Көкіректе қатталып жатқан естеліктерді ойша саралаған кезде елжіремей тұра алмайсың. Өзі шағын болса да, қыр-бөктері тұнған аңыз кішкентай ауылымыздың топырағынан ұшқыр ойлы ұлдар жаралды, бір емес, екі бірдей үлкен ақын шықты. Біздің бақытымыз – ел-жұрттың бір мысқал жасандысыз шынайы құрметіне ие болған, соған лайық іс қылып, өз биігінен бір қарыс төмендемеген сол адамдарды елге келген сайын қарсы алдық, көре қалдық. Асыл бейнелері көз алдымызда, айтқан әңгімелері құлағымызда қалғаннан кейін аз-мұз естелік айтуды парыз санадық.
Бүгінгі жас ұрпақ Сағынғали Сейітовті ақын ретінде таниды, оның өлең жаза жүріп, ғұмырының бір бөлігін ғылымға арнағанын, қазіргі М.Әуезов атындағы әдебиет институты оның атын алмай тұрып та сол жерде қызмет атқарып, әдебиет зерттеуіне қатысты қаншама құнды дүние жазып қалдырғанын біле бермейді. Бір өзі қырықтан астам кітап шығарған. Тек әдеби-зерттеу монографиялары санының өзі отызға жуықтайды екен, ал әдебиетке еңбек сіңірген М.Әуезов, Х.Ерғалиев, М.Базарбаев сияқты жеке тұлғалар туралы мақалалары жүзге жеткен. С.Сейітов – қазақтың арғы-бергі әдебиетінің арасынан ескен майса самалмен тыныстап, өле-өлгенше қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет еткен адам. Осыншама еңбек қалдырып, көп іс тындырса да «мен сөйтіп едім» демей, тірі кезінде өзі жайлы айтқанды ұнатпай, қарапайым ғұмыр кешкені – оның үлкен адамгершілігінің белгісі.
С.Сейітов ертеректе «Қазақ-түркімен әдебиеттерінің байланысы» деген монография жазып, онда «Көроғлы» дастаны туралы тың деректер келтіріп, талдау жасаған. Бірақ замана желіне байланысты бұл еңбегі оның жеке мұрағатында жиырма жыл сақталған. Былайша айтқанда, өз уақытын күткен ғой. Оның «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі», «Өлең өлкесінде» және т. б. еңбектерін бүгінгі әдебиетші-сыншылар жоғары бағалап жүр. Әруақытта ұлттың сөз өнеріне, ол мейлі фольклор, әдеби еңбек немесе әңгімеге қатысты болсын, үлкен құрметпен, жанашырлықпен қараған. Сонымен бірге 1983 жылы «Қашанға дейін бұрмалай бермекпіз?» деген мақала жазып, онда ел арасына кең таралған «Тілеуқабақ», «Әпитөк», «Япур-ау», өзіміз білетін «Қамажай» әндері сөзінің бұрыс кетіп, қате айтылып жүргенін көрсетіп, оның бұрмалануына өз қарсылығын білдірген. Ал ақындығына келсек, бүгінде сюжеттік, яғни оқиғаға құрылатын өлеңдер, балладалар өте аз, ақындар бірыңғай лирикаға бұрылды. Сюжеттік өлеңдер жазылса, қазақ поэзиясы мазмұн, түр жағынан байи түсер еді. Біздің С. Сейітовтің ерекшелігі – «Менің атым», «Пеш жанында», «Таныс әйел», т. б. өлеңдерінде оқиғаларды шебер баяндайды, тұтастықты сақтай отырып, бүкіл айтпағын оқиға арқылы жеткізеді. Бұлай баяндап шығуға қаншалықты шеберлік керектігін қалам ұстаған қауым ғана терең түсінсе керек.
Айта кетелік, тоқсаныншы жылы ескерткіші дәл мерейтойына үлгерілмей, ауыл Жұбан ағаның (Молдағалиев) жетпіс жылдығын күзде тойлады. Сол күні күн алапат дауыл болғаны есімде. Ойлап көрсем, ұлы ақынның тойының алдында үнемі күн дауыл соғып кетеді екен, мұны ол кісінің айбарына, от мінезіне сәйкестік деуге бола ма, білмеймін... Сол тойға Сағынғали ағамыз келді. Ол кезде ауылда көненің көзі саналатын ақсақалдар, өлең-сөздің құдіретіне бас иетін шежіреші қариялар көп еді. Халық клубқа сыймай кетті, иінтіресіп тұр, жас балалар жерге отырды. Сонда ақын С.Сейітов: «Қасыма ертіп жүретін едім, елге бірге келетін едік, екеуміз Алматының ең сұлу қыздарын – мен Ғайнижамалды, сен Софьяны таңдап едің. Екі капитан бірге жүргенде керемет едік қой, сені бірақ жетпісіңе жеткізе алмадым, Жұбаным» деп тебіреніп, көзіне жас алып, өлең оқыды. Сондай-ақ 1992 жылы Алматыдан Сағынғали ағамыз бастаған бір топ ақын-жазушы елге келгені де есімде. Ішінде қазақ өлеңінің келісті де көрікті дәуіріндей болған Тұманбай Молдағалиев, «Қарттарым, аман-сау жүрші» деп жыр жазған лирик Сағи Жиенбаев, осы күнгі кемеліне келген қаламгер, мәнері өзге жазушы Әкім Тарази, публицист-жазушы, Желтоқсан тақырыбын алғаш көтерген Қайыммұнар (Коммунар) Табеев бар. Сағынғали ағамыздың қасында жеңгеміз бен қыздары да болды. Жасыратын несі бар, ол кез елдің көңілі алаң, келбеті жабырқау кездер еді. Сонда да кең пейілді ауыл адамдары қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Сапар барысында Сағынғали ағамыз көлікті жолай атакүлдігі Қандыққа соқтырып, туған топырағына бала сияқты аунап алды. Сағынышын жырмен басқан тәрізді:
Қиялдың қиясына өлең түнеп,
Шабыттың толғатқанын келем тілеп.
Асығам кіндік қаным тамған жерге,
Жүрегім дүрсілдейді Өлеңті деп...
Бұл – Өлеңтінің маңындағы Қандық деген жер еді, кезінде ферма болған. Қандық сөзінің этимологиясы қайдан шыққан дегенге әр кез ойланып қаламыз, егер ол Хандық деген сөзден шыққан болса, онда бұл жақта бір замандарда хандық болыпты деген дерек болуы керек. Әрі хандық болса, хан болады, ол қай хан? Оның үстіне XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарында патша үкіметі кіші жүз қазақтарын басқарудың жаңа жүйесін енгізуіне байланысты хандық биліктің жойылғанына да біраз уақыт өтті. Екінші болжам – қандық деген өсімдіктің атауына байланысты болуы мүмкін. Қызыл күлтесі бар лалагүл тұқымдасына жататын гүлді өз басым кездестіре қоймаған сияқтымын, кім білген, бір кезде өскен де шығар. Ал үшінші болжам – қан деген сөзден шығуы мүмкін, яғни қан дағынан. Қалай болса да, бұл жер ақын тудырған қасиетті жер екені анық. Аңқаты жағында да Қандық деген жер бар.
Иә, 2017 жылы сол Сағынғали ағаның жүз жылдығы тойланды. Тамыздың іші, аспан айналып жерге түскендей ыстық. Дүбірлі той мен атжарыс өтті. Биік жерге сахна қойылды, сонда шаштарын алдырып тастаған балалар шуласып, жүгіріп сахнаға жақындамай ма? Балалар шулап, меймандардың сөзін тыңдатпас деген болу керек, үлкендердің біреуі: «Ей, балдар, сендерге не бар, әрі ойнаңдар» дейді. Сол кезде мұны естіген Сағынғали ағамыздың қызы Дидар былай деді: «Мынау жүгіріп келіп жатқан тақырбас балаларға әрі барыңдар деп айтпаңыздаршы, айналайын жұртым! Бұлар менің әкемнің балалық шағы ғой... Қурайлысайдың даласында дәл осылай әкем де жүгірген шығар, кім білген?! Сол кезде «Ағамыздың елжандылығы қызының бойына дарыған екен» десті жиналған жұртшылық.
Осы мақаланы жазар кезде ақын ағалар елге келгендегі бірге түскен сарғайған суреттерді ақтардым. Есіме сол күндердің жылы естеліктері оралды. Сағынғали ағамыз 1978 жылы Есенсайға келген сапарында менің бір топ өлеңдерімді алып кетіп, «Лениншіл жас» газетіне шығарды. 1988 жылы «Зерде» атты кітабын қолтаңбасымен салып жібергенін де ұмытқан жоқпын. 1990 жылы «Туған жердің тағдыры толғандырады» деген мақалам «Егемен Қазақстанға» шыққан еді. Сол жылдың аяғында Сағынғали аға «Қарындасым газетке келгісі келмей ме екен, мына мақаласы жақсы екен» деп хабар айтыпты. Бұл да елдегі адамдарға деген ықылас-пейілінің айқын көрінісі болса керек.
Тағы бір айта кетер нәрсе, С.Сейітовтің туғанына 100 жыл толуына орай Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханасы алдына ақынның ескерткіш кеудемүсіні орнатылды. Ал енді осы кітапханаға оның есімін беру туралы ұсыныс әлі күнге өз шешімін тапқан жоқ. Айтпақшы, Қурайлысайда ашылған Сағынғали сыныбына ақынның қызы Дидардың өзі қатысып, көмек көрсетті. Жұбан ауылындағы «Талап» орта мектебіне С. Сейітов есімін беру туралы да ұсыныс білдіргенбіз, ол да уақыт еншісінде. Сайқұдықта Жұбан ағамыздың жүз жылдығында ақындар аллеясы ашылса, ол жерде де ақын С.Сейітовтің суреті тұр. Бұл да елдің ақын рухына деген құрметі, тағзымы.
Үзілдік Елеубайқызы,
ақын, ұстаз