7.03.2023, 9:15
Оқылды: 80

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам...»

Ақ Жайық өңірінде ер-азаматтармен үзеңгі қағыстырып, лауазымдық қызметтерді қатар атқарып жүрген қыз-келіншектер аз емес. Олар қоғамда билік тұтқасын ұстаса, отбасында бала тәрбиелеп, жар сүйіп, ата-ене бағып, ағайын-туманың алғысына бөленіп жүр.
8 наурыз – Аналар мейрамының құрметіне орай осындай «сегіз қырлы, бір сырлы» әйел затына төмендегі сауалдарды қойып, сыр бөліскен едік.
1. Сіз өзіңіздің лауазымды қызметке жету жолындағы қадамыңызды қалай бастадыңыз?
2. Әйелдердің басшылық қызмет атқаруы үшін ер-азаматтарға тән мінез-құлық болуы шарт па? Жалпы көздеген мақсатқа жетуде нәзікжандардың бойында қандай қасиеттер болуы керек?
3. Халықаралық әйелдер күнін қалай атап өтесіз?

IMG-20230306-WA0264

Қашура Әжіғұлова, Орал қалалық №2 емхананың директоры:
1. Медицина саласында еңбек етіп жүргеніме биыл 43 жыл болады. Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін 1980 жылы педиатр, яғни бала дәрігері мамандығы бойынша тәмамдадым. Дәрігер мамандығын таңдауыма әкем Мұхтар Әжіғұлов ықпал етті. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстың, Орал қаласының және Бөкей ордасы мен Сырым аудандарының құрметті азаматы еді. Партия қатарында қызмет етті. Анам Қойсын ұстаз болды. Отбасында бес ағайындымыз. Ағам инженер-механик болып жұмыс істеді. Мен де ағам секілді физика-математика пәндерін сүйіп оқитынмын. Сол кезде Н. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті «Квант» деген журнал шығарды. Ол журналды жаздырып алып, үзбей оқитынмын. Оның ішіндегі есептерді шығарып, жауаптарын редакцияға жіберетін едім. Содан мектеп бітірген жаз мезгілінде аталмыш университетке оқуға түсу үшін емтихан тапсыруға шақыру келді. Әкеме барып, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде оқығым келетінін айттым. Ол кісі үзілді-кесілді қарсы болды.
«Біріншіден, Мәскеу Оралдан шалғай орналасқан. Екіншіден, аталмыш университет халықаралық деңгейде. Оқу бітірген соң жұмыс істеуге Оралға келуің екіталай. Біздің жанұядан бір дәрігер шығуы керек. Сен дәрігердің оқуына барасың», – деді. Мен аң-таңмын. Мектепте сабақты үздік оқысам да, химия, биология пәнде-рін онша ұната бермейтінмін. Физика-математика бағытындағы мамандықтарға оқуға түсетін шығармын деп ойлап жүрмін. Ол кезде әкемнің қарындасы Әжіғұлова Мәруа апам дәріханалардың меңгерушісі қызметін атқаратын. «Мәруа апаң секілді дәрігер болып, тап-таза жерде, ақ халат киіп, халықтың алғысына бөленіп жүресің», – деді. Әкеге қарсы келуге болмайды, «Жақсы, папа, сіздің айтқаныңызды орындаймын» дедім. Содан Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетіне оқуға түстім. Орта мектепті үздік оқығандықтан, медуниверситетте білім алуда қиналған жоқпын. Медициналық университетті тәмамдаған соң, Орал қаласындағы №2 емханада (бұл емхана «Ремзауыт» ауданындағы ескі ғимаратта болатын) учаскелік дәрігер болып еңбек жолымды бастадым. Менің қарым-қабілетіме қарай бағыт-бағдар беріп, дәрігерлік мамандықты таңдауыма ықпал еткен әкеме алғыстан басқа айтарым жоқ. Бала дәрігері болғаныма ешқашан өкінген емеспін. Қазір бағамдасам, дәрігерлік мамандықтағы алғысқа бөлейтін сала – бала дәрігері екен. Өйткені сырқаттанып қалған сәбиді, жасөспірімді емдеп, медициналық көмекті дұрыс көрсетсең, ем-домның нәтижесі бірден көрінеді. Бала ересектердей емес, адамды алдай алмайды. Дене температурасы көтеріліп, ауырып жатқан бүлдіршінге дәрі беріп, денесін сумен сүртіп, қызуын түсірсең, бір сағаттан кейін ол мүлдем сырқаттанбағандай ойнап кетеді. Ал ересектердің арасында интернеттен әр түрлі аурудың симптомдарын қарап алып, «менің ана жерім ауырады, мына жерім ауырады» дейтіндер көп. Қай ағзасы сырқаттанып келіп тұрғанын, жалған немесе шындығын айтып тұр ма, кейде түсінбейсің. Қалалық №2 емхана жаңа ғимаратқа көшкенде (қазіргі «Аутобекет» аялдамасы маңында) осында бөлімше меңгерушісі, кейін бас дәрігер болдым. 1990-1993 жылдар аралығында Орал қалалық денсаулық сақтау бөлімінде шаһардың бас педиатры болып қызмет еттім. Ол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақтығали Ахметұлы болатын. Ол кісі білім-білігімді байқаған шығар маған сенім артып, 1993 жылы Орал қалалық №1 балалар ауруханасының емхана бөліміне бас дәрігер етіп тағайындады. Ол уақытта қалада бір ғана балалар ауруханасы болатын. Тәжірибе жинайтын, жауапкершілігі жоғары лауазым еді. Сеніп тапсырылған қызметті абыройлы атқарып, 2001 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу ісі бойынша орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ол кезде басқарма басшысы Бекет Тельманұлы Мырзахметов еді. Жоспарлы, жүйелі жұмыстар атқарылды. Қызметте аса қажет болып есептелетін ұйымдастырушылық қабілетімнің қалыптасуына жоғарыда есімін атаған денсаулық сақтау саласы майталмандарының ықпалы мол болды. Бүгінде Орал қалалық №2 емханада басшылық қызметті абыройлы атқарып келемін.
Қазір дәрігерлерге өкпесі қара қазандай тұрғындар көп. Айтарым, денсаулық, ең бірінші, адамның өзіне қажет. Жүрегіңіз мазаласа, дәрігердің нұсқауымен дәрі ішесіз, қала берді медициналық мекемеде жеті күн жатып емделесіз. Әрі қарай кардиологтар сізге үйден күтінуге кеңес беріп, дәрі-дәрмек тағайындайды. «Спирттік ішімдік ішпеңіз, темекі тартуды азайтыңыз. Табиғат аясында серуендеңіз. Құнарлы тамақтаныңыз», – дейді. Алайда науқастар көп жағдайда бұл кеңестердің біреуін де орындамай, ауруханаға қайтып келеді. Жалпы «Ауруханада жеті күн жатып емделдім, сырқаттан құлан-таза сауығып шығуым керек» деген қате пікір. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ауырмаудың жолын ұстану керек.
2. Кез келген адам биік белеске, жоғары дәрежеге, ең алдымен, білімінің арқасында жетеді. Білімің болмаса немесе білім-білігіңді, тәжірибеңді дұрыс пайдалана алмасаң, іскерлік қабілетіңді көрсетпесең, басшылық қызмет атқара алмайсың. Адамдармен тіл табыса білу де – өнер. Сондай-ақ кабинетіңе ашуланып, ренжіп келген адамның, мейлі қызметкерің немесе науқас болсын, оның ашу-ызасын тарқатып жіберетіндей, психолог та болуың қажет.
3. Жұбайым Сейіл Сырлыбайұлы облыстық полиция департаментінде қызмет атқарып, полковник шенімен зейнеткерлікке шықты. Бір ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиеледік. Бүгінде олардың да өз шаңырақтары бар. Немере-жиен сүйіп отырмыз. Ұлым әкесінің жолын қуып, Астана қаласындағы полиция департаментінде қызмет етуде. Ол соңғы екі жыл қатарынан «ҚР Ішкі істер министрлігінің үздік анықтаушысы» атанды. Абыройлы еңбек етуде. 2009 жылы тұңғыш немереміз жарық дүниеге көрінгенде, атасы «Мен енді немеремді бағамын» деп зейнеткерлікке шықты. Содан немеремізді 13 жыл бойы өзі тәрбиелеп, былтыр ғана әке-шешесінің қасына Астана қаласына алып барды. Халықаралық әйелдер күні – отбасымыз үшін ерекше мейрам. Бұрын балаларды ілестіріп, гүлімізді, торт-пирогымызды алып, алдымен енеме, содан соң менің анама құттықтап баратын едік. Одан кейін әкемнің Мәруа есімді қарындасын құттықтаймыз. Қазір ата-анамыз бұл фәниде жоқ. Енді балалар, немерелер келіп, бізді қуантып жатады. Мен мерекеде ас дайындап, қуырдағымды, күлшемді пісіріп, жұбайыма дірілдегін (холодец) дайындап, дастарқанымызды жайып, бала-шағамызды күтеміз. Солар келсе, жүре-гіміз жарылардай қуанамыз. Жұбайым да басшылық қызмет атқарған жан. Екеуміз өзара түсіністіктің, сенімнің арқасында қызметті де, отбасындағы күйбең тіршілікті де қатар алып жүрдік. Бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп, білімді, тәрбиелі ұл-қыз өсіруге үлес қостық.

IMG-20230306-WA0263
Жанар Қадырбекова,
Орал қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі:
1. 1977 жылы Ақжайық ауданының Базаршолан ауылында дүниеге келдім. Тайпақ ауылындағы Қ. Байсықов атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Алғашқы еңбек жолым Орал қалалық полиция басқармасында басталды. Көші-қон саласына бағытталған инспектор қызметін атқардым. Құжатсыз жүрген тұрғындарды тіркеп, құжаттандыру, түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүрген азаматтардың жеке куәліктерін тексеріп, пайдалану мерзімі өтіп кетпеуін қадағалау немесе ауыстыру қажет болса, фотоға түсіріп, құжат дайындап беру секілді жұмыстар істедік. 2016 жылы облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы қызметіне тағайындалдым. Кейін сол мекеменің, яғни көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы болсам, былтыр шілде айынан бастап Орал қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Халықпен тығыз байланысты қызмет атқарамыз. Біздің, көші-қон қызметінің мамандары облысқа келген шетел азаматтарын тіркейді, олардың құжаттарын рәсімдейді. Қазақстан Республикасының азаматтығын немесе еліміздің аумағында уақытша тұру туралы рұқсатнама береді. Өз бетімен жүріп-тұра алмайтын зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, пайдалану мерзімі өтіп кеткен жеке куәліктерін ауыстырады. Яғни бізге ҚР Ішкі істер министрлігінен жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен облыс тұрғындарының тізімі келеді. Сол бойынша азамат-азаматшаларға алдын ала хабарласып, халыққа қызмет көрсету орталығына шақырамыз. Денсаулығы бойынша үйден шығу мүмкін болмаса, сала мамандары фотографпен бірге тұрғылықты мекенжайына барып, жеке куәліктерін ауыстыруға құжат толтырады.
Осылайша тұрғындарды құжаттандыру іс-шараларын атқарамыз. Мемлекеттік қызметтердің барлығы ХҚО арқылы жүзеге асады. Ішкі істер құрылымдарында қызмет атқарғаныма биыл 23 жыл болған екен. Осы уақыт аралығында бірнеше мәрте алғысхаттар, төсбелгілер иелендім. «ҚР Ішкі істер министрлігінің үздігі», «ҚР Ішкі істер министрлігінің І дәрежелі үздігі» төсбелгілерімен, облыстық департамент басшысының және облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталдым.
2. Қазақ халқы «Әйелдің қырық жаны бар» деп бекер айтпаса керек. Қыз-келіншектер қызметте де бедел биігіне жетіп, үйде аяулы, қамқор ана, ибалы келін де бола алады. Бастысы, жұбайыңның қолдауы маңызды. Жұбайым Біржан Матаев екеуміз екі перзент тәрбиелеп отырмыз. Қызым Әсем – А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің екінші курс студенті. Шетел тілі мамандығы бойынша білім алуда. Ұлым Әділет Орал қалалық №36 жалпы орта білім беретін мектепте оқиды.
Жасыратыны жоқ, басшылық қызмет атқару нәзікжандарға оңай емес. Әсіресе, ішкі істер саласында, полиция бөлімінде қызмет атқаратын қыз-келіншектердің мінезі салмақты да белгілі бір деңгейде қатал болғаны абзал. Бір салада бірнеше жыл қызмет еткеннен кейін әріптестерің де отбасы мүшеңдей болып кетеді. Әр қызметкердің жұмыс үлгерімдерін, олардың бір-бірімен қарым-қатынастарын қадағалаймын. Отбасыларында келеңсіздіктер болса, ұжым болып қолдау көрсетеміз. Өйткені ұжымның ұйымшыл, тату болуы, алдымен, басшыға байланысты. Қызметкерлердің өміріне, қауіпсіздігіне жауаптымын. Орал қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлі-мінде 16 нәзікжанды, екі ер азамат қызмет атқарады. Олардан жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды талап етемін.
3. Халықаралық әйелдер күнін, Жаңа жылды және туған күндерді отбасымызбен ерекше етіп тойлауға тырысамыз. Халықаралық әйелдер күнінде қызым екеумізге жұбайым мен ұлым сыйлық жасайды. Көбіне жаңа сөмке сыйлайды. Біз өз кезегімізде дәмді тағамдар пісіріп, дастарқанды жайнатып қоямыз.
Қандай қызмет атқарсам да, үйде адал жар, аяулы ана екенімді қаперден шығарған емеспін. Қазақтың әр қызы бақытты да абыройлы, беделді болса екен деймін.

IMG-20230306-WA0262
Саягүл Ғалиева,
Тасқала ауданы,
Аманкелді ауылының әкімі:

1. Мен 1988 жылы 25 қыркүйекте Тасқала ауданының Ақтау ауылында дүниеге келдім. Оқушы кезімнен-ақ болашаққа мақсат қойып, көп армандайтынмын. Ең бірінші арманым – орта мектепті үздік аяқтап, еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында қалаған мамандығым бойынша білім алу еді. Елордадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша оқуға түстім. Еңбек жолым Тасқала ауылында басталды. «Жастар практикасы» бағдарламасымен аудан әкімі аппаратында бас маманның көмекшісі қызметіне кірістім. Содан 2012 жылы Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі қызметіне тағайындалдым. Алты жыл есепші болып қызмет атқарған кезде «есепшімін» деп бір кабинетте отырмай, ауылдық округ әкімімен, оның орынбасарларымен іссапарларға шығып, жұмыстың бағытын білдім. Тұрғындармен кездесіп, толғандыратын мәселелерін анықтадым. Уақытпен санаспай еңбек еттім десем де болады. Кейін 2017 жылы Тасқала ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ауыл әкімінің орынбасары қызметін үш жыл атқарған кезде халықпен жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Бұл қызмет маған өмірлік мектеп болды. 2020 жылы Аманкелді ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланып, бүгінде ауылдың көркеюіне үлес қосып келемін. Қызметке кіріскелі демеушілердің көмегімен ауылымыздың кіреберісінде 26 бағанаға шам орнатылды. Демалыс аллеясы, жазғы демалыс орны жабдықталды. Алма бағы егілді. Онда 350 түп алма-алмұрт өсуде.
2. Қыз-келіншектердің кез келген қызметте жоғары лауазымға қолжеткізуі үшін ер-азаматтарға тән мінез-құлық болуы керек. Әсіресе, әкімдік қызметте осал болуға хақың жоқ. Ер адамдарша шорт кесіп, шешім қабылдайтын сәттер жиі болады. Ауыл тұрғындары үйінде оқыс оқиға, төтенше жағдай орын алса, бірден маған хабарласады. Мысалы, былтыр күз мезгілінде түнгі сағат 03.00 шамасында аманкелділік тұрғынның моншасы, жазғы сарайы өртенді. Адамдар шырт ұйқыда жатыр. Содан үйдің иесі келіншек қатты қорыққан болуы керек маған жылап хабарласты. Ұйқым шайдай ашылып, өрт сөндірушілерге звондадым да, ауылдың ер-азаматтарын ұйымдастырып, өрт шыққан үйге жедел жеттік. Таң атқанша өртті сөндіріп, өрт сөндірушілер келгенше күттік. Сол секілді кез келген уақытта атқа қонуға дайын тұрамыз. Ауылдық жерде әкім өрт сөндіруші де, дауласқан көршілерді, ауыл азаматтарын татуластыратын бітімгер де, психолог та, ауылдың көркеюі үшін демеуші тартатын шешен де іскер болуы қажет. Көздеген мақсатыңа жету үшін әр адамның бойында еңбекқорлық, табандылық, төзімділік, адамгершілік қасиеттер болуы керек.
3. Халықаралық әйелдер күні барлық қыз-келіншек үшін ерекше мейрам ғой. Мен де бұл күнді ерекше күтемін. Анама, әпкелеріме сыйлық алып, құттықтап барамын. Бауырларым сыйлық алып келіп жатады. Негізі, бауырларыма сыйлықты көбіне мен беремін. Маған алып беремін десе, «Ақшаңды өзіңе жарат, менде бәрі бар» деймін. Жалпы соңғы уақытта олар маған кітап және иіссу сыйлап жүр. Ал мен мерекеде оларға дастарқан жайып, ас дайындап, дәмді-тәтті тағамдар пісіріп күтемін.

Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале