6.06.2022, 10:00
Оқылды: 47

Мемлекеттік тілдің мерейі үстем

Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық байқау қорытындыланды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті қолдау көрсеткен сайысқа қатысуға 24 мемлекеттік қызметші өтініш білдірген.

2

Онлайн сипатта оздырылған І іріктеу кезеңінде қатысушылар талапқа сай жазылған «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» тақырыбында эссе жолдап, 18 жұмыс келесі кезеңге жолдама алды. Байқаудың ІІ кезеңі де онлайн түрде өткізіліп, сайыскерлер өзін жан-жақты таныстырған бейневизиткаларын дайындап, сарапшыларға жолдаған болатын. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша соңғы кезеңге 14 қатысушы жолдама алып, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен ашық байқауда білімі мен өнерін сынға салды.

Жарысқа облыстық полиция департаменті, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, Шыңғырлау аудандық соты, облыстық мәдениет, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының мамандары мен Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарының мемлекеттік қызметкерлері қатысты.

Қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезең – «Ойлы болсаң, озып көр!». Мұнда сайыскерлер сарапшылардың арнайы дайындаған мәтінінен қате сөзді тауып, ресми іс-қағаздар стиліне айналдырып, оқып берді. Екінші тур «Мықты болсаң, тауып көр!» деп аталды. Ол кезеңде қатысушылар экранда көрсетілген ребустардан ұлтқа, тілге, отбасыға қатысты мақал-мәтелдер құрастыруы тиіс болды. Ал соңғы кезең – «Жүйрік болсаң, шауып көр!». Бұл кезеңде мемлекеттік қызметкерлердің өнері сынға түсті. Біреуі ән шырқап, күй шертсе, енді бірі өз шығармашылығынан өлең оқып, өздері жасаған қолөнер бұйымдарын қазылар алқасына әкеліп таныстырды.

– Бұл байқау былтыр алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Алдағы жылдарда дәстүрлі түрде өткізілмек. Биыл бұл ауқымды байқау ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына және мемлекеттік қызметшілер күніне орайластырылып отыр. Ахметше айтсақ, тілдің болашағына қарнымыздың қамын ойлағандай уайымдап, дамуына әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек. Мен бүгін осы сайысқа қорықпай бақ сынауға келіп отырған әрбір мемлекеттік қызметшіге тілге деген жанашырлығы үшін алғысымды айтамын, – деді Ерлан Ерсайынұлы.

Байқау шымылдығын Әлішер Сүндетов есімді жас ақын өзінің «Ана тілім – ардағым» деген ауторлық өлеңімен ашып берді.

Байқау қатысушыларын әр кезеңде арнайы құрылған сарапшылар алқасы балдық жүйемен бағалап, жүлдегерлерді анықтады. Жүлделі І орынды Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әлібек Қанафин жеңіп алса, ІІ орынды облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Ақжол Рамазанов иеленді. Ал Бөрлі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бұлбұл Беркінғалиқызы ІІІ орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және алғысхаттармен марапатталды.

Байқаудың соңғы кезеңінде бір қатысушы дәмді торт пісіріп әкелген еді. Атауы – орысшадан тікелей аударғанда «Періштенің көз жасы» («Слезы ангела»). Дәл осы торттың атауына қазылар алқасының тарапынан қарсылық болып, мұндай тура аудармалардың біздің дүниетанымызға сай келмейтінін ескерте отырып, көрерменге жаңа көркем атау табайық деген ұсыныс тастады. Бұны оқырман қауым да ескере жүрсе екен дейміз.

Нұртілеу Бауыржанұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале