2.06.2022, 12:30
Оқылды: 75

Мемлекеттік тіл – мемлекеттіліктің ұлттық коды

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90-жылдарға қарағанда әлдеқайда көш ілгері, қазақша сайрап тұр десек те болады. Өңірде 372 күндізгі жалпы білім беру ұйымы жұмыс істейтін болса, соның 250-і (68 пайыз) қазақ тілінде білім мен тәрбие беруде. Бұл – біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны, осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып, жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.

3

Баспасөз ел өмірінің қай саласын болсын қамтуы керек. Мерзімді баспасөз назарына ілікпеген, не тым аз қамтылған тақырып елеусізденіп, ескерусіз бола бастайды. Соның ішінде тіл, мемлекеттік тіл тақырыбы біз үшін айрықша маңызды іс болып отырғаны белгілі. Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің өз ішкі, яғни таза лингвистикалық күрделі жайлары бір басқа да, оның өз мәртебесіне сай қолданыста болу мәселесі де бар.

Мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту аясын кеңейту және халыққа қызмет көрсету жұмысын арттыру мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арасында меморандумға қол қойылды.

Мемлекет айрықша назар аударып отырған мемлекеттік тілдің маңызын облыста кеңінен насихаттап отырған басылымдардың бірі әрі бірегейі – облыстық «Орал өңірі» газеті осы уақытқа дейін тіл тақырыбына байланысты көптеген мақалаларды жариялап келеді.  Бүгінгі   таңда аймақтық медиакеңістікте өңірімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік тіл саясатын жан-жақты насихаттау, оқырманды халқымыздың бай тілдік мұраларымен танымдық, тағылымдық, этимологиялық, тіл мәдениеті тұрғысынан таныстыру мақсатында «Орал өңірінің» бүгінгі нөмірінен бастап «Тіл – тұғыр» айдарымен газеттің ішіндегі 4 беттік газет шығарылып отыр.

Мемлекеттік тілдің маңызын насихаттауды мақсат тұтқан газетке жүктелер жауапкершілік те зор. Басылым айына бір рет аталмыш айдармен жарияланып отырады.

Қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік тапсырыстар шеңберінде ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Сондай-ақ басқарма тарапынан облыс тұрғындарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгерту мақсатында жылма-жыл қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Қазақстанның коммуникативтік-тілдік кеңістігінде орыс тілінің қатысуын қамтамасыз ету бағытында орыс тілін оқыту жүйесін оқу-әдістемелік және зияткерлік тұрғыдан дамыту, оқытушы кадрлар даярлау жұмыстары атқарылып келеді, облыста тұратын өзге этнос өкілдерінің ана тілдерін оқытуға жағдай жасалған. Этномәдени орталықтардың жанынан еврей, татар, кәріс тілдері оқытылады. Әлеуметтік жоба аясында ана тілін оқуға қолдау көрсету мақсатында облысымызға шектес орналасқан Ресей Федерациясының Астрахан, Саратов, Самара, Орынбор облыстарындағы қазақ қауымдастықтары мен әдеби-мәдени байланыс орнатылды.

Қазақстандықтардың лексикалық капиталының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі шет тілдері болып табылады. Осы міндеттің аясында тұрғындарға ағылшын тілін тегін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді.

Тіл саясатының, тіл саласының маңызды бағыттарының бірі – ұлттық ономастиканы қалыптастыра отырып, осы мақсатта физикалық-географиялық нысандар мен елді мекен атауларын атау мен қайта атауға, транскрипциялауға байланысты мәселелерді өз кезегінде тиісті заңнамаларға сәйкес жүргізу болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың (2019 жылғы 27 қыркүйектегі №1-32-20.357) тапсырмасына сәйкес еліміздегі ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жанындағы облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы бойынша ономастикалық жұмыстар заңнамаларға сәйкес жүргізіліп, тиісті нормативтік-құқықтық актілермен бекітіліп, іс жүзінде жүзеге асырылып келеді.

Егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бастап бүгінге дейін облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 ауданның, 104 елді мекеннің, 1839 көшенің атаулары өзгертілді.

Облыс орталығы Орал қаласында жалпы саны 832 көше болса, 630 көше (76%) ұлттық атаулармен аталған. Сонымен қатар «Орал» халықаралық әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді.

Әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын біріздендіру мақсатында Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасымен 5 жылға Меморандум жасақталып, жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ  халық-аралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалымен бірлесе отырып, облыс көлемінде «Тіл туралы» заңының 21-бабының орындалуына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Еңселі ел болу – әр халықтың асыл мұраты, абзал арманы болса, бүгінде халқымыз мұратына жетіп, егеменді ел болғалы алған асулары аз емес.

Сөз соңында айтарым – мемлекеттік тілге қатысты күрделі мәселелерді жүйелі түрде көтеру «Тіл тұғыр» айдарының басты мақсаты болып табылады. Ендеше, қарға тамырлы қазақтың қамын жейтін, ата дініміздің бүтіндігін ойлайтын, салт-дәстүрді асылдың сынығындай сақтайтын, ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай аялайтын, ұрпағына ұлағатты тәрбие беруді көздейтін «Орал өңірі» газеті әр қазақтың рухани серігі болса екен, әр шаңырақ төрінен орын алса екен деймін.

Ерлан Ғалиев,

облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале