде белгілі тұлғаның өмір жолы туралы хабардар болмауы мүмкін. Осы мезгілде қаланың жаңа 3D картасын қолдану мүмкіндігін тудырамыз. Аталмыш жүйеде көшеге аты берілген тұлғалардың өмірбаянымен үш тілде емін-еркін танысу қарастырылған. Бұл – үлкен қадам, жаңа бастама. Әрбір азамат өзі тұратын көшенің және өз елінің тарихын білуі тиіс. Кешегіні білмей, ертеңге қадам басу әсте мүмкін емес.
– Бүгінде орыс сыныптарында оқитын қазақ балаларының саны артуда. Мұның себебі неде? Бұл түйткілді мәселенің алдын алу мақсатында қандай ауқымды іс-шаралар атқарылуда? «Қазақ мектебіне қадам басайық!» жобасынан нендей нәтиже күтуге болады?
– Жоба басталмас бұрын мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленуші бүлдіршіндердің ұлттық құрамына, оқыту тілінің пайыздық көрсеткіштеріне шағын сараптама жасалған болатын. Бұлбүлдіршіндер мектеп табалдырығына қадам басқанда ата-аналардың қандай оқу тілін таңдайтыны да біз үшін маңызды болды. Тіл білімі саласындағы ғалымдар, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінен құрылған топ қала мектептеріндегі мыңнан астам баланың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырды. Бүгінгі таңда мемлекеттің де, қоғамның да басты мақсаты – мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыру болу керек.
«Елу жылда ел жаңа», ал егемендігімізге отыз жыл болды. Біз бір ұрпақты өсіріп, мемлекеттік тілдің мәселесін шеше алмадық. Келесі ұрпағымыздан егемендігіміздің елу жылдығында елге қызмет ететін азаматтар өсіп шығуы тиіс. Сондықтан олардың мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатар ұрпақ болып өсуі біз үшін маңызды. Бұл орайда мойнымыздағы жауапкершілік орасан зор.
– Этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тіл саясатын дамытуға қандай үлес қосып жүр?
– Орал қаласындағы Достық үйінде тіл үйрететін күндізгі курстар ашылды. Ол жерде жоғары оқу орындарындағы мамандар тегін қызмет көрсетеді. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасын ояту мақсатында түрлі байқаулар оздырылып отырады. Жуырда Балалар жылына байланысты мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиеленіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін меңгеру сапасы бойынша байқау ұйымдастырылды. Өзінің ұл-қызын, немересін қазақ т3лінде оқытып жүргендер де бар. Алайда мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге қадам басып жатқан өзге ұлт өкілдерінің саны аз. Олар мемлекеттік тілді толық меңгерген жағдайда Қазақстанда үлкен жетістікке жетуге болатынын түсінуі керек.
Біз қоғамда мемлекеттік тілге қажеттілік тудыруға тиіспіз. Бұл – мемлекеттік мекемелердің ғана емес, жалпы қоғамның жұмысы. Кәсіпкерлермен байланыс жасауға міндеттіміз. Ол қарапайым ғана кәсіпкерлердің ашқан дүкен, шаштараз, медициналық орталықтардың атауын қазақ тілінде атауынан бастау алады. Себебі олар өз кәсіптерін дөңгелентуде мемлекеттен қолдау көріп отыр. Көшелерді аралап келе жатып, неге өзіміздің Қазақстанда жүргенімізді сезіне алмаймыз? Не себепті ағылшын, орыс тіліндегі атаулар көп? Атау қою кәсіпкерлердің өз еркінде. Сонымен қатар кәсіпкерлеріміз өз тарапынан кез келген жерде мемлекеттік тілде халыққа қызмет көрсету жағдайын туғызғаны жөн. Мемлекеттік тіл саясатын жүргізуде шағын және орта бизнес өкілдерінің де алатын орны ерекше.
– Тіл жанашырларына қандай қолдау, құрмет көрсетілмек?
– Анығында, әрбір қазақ – тіл жанашыры болуы тиіс. Ұрпағына ана тілінде тәрбие беру әр ата-ананың парызы, менің түсінігімде тіл жанашыры дегеніміз сол. Тіл жанашырлары деп қоғамдағы қандай да бір топты бөліп ала алмаймыз. Негізінен қай нәрсенің де ұйытқы болушылары бар. Тіл мәселесіне қатысты қоғам алдында да, әлеуметтік желілерде де өз пікірін ашық білдіріп жүрген азаматтарымыз жетерлік. Өз тарапымыздан заң аясында оларды мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру ісіне араластырып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп отырғанымыз дұрыс.
Еліміздің әрбір азаматы «Ел ертеңі – қазақ тілінде» ұстанымымен өмір сүрсе екен...
Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz