Мемлекеттік тілді құрметтеу – әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметтің тірегі. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деп атап өткен болатын. Расымен тіл тағдыры – ұлт тағдырымен еншілес егіз ұғым.
Тіл –халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының көрінісі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Тілсіз ұлттық тәрбие берілуі мүмкін емес. Тіл – тәуелсіздік тірегі. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Тілдің беделін көтеру, арын арлап, жоғын жоқтау, олқысын толтыру өз қолымызда. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: – Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себеп болатын ең қуаттысы – тіл. Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау», – деп меңзеген болатын.
Заңға сүйенсек, мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Біздің мемлекетімізде де барша ұлт пен ұлыс өкіліне өз тілінде сөйлеуіне еркіндік берілген. Бұл да біздің еліміздегі демократиямыздың дәлелі.
Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Адамзат қолындағы барлық асыл зат тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат құндылық. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді құрметтеу – Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы мен міндеті.
Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» дегені бар. Әркімнің өз ана тілін құрметтеуі ана сүтін өтеуі ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық парызын ақтау, сол арқылы елдің елдігін сақтау болып саналады. Кез келген ел үшін біліммен қаруланған ұрпағының өз туған тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін жоймауы маңызды.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып, білуі тиіс. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз.
Толқын Бисембаева,
Орал қаласының №2 сотының бас маманы