27.09.2022, 9:31
Оқылды: 41

Меморандуммен түйінделген мәміле

Жуырда Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «WESTKAZINVEST-2022» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған он елдің, соның ішінде Түркия, Израиль, Португалия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінің және Ресей  Федерациясының шекаралас облыстарының өкілдері қатысты. Форум аясында өңірдегі және шекаралас жатқан көрші елдегі тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

1

Пленарлық отырыста облыс әкімі Ғали Есқалиев форумға қатысушыларды өңірдің инвестициялық әлеуеті  туралы баяндады. Өңір басшысы облысты әлеуетті инвесторлар үшін қолайлы, индустриялық, ауыл шаруашылығы және мәдени жағынан қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың  бірі деп атап өтті. Сондай-ақ өңір экономикасының өсуіне көлік инфрақұрылымының дамуы да айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтты. Осыған орай Орал қаласында, Тасқала және Бәйтерек аудандарында сауда-логистикалық орталықтар мен шекаралық сауда аймақтарын құру жоспарлануда. Ғали Нәжімеденұлы облыстың логистикалық және орналасу артықшылығын ескере отырып, шетелдік инвесторларды ынтымақтастыққа шақырды. Сәйкесінше, оларға барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ машина жасаудың қарқынын, соның ішінде әскери-өнеркәсіп кешен мен мұнай-газ және электртехника салаларына қатысты өндірісті ерекше атады. Шетелдік қонақтарға агроөнеркәсіп кешенінің жай-жапсарын таныстырды. Бұл салада тиімді кластерді ұйымдастыруға мүмкіндік зор екенін тілге тиек етті.

Форумның пленарлық отырысында Түркия, Португалия және АҚШ спикерлері облыста жүзеге асыруды жоспарлаған инвестициялық жобалар жөнінде айтты. Өңір басшысы Саратов облыстық Думасының депутаты Иван Бабошкинмен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жөніндегі ұсыныстарды талқылады. Өз кезегінде саратовтық депутат БҚО-ның агроөнеркәсібіне инвестиция құюға дайын екендерін айтты.

Халықаралық форумда мұнай-газ секторына, агроөнер­кәсіптік кешенге және ІТ-технологияларға инвестиция тарту бойынша панельдік сессиялар өтті. Онда  кәсіпкерлердің инвестициялық преференциялар алуы, экономиканың басым секторлары үшін қажетті жағдай жасау және импортты алмастыру мәселелері талқыланды. Мәселен, цифрландыру саласындағы түйткілдерді қаузаған сессияда өңірлік ІТ қауымдастығының төрағасы Иван Мельников пен облыстық  цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрлан Smart City саласындағы жетістіктер мен қиындықтарға тоқталды.

Еліміздің бас қаласындағы «Smart Parking Technologies» компаниясының өкілі Дархан Шілдебаев «ақылды тұрақ» жобасын таныстырды. Аталмыш жобада «көліктің нөмірін тану» технологиясын қолданған. Яғни аутотұрақтардағы шлагбаум камера «таныған» көліктің нөмірі арқылы ашылып, жабылады. Арнайы қосымша жұмыс істейтіндіктен, төлем жасау үшін қағаз ақша да, пластикалық карта да қажет емес. Бұл жобаны бүгінде Америка, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Индонезия мен Вьетнам, БАӘ-ның Дубай қаласы қолданады екен. Мұнай-газ секторына қатысты өткен басқосуда «TA Group» холдингінің, «PetrolValves Kazakhstan» ЖШС және басқа компаниялардың өкілдері сөз алды. Батыс Қазақстан облысындағы  «Конденсат» АҚ-ның даму департаментінің директоры Руслан Ғадылшиев үш жобаны таныстырды. Оның  айтуынша, бірінші жоба полиэтилен мен полипропилен шығаруға бағытталса, екінші жоба авиациялық отын, трансформатор майын өндіруді көздейді.

Үшінші жоба ауыл шаруашылығында қолданатын карбамид тыңайтқышын шығаруға бағытталған. Ол шикізат мәселесі шешілген соң,  қаржылық институттармен жұмыс басталатынын айтты.

Инвесторлар басқосуында ресейлік   «Саратов сүт зауыты» ЖШС, «Орынбор поликарбоксилат зауыты» ЖШС және «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ өзара меморандумдарға қол қойды. Сондай-ақ БҚО-да жалпы құны 105 млн евро болатын вертикалды интеграцияланған құс фабрикасын ұйымдастыру жобасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын құптады.

Форум  аясында ұйымдастырылған көрмеге батысқазақстандық және Ресейдің шекаралас облыстарынан келген тауар өндірушілер өнімдерін шығарды. Көрмені ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев іс-шараның кәсіпкерлер арасында бизнес байланыс орнатуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ форумды «Мемлекет басшысының геосаяси ахуалды пайдалана отырып, елімізде шетелдік компаниялардың релокациясына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын орындаудағы алғышарттардың бірі» деп атап өтті.

Көрмеге ауыл шаруашылығының өнімдері, кондитерлік тағамдар, қолөнер туындылары, мұнай-газ саласына қажет жабдықтар және басқалар қойылды. Бөрлі ауданының Қарағанды ауылдық округіндегі «Манукян» ШҚ жетекшісі Варвара Манукян  ірімшіктің түр-түрін әкелген. Ол 2019 жылы 3 млн теңгеге жуық грант ұтып алып, сүт өнімдерін өндіруге арналған құрылғы сатып алыпты. Қазір негізінен ірімшіктің сулугуни, халлуми, рикотта, адыгей және чечил түрлерін шығарады. Ол үшін өздері бағып отырған  малдың сүтін өңдейді. Мысалы, адыгей ірімшігінің аскөк, тархун қосылған түрлері бар.

2

– Біз түрлі өндіріс орнына арналған арнайы киімдер тігеміз. От пен суға төзімді, қауіпсіз маталарды пайдаланамыз. Орал, Ақтөбе, Қостанай қалаларындағы «Жасыл ел» қозғалысына қатысатын жастарға арналған киімдерді де тігеміз. Сондай-ақ біздің кәсіпорында құрылысшылар киетін аяқ киімдер мен каскілер, қолғаптар бар. Оларды Бангладеш пен Ресейден тапсырыспен әкелеміз. Себебі осы жерден жұмыс киімін тіктіргендер,  біржолата аяқ киімді де алып кеткенді жөн санайды. Сондықтан тапсырысты барынша сапалы әрі толықтай орындауға тырысамыз. Мұнда саңыраулар мен мылқаулар қоғамындағылар жұмыс істейді, – деді «Адванс-маркет» ЖШС-ның тапсырыс бойынша менеджері Әсел Ашрепова. Ал «West Qaz Agro» ЖШС директоры Дәурен Сатқанов көрмеде томат пастасын даярлау тәсілі туралы баяндады. Кәсіпкер өнімнің крахмалсыз, бояусыз, табиғи тазалығымен құнды екенін айтты. Ол сұраныс болса, күніне он тонна томат дайындауға мүмкіндік бар дейді.

3

– Ресей Федерациясынан Батыс Қазақстан облысына сүт өнімдерін экспорттап жүрміз. Облыс әкімдігімен 20232027 жылдар аралығында осы өңір аумағында сүт өңдеу кәсіпорнын салу жобасын қарастырудамыз. Облыстың климаты қолайлы әрі Орал қаласының инвестициялық әлеуеті айтарлықтай жоғары.

Тұрғындар саны да өсіп келеді.

Мұнда жаңа технологияларды қолданып, меңгеруге мүмкіндік бар, – дейді «Саратов сүт комбинаты» ЖШҚ директорлар кеңесінің төрағасы Николай Арыков. Өңір басшысы бастаған қонақтар көрмені тамашалап, кәсіпкерлермен тілдесіп, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігінен хабардар болды.

Ясипа Рабаева, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале