Үлкен-кішіге мәлім, біздің газетте балалар шығармашылығына арналған «Айналайын» деген арнайы бет бар. «Айналайынды» 2002 жылдан бері бас редакторымыз Бауыржан ағайдың өзі шығарып келеді. Бұл бетті балдырғандарға қоса, ата-аналар мен бастауыш сынып мұғалімдері де жақсы көреді, асыға күтеді. Ал балғын оқырмандар Бауыржан ағайды «Айналайынның» атасы» деп атайды.

Өткен бейсенбіде Орал қаласындағы №45 мектептің бастауыш сынып оқушылары «Айналайынның» атасы – Бауыржан Ғұбайдуллинмен жүздесті. Бұл кездесуді аталмыш білім ошағының бастауыш сынып мұғалімдері ұйымдастырды.
Мектеп директоры Әлима Төреғалиева шақырулы мейманға қош келдіңіз айтып, балалар әдебиетінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып өтті.
– Сізбен бүгінгі кездесуді ұйымдастыруымыздың басты себебі – сіздің балаларға арналған шығармаларыңыз бен әдеби еңбектеріңіз. Сіз балаларға тек қызықты әңгіме жазып қана қоймай, оларды ізгілікке баулудасыз.

Балалар, біз осы атамыздың кейіпкерлерінен үлгі алып, үлкенді сыйлауды, әдептілікті, жауапкершілікті және ұқыптылықты санамызға сіңірейік, – деді мектеп басшысы.
Мектеп қабырғасында өткен әсерлі кездесу балдырғандар үшін нағыз мерекеге айналды.
Жеткіншектер жазушының «Жиһанкез Ақкербез» кітабындағы «Құтжол» және «Ойыншықтар көтерілісі» әңгімелерін сахналай отырып, кейіпкерлер әлеміне енді. 4-сынып оқушылары Аяулым Болат пен Саян Қожабергенов тақпақтарды мәнерлеп оқып, тәнті етті.

Әдеби шараның көркін 3-сынып оқушылары қойған шағын спектакль аша түсті. Олар Бауыржан Ғұбайдуллин қазақ тіліне аударған Николай Носовтың «Фантазеры» (қазақша нұсқасы «Қырық өтірікшілер») шығармасы бойынша қызықты қойылым ұсынды. Әділ Жеңіс, Әлихан Бауыржан және Омар Асхатұлы өз кейіпкерлерін шынайы сомдап, көрермендерді бірде күлдіріп, бірде ойға батырды.

Балалардың актерлік қабілеті, шығарманы ұғынуы және нанымды жеткізуі қаламгерді сүйсінтті. Жас құрақтай балауса ұл-қыздардың табиғи өнері мен жазушының тартымды әңгімесі бұл шараны бәрінің жадында сақталатын шуақты естелікке айналдырды. Әдеби жүздесу барысында балдырғандар жұмбақтар шешіп, тапқырлықтарымен қуантты.
Б. Ғұбайдуллиннің «Менің Қызылжарым» атты цикл өлеңдерін №45 мектептің мұғалімдері әсерлі оқыды. Шараның ажарын Зина Оңғарбаева мен Қанзия Неталиева бастаған мұғалімдердің орындауындағы «Биленбеген вальс» әні аша түсті. Бұл әнді жазушының «Биленбеген вальс» әңгімесі желісінде өлеңін ақын Талғат Мықи, ал әуенін ақын Орынбек Меңдіқұл жазған.

Балалар «Орал өңірі» газетінде өздеріне арналған «Айналайын» бетінің не себептен ашылғанын сұрады.

Бауыржан ағай: – Балалар өздері қызығып оқитын мазмұнды дүниелерге мұқтаж. «Айналайын» бетінің ашылуына осы мәселе негіз болды, – деді. Сондай-ақ «Бізге арнап тағы кітап жазасыз ба?» деген сұраққа: – Мен балдырғандарды да, балалар әдебиетін де қатты жақсы көремін. Әрине, өздеріңе арнап әлі де кітап жазамын. Өйткені, мен сендерді қуантуға құштармын! – деп жауап берді жазушы.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»